Сырдың саңлақ батыры
Шіліңгір шілденің үшінші жұлдызында «Барыс-Арена» мұз сарайында Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен ХІ «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өтті.
Дәстүрлі турнир елде ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау мен Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын атап өту мақсатында ұйымдастырылды. Одан бөлек қала күнін мерекелеу және балалар жылы аясында жастарды ұлттық спортпен шұғылдануға тарту, олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатында жүзеге асырды.
Турнирдің құрметті қонақтары ретінде Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы, «Қазақтелеком» АҚ басқарма директоры Қуанышбек Есекеевтер қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.
Қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты биылғы турнир «бүк» ұпайынсыз өтті.
Финалдық кездесуде қызылордалық Мақсат Исағабылов маңғыстаулық Н.Жарылғаповпен күресті. Сырдың батыры қарсыласын 1 минут 52 секундта таза жеңіспен жықты. Оның салмағы 120 келі, ал қарсыласының салмағы 148 келіге тең.
Биылғы «Қазақстан Барысы» атанған Сыр өңірінің балуаны Мақсат Исағабылов айқын басымдылықпен жеңіске жетіп, 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен ауыспалы алтын «тайтұяқты» еншіледі. Күміс жүлдегер Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғаповқа – 5 500 000 теңге және қола жүлдегер Жамбыл облысының балуаны Ғалымжан Қырықбайға – 1 800 000 теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталды.
Жалпы сырдың саңлақ батырына келер болсақ, М.Исағабылов 1994 жылдың 17 қарашасында Қызылорда облысында дүниеге келген. Анадан алып туған оның бойы 184 сантиметр болса, салмағы 120 келі.
Бұған дейін қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған.Серік АҚМЫРЗА