Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Темекіге тәуелділік түбімізге жетпесін

Темекіге тәуелділік түбімізге жетпесін

Бірде кешкілік үй маңайындағы дүкенге бас сұқтым. Дүкенге кіргенім сол-ақ екен, мына бір жағдайға куә болдым. Касса алдында тұрған 14-15 шамасындағы бозбала сатушыдан темекі беруін сұрады. Сатушы баланың бетіне бір қарады да, сұрағанын сөреден алып бере салды. Осы жағдайды анадайдан бақылап тұрған мен дүкеншінің жанына аяңдай беріп: «Кәмелетке толмағандарға мұндай заттар сатылмаушы еді ғой» деп өзімше күбірледім. Сөзімді естіп тұрған сатушы: «Ол бала өзіне сатып алып жатқан жоқ, әкесі жұмсаған ғой» деп ақталды. Мен де «жарайды» деген сыңай танытқан болып, алған затымның ақшасын төлеп, дүкеннен шықтым да үйге қарай беттедім. Әлгі бала біздің көше бойымен қолындағы темекісін будақтатып кетіп бара жатыр.
– «Ау, жаңағы сатушы әкесіне алды дегені қайда? Мынауың ештеңеден именбейді ғой» деп өз-өзіммен сөйлесіп келе жатып, үйге жетіп қалғанымды да аңғармай қалыппын. Сол күйі шылым шеккен бала мен рұқсатсыз шылым сатушының әрекеті ойымнан кетпей, еріксіз ойға шырмалдым. Неге біз мұндай нәрселерге немқұрайлы қарайтын болғанбыз? Осы арқылы баланы темекіге тәуелді етіп жатқан жоқпыз ба? деген ой келді. Ендеше тақырыпқа тұздық болған мәселе жөнінде тарқатсақ...
Бүгінде темекіні үлкендермен қатар балалар да тұтынады. Қаланың бұрыш-бұрышында, көше бойынан да топтасып темекі шегіп тұратын балаларды жиі кезіктіресің. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, елімізде 13-15 жас аралығындағы әрбір үшінші жасөспірім темекі тартатын көрінеді. Балалар бастапқыда бұл өнімге әуестік танытып, кейін тәуелді болғанын өздері аңғармай қалып жатады. Бүгінде бұл зиянды өнімге тәуелділер санының артуына көбіне теледидардағы, қала берді әлеуметтік желілердегі еріксіз еліктіретін жарнамалар себеп болып отыр. Соған сәйкес бұл коммерциялық өнімге сұраныс та көбейген. Бірақ өндірушілер мен оны сатушылар мұндай заттың адам денсаулығына кері әсерін неге ескермейді. Осындай да «қоғамдық орындарда темекі тартуға және оны жарнамалауға толықтай тыйым салынады деген заң қайда қалды?» деп ойланасың.
Темекіге әуестіктің соңы денсаулыққа айтарлықтай қауіп екенін баршасы біледі. Бірақ соған қарамастан оны тұтынуын тоқтатар емес. Дәрігерлер де қолданыстағы бұл заттың зияндығы жайында жиі айтып, дабыл қағып жүр. Тіпті адам өмірін біршама жасқа қысқартатындығынан да жұртшылық хабардар.
Жалпы әлемде темекінің салдарынан 13 минут 13 секундта 1 адам, әрбір 65 секундта 5 адам қайтыс болады екен. Арнайы сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, темекі тарту өкпе обырына, жүрек талмасына, қан қысымының жоғарылауына, дәм мен иіс сезу мүшелерінің қабынуына, терінің ерте қартаюына, бауырдың қабынуына, диабет, құлақ мұрын және арқа және бел ауруларына әкеп соқтырады. Бірақ бұл келтірілген зерттеу нәтижелері мен дәйектемелердің адамдарға әсер етіп жатқаны шамалы. Сонда қайтпек керек?
