Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тосын таныстық

Тосын таныстық

Мектеп бітіріп, Сырдың бас қаласына алғаш қадам басуым. Ауылдан келген бір топ жігіт болып жалдамалы пәтерге жайғастық. Бірнеше күн өткен соң кенеттен түнгі екі жарымдар шамасында даладан қыз баланың шыңғыра жылағаны шырт ұйқыда жатқан мені оятып жіберді. Бейтаныс жанның даусынан қайтадан көз іле алмай, «тоқтататын болар» деп жата бердім. Ішімнен «мына аруға не көрінген, түн жарымда даланы басына көтеріп, жын ұрған ба?» дедім.
Әрі-бері аунақшып, тыныштық таппай, ақырындап қылтимаға қарай жақындадым. Сондағым есікті ашып, бейтаныс қызды айқай астына алу. Алайда қылтиманың есігін аша бергенім сол-ақ екен, ол «Анашым мені кімге сеніп тастап кеттің?» деп еңіреді. Аяқасты денем суып, тас төбемнен біреу салқын су құйғандай күй кештім. Тұрған жерімде тырп етпей, «Еее, бейшара анасынан айырылған екен ғой?!» дедім іштей. Әрі қарай не айтатынын күтіп, артық іске бармасын тілеп тұрдым. Қыздың көзінен пора-пора жас ағып, «Анажан, қайдасың, мені алып кетші» деуін тоқтатпады.
Артынша аптығы бәсеңдеп, сол маңайдағы бағананың жанына жантая кетті. Мен орнымнан тапжылмай бейтаныс аруға көз алмай қараумен болдым. Бір жағынан аяныштан абдырап, көмектесудің жолын ойлап, жанымды қоярға жер таппай барамын. «Не болса да жанына барайын, мүмкін бір көмегім тиіп қалар» деп асығыс киіндім де, далаға шықтым.
Бағанаға жақындағанда не айтарымды білмей үнсіз тұрып қалдым. Оның қиналып отырғанын көріп, «Қарындас, мұңаймаңыз! Барлығы Жаратушының қалауымен болады, анаңыздың жаны жәннатта болсын!» дедім. Кенет жанымызға неміс көлігі тоқтап, ішінен жас шамасы елуден асқан әйел түсті. «Қызым-ау, мен саған ешқайда кетпе, жанымда жүр демеп пе едім?» деді де, қолынан ұстап көлікке қарай алып кетті. Мен сасқанымнан «Сіз кімсіз, қайдан келе жатырсыз?» деп едім, «Тойдан шығып едік, қызымды таппай қалдым» деп көлікке мініп кете барды. Ұялғаннан екі бетім қызарып, еріксіз күлдім. Міне, осылайша түн ортасында түсініксіз оқиғаның куәсі болдым.
***
Арада біршама уақыт өтті. Төртінші курсқа аяқ басып, диплом алудың қамына кірістім. Бұл жолы қытымыр қыс қылышын сүйретіп, Қызылордаға ерте келді. Аяқасты күннің салқындағанына дайын болмағаным соншалық, екі жыл бұрын туған күніме анамның сыйлаған қара күртесі мен туфлиін ­тастамаппын. Тіпті ескіріп, туфлиімнің тігісі кетейін деген екен. Шіркін, сонда да ыстық болып тұр. Не керек, таң атысымен базар аралап, бастан-аяқ киім алуға бекіндім. Бірнеше дүкенге бас сұғып, аяқ-киім таңдап жүріп, кезекті біреуіне кіргенімде сатушы қыз көзіме оттай басылды. Бірақ қайдан көргенімді есіме түсіре алар емеспін. Дымымды білдірмей жайлап етік қарауға кірістім, ара-тұра көзімнің қиығын әлгі аруға салып қоямын. Кенет жерден жеті қоян тапқандай қызға қарап «Әй, сен анау жылауық қыз емессің бе?» дедім. Айналамдағы адамдар маған жалт қарады. Ал сатушы қыз маған бажырайды да қалды. Әдеттегіше тағы да екі бетім қызанақтай болып қызарды.
