Еске алу турнирі
Бекарыстан би ауылында Жастар жылы аясында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас мемлекеттік қызметкер, марқұм Ербол Нұрғалиұлы Сансызбаевты еске алуға арналған қазақ күресінен үшінші аудандық ашық турнир өтті. Спорттық шараның өз дәрежесінде өткізілуіне Ерболдың туған-туыстары, ауыл әкімі аппараты мен сыныптас достары қаржылай демеушілік жасады.
Турнирдің ашылуында Майдакөл ауылдық округінің әкімі Ғ.Зинадинұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Садуов, ауылдық жастар ұйымының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Б.Ізмағанбетов, туыстары атынан Б.Сансызбаев, ұстазы М.Елбосын сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Боз кілем бәскесіне аудан көлемінде қазақ күресін жанына серік еткен балуандар келіп, күш сынасты. Жарыс екі салмақ дәрежесінде өткізілді. Нәтижесінде 70 келіге дейінгілер арасында бірінші орын Бекарыстан би ауылынан қатысқан Талант Қызылшалыға берілді. Екінші, үшінші орынды әйтекебилік Данияр Оралбаев, Ерлан Бақытбек өзара бөлісті. Ал «Түйе палуан» атану үшін бағы мен бабы қатар шапқан спортшылар ішінен Қазалы қаласынан келген Есен Қаныш бірінші орын тұғырына көтерілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтар мен естелік кубоктар табыс етілді.
Ақылбек СҚАҚОВ,
Бекарыстан би ауылы