Дәстүрлі турнир жалғасын тапты
21-23 қыркүйек күндері Әйтеке би кентінде мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен кадеттер арасындағы ХІІІ халықаралық турнирі өтті.
Турнирдің басты ұстанымы – мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алып, ұлағатты тұлғаны ел есінде мәңгі сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау, жас балуандардың спорттық шеберлігін арттырып, грек-рим күресін дамыту және оларды патриоттық сезімге тәрбиелеу болып табылады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан балуандар бәсекесінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімов, облыстық күрес түрлері федерациясының вице-президенті Айтбай Көшербаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Жарыс №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінің жаңа спорт залында өтті. Турнирге қатысушы командалар мен спортшылар саны жыл сайын артып келеді. Қазақстан облыстарынан өзге Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресей мемлекеттерінен және Дағыстан елінен жас балуандар қатысты. Мұнда сайдың тасындай 300-ден астам спортшы классикалық күрестің көрігін қыздырды. Үш күнге созылған аламан күресте балғын балуандар 10 салмақ дәрежелері бойынша күш байқасты.
Нәтижесінде, турнир үздіктері мен жеңімпаздары арнайы дипломмен марапатталып, ұйымдастырушылар атынан қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Ғалымжан АЛДАМЖАРОВ