Дүкен ішін аралап жүріп, кештің қалай батқанын да байқамаппын. Адам аяғы басылғаннан кейін ақырындап таныс қызға қарай жақындадым. Өзімді таныстыра бастап едім, «Сізді танып тұрмын» деп қысылған сыңай білдірді. Жанарын төмен салып, асығыс киімдерін жинап: « Жабылатын уақыт болды» деді. Тезірек етіктер жинаулы тұрған сөреге қарай жүгіре жөнеліп, қолыма ілінгенін кассаға қарай алып бардым. Есептесіп тұрып арудан көз алмай, оның өзіме ұнап бара жатқанын байқадым. Сәл жымиып «Есіміңіз кім?» деп сұрадым қыздан. Ол да аңғал жүзіме бір қарап: «Есімім – Шамшырақ». Өз атымды айтып қолымды созып едім, етігімді қолыма ұстатты. «Сау болыңыз, келіп тұрыңыз!» деп кері бұрылды. Сасқанымнан сыртқа шығып, үйге қарай ақырын аяңдап келемін. Әлгі жүзі келіскен сұлу бір сәт есімнен кетер емес.
Қайта баруға ұятым жібермей тұрғаны, әйтпесе жақынырақ барып, шығарып салатын едім. Құрығыр болмады. Ойыммен өзімді-өзім жеп барамын. Кері бұрылып дүкенге жүгіре жетіп, Шамшырақты есік алдынан күтіп алуға асықтым. Жетіп барғаным сол еді, ол да есікті құлыптап жатыр екен. Мені көрген бойда мән бермеген сыңай танытып, еңсесін биік көтерді де, жанымнан өтіп кетті. Шіркін десеңші, әтірі тура менің анамның иіссуының иісін мұрныма алып келді. Дереу Шамшырақты тоқтатып, үйіне дейін жеткізіп салатынымды айтып едім, бетімді қайтармады. Жолай сол жолы жылағанын айтып бір күліп алдық. Өзі менен төрт жас кіші, Алматыда бірінші ­курста оқиды екен. Анасының өтінішімен оқудан сұранып қалаға келген. Әне-міне дегенше Шамшырақтың үйіне де жеттік. Дүкен мен үй арасы алыс емес болып шықты.
***
Қызу әңгіменің қызығына түсіп, есік алдына жақындай беріп едік дарбазаның есігі ашық-шашық, айнала қаптаған адамдар. Шамшырақтың жүзі бозарып сала берді. «Анашым» деген жан даусы шығып, үйге қарай жүгіре жөнелді. Одан кейін Шамшырақты көрмегелі бір жыл өтті. Іздестіргендей болғам, бірақ таппадым. Сол кезде не жағдай болғанын сұрауға болатын. Өзім «анасы о дүниелік болған шығар» деп топшыладым. Бірақ олай болмауы да мүмкін.
Дипломды қолға алып, жұмысқа орналастым. Қасиетті Рамазан айында ауызашарға әріптестермен мейрамханаға баратын болып келістік. Жұмыс уақыты бітіп, белгіленген орынға кіріп, арқа-жарқа әңгіме айтып, алдағы жоспарларды реттестірдік. Бір кезде үстел жанына «неге тапсырыс бересіздер?» деп қолына тамақ мәзір тізбегін ұстаған қыз келді. Иә, мен ұнатқан Шамшырақтың тура өзі. Жүзі шуақ шашып, күлімсіреп тұр. Көз алмай қараумен отырғанымда айналамдағылар тапсырыс беріп үлгерген екен. Бәрі маған қарап «ауыз ашуға асықпайтын сияқтысың ғой» деді. Елең ете қалып, мырс етіп күлдім де, мәзірді алып Шамшырақтан әзірге су әкеліп беруін өтініп, қалған тапсырысты кейінге қалдырдым.
Отырыс аяғы таяды. Қайтудың қамын жасап, жинала бастадық. Сыртқа шығып, бейжай кетіп қала алмадым. Шамшырақтың халін сұрап-білуге тоқталдым. Барлығын қайтарып, есік алдындағы орындыққа жайғастым. Жұмыс уақыты бітіп, Шамшырақ далаға шықты. Алдынан күтіп алып, аялдамