Балғын балуандар бәсекесі
Жуырда ауданда жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық спортты дамыту мақсатында жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудандық ХІІІ «Алтын белбеу» жарысы өтті.
№17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен спорттық шараны аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов ашып беріп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Қазалы ауданының әкімдігі мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген сайыста 2002-2004, 2005-2006, және 2007-2008 жылы дүниеге келген жасөспірімдер түрлі салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Сайыс қорытындысы бойынша жарысқа қатысқан 140-қа жуық спортшының ішінен 34 балуан өз салмағында жеңіске жетіп, спорттық шараға жиылған көрерменді тәнті етті. Сонымен қатар жеңімпаз спортшылар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің мақтау қағазы және медальдарымен марапатталды.
Айта кетейік, сайыс қорытындысы бойынша өз салмағында жеңімпаз болған балуандар мамыр айының 3-5 аралығында өтетін облыстық «Алтын белбеу» жарысында ауданның құрама командасы атынан бақ сынайтын болады.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат