Медициналық нысандар мен тегін дәрі-дәрмек: Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер
Қазақстанда соңғы жеті жылда азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1 трлн 284,8 млрд теңге жұмсалды.
Фото: depositphotos.com
Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 259 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Оның 800-ден астамы соңғы үш жылда ашылған.Медициналық көмектің қолжетімділігі тұрғындардың медициналық ұйымдарға қаншалықты жақын орналасқанына байланысты. Емхана мен дәрігерлік амбулаторияның жақын болуы ауруды ерте анықтауға, уақытылы тексеруден өтуге және аудандық немесе облыстық орталыққа баруға кететін уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты медициналық инфрақұрылымды дамыту Денсаулық сақтау министрлігінің басым бағыттарының бірі болып отыр.Соңғы жеті жылда елде 32 аурухана, 19 емхана, 1 196 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт, үш ұлттық ғылыми медициналық орталық және қан орталықтары мен оңалту орталықтарын қоса алғанда, өзге де тоғыз ұйым ашылды.
Ауылдық жерлерде 655 медициналық нысан салынды
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 655 нысан салынды. Нәтижесінде 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық мекемесіне ие болды. Ал ауылда тұратын шамамен 1 миллион адамға медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алу мүмкіндігі жасалды.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық, Алматыда 350 төсек-орынға арналған Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығы салынды.
Өңірлерде де жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілді. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауылындағы аудандық аурухананың, Риддер қаласындағы көпбейінді аурухананың және Ақтаудағы жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысы аяқталды. Алматы облысының Ұзынағаш және Нарынқол ауылдарында ауысымына 250 адам қабылдайтын екі емхана салынды.
Медициналық инфрақұрылымды дамыту жалғасады
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында саланы одан әрі жаңғырту көзделген. Құжат аясында заманауи көпбейінді ауруханалар салу, медициналық ұйымдарды жобалауда халықаралық стандарттарды енгізу жоспарланған.
Сонымен бірге 2030 жылға қарай денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін 30%-ға дейін, ал бейімделген ғимараттардың үлесін 25%-ға дейін төмендету міндеті қойылған.
Жаңғыртудың негізгі мақсаты – медициналық көмекті елдің әр тұрғынына барынша жақындату және қала мен ауылдағы денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі арасындағы айырмашылықты азайту.
Тегін дәрі-дәрмекке бөлінетін қаржы 3,3 есе өсті
Қазақстанда соңғы жеті жылда азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1 трлн 284,8 млрд теңге жұмсалды. Жыл сайын шамамен 3 миллион пациент қажетті дәрілерді тегін алады.
Дәрі-дәрмекпен уақтылы емделу, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін маңызды. Қажетті препараттарды тұрақты қабылдау аурудың асқынуының алдын алуға, жағдайды бақылауда ұстауға және шұғыл ауруханаға жатқызу қажеттілігін азайтуға көмектеседі. Сондықтан тегін дәрі-дәрмектің қолжетімділігі – мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің маңызды бөлігі.
2019–2025 жылдары тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы 3,3 есе артты. 2019 жылы бұл мақсатқа 83 млрд теңге бағытталса, 2025 жылы қаржы көлемі 272,9 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде тегін дәрі алатын азаматтардың саны 2,5 миллионнан 3,4 миллионға дейін өсті.
2026 жылы дәрі-дәрмек сатып алуға 584,1 млрд теңге жоспарланған
2026 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудың жалпы жоспары 584,1 млрд теңге болып бекітілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 9,6%-ға көп.
Сонымен қатар дәрі-дәрмек сатып алу жүйесі жетілдіріліп жатыр. Отандық 66 дәрілік препараттың бағасы төмендетіліп, бюджет қаражатының 10,3 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік туған.
Отандық және шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алу тәжірибесі де кеңейіп келеді. 2026 жылы тікелей келісімшарттар арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 404 атауын сатып алу көзделген. 2025 жылы бұл көрсеткіш 182 атау болған.
Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық кеңейіп келеді
Дәрі-дәрмек сатып алу кезінде халықаралық ұйымдармен де ынтымақтастық жүргізіледі. Биыл БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), ЮНИСЕФ және туберкулезге қарсы күрестің халықаралық тетіктері арқылы 32 атаудағы дәрілік затты сатып алу жоспарланған. Былтыр бұл көрсеткіш 23 атау болған.
Мемлекеттің негізгі міндеті – тегін дәрі-дәрмек алуға құқығы бар әр пациенттің қажетті препараттарды уақытылы алуын қамтамасыз ету. Бұл ретте азаматтардың қай өңірде тұратынына қарамастан, дәрілік көмектің қолжетімді болуы маңызды.













