Әйтеке би кентінің шет аумағында жаппай тазалық шарасы ұйымдастырылды
Бүгін аудан орталығы – Әйтеке би кентінің шеткі аумақтарында жаппай тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.Тазалық шарасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясы аясында өткізілді. Негізгі мақсат – елді мекеннің санитарлық тазалығын сақтау, қоршаған ортаны абаттандыру және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру.
Кенттегі тазалық жұмыстары Қазақ қорымы аумағындағы Әбдіраман Елубаев көшесінің бойында жүргізілді. Шараға мекеме-кәсіпорындардың ұжымдары, тұрғындар белсенді қатысты.
Тазалық шарасы барысында аумақта шашылған күл-қоқыстар жиналып, ретсіз өскен шөптер шабылды. Жиналған қоқыстар арнайы орындарға шығарылып, аумақ санитарлық талаптарға сай тазартылды.
Тазалық жұмыстарына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов та қатысып, көпшілікпен бірге аумақты тазалауға атсалысты.
Жалпы шараға мекеме ұжымдарынан 300-ден астам адам қатысып, 3 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 20 тоннаға жуық қоқыс арнайы орындарға шығарылды.
Тазалық – бір күндік науқан емес, қоршаған ортаға деген ортақ жауапкершілік. Осы бағыттағы жұмыстар аудан аумағында тұрақты түрде жалғасын табады. Барша аудан тұрғындарын туған жердің тазалығына бірге атсалысуға шақырамыз!