Ең алдымен темекіден болатын қауіп-қатердің алдын алуда мақсатты айқындап алған дұрысырақ. Қоғамдық күрес нақты іс-әрекеттерге негізделіп, түбегейлі тосқауыл қоюға мүдделі болса, темекі салдарынан туындайтын дерт пен өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік алған болар еді. Ата-ана баланы зиянды дүниелерден алыс ұстағысы келсе, ерте жастан-ақ алдын алудың қамын жасағаны абзал. Білім беру ордаларында ақпараттық сағаттар жиі ұйымдастырылса, теріс әсері туралы нақты фактілерді ұсыну арқылы баланың темекі шегуге қарсы көзқарасын қалыптастырған болар едік.
Сондай-ақ тұрғындарға «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуі қажет. Әсіресе мониторингтік топтар сауда орындарында үздіксіз бақылау жасап, орын алған заң бұзушылықтардың салдары туралы құлағдар етер болса, темекіге тәуелділіктің алдын алған болар едік. Дегенмен сатушыларға қанша ескертпелер берілсе де, көбіне тек тауарының өтуін ғана ойлап, мұндайға ат үсті қарайтын жағдайлар аз кездеспейді. Сондай орын алған оқиғаның біріне Дәмегүл есімді тұрғын куә болғанын айтты.
– Жақында жұмыстан қайтар жолда дүкенге соқсам, 7-8 класс оқитын бала темекі сатып алып жатыр екен. Дүкен иесі ақшасын алып, менің көзімше кассаға салды. Сатушы өзінің ісіне мүлдем қымсынып тұрған жоқ. Бозбала дүкеннен шығып, қолындағы темекісін дүкен жанындағы аялдама тасасында тұрған достарына берді. Дүкеннің терезесінен аңтарылып қарап тұрған едім, сатушы маған «Не алатын едіңіз?» деді. Мен қасына жақындап, тізімдегі заттарымды алып болып: «Сіз неге әлгі балаға темекі саттыңыз, заң бұзушылыққа жол бердім деп қорықпайсыз ба? Кәмелет жасына толмаған балаларға мұндай затты сатуға болмайтынын білмеуші ме едіңіз?» дедім. Ал ол болса, «Сіздің нендей шаруаңыз бар? Ол сұрады, мен сұрағанын бердім» деді міз бақпастан. Сатушының іс-әрекетіне ызаланған мен: Егер сіздің де сол шамалас балаңыз дүкеннен темекі алып жатса, осылай немқұрайлылық танытасыз ба? деген сөзімнен соң ғана сатушы өз ісіне ұялғандай сыңай танытты. Саудагерлерге қазір тек саудасы жүрсе болды. Бүгінде хакім Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген нақыл сөзі керісінше көрініс тауып жатқандай, – дейді тұрғын.
Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 133-бабына сәйкес, 21 жасқа толмағандарға темекі және темекі өнімдерін сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет заң бұзғаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін, ал заң бұзушылық қайталанса, онда 30-дан 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал темекі және темекі өнімдерін сату жөніндегі заңнама талаптарын, оларды белгіленбеген орындарда тұтынуға салынған тыйымды бұзғаны, заңсыз жарнамалағаны үшін әкімшілік айыппұл мөлшері 30-50%-ке ұлғайтылды. Сонымен бірге автокөлікте балалар отырған кезде шылым шеккені үшін 10-нан 20 АЕК дейін айыппұл көзделген.
Шылым шегу бүгінгі қоғамның айықпас дертіне айналған. Мұнымен күрес бүгіннен басталмаса ұлт болашағына үлкен қауіп төнгелі тұр. Біздің ертеңіміз – бүгінгі балалар. Ендеше темекі енді өсіп келе жатқан жас өскіннің бұтағына бекіп, түбіне жетпесін десек, оған тәуелді болудан сақтанайық.

Арайлым ЖҮСІПОВА
25 маусым 2022 ж. 516 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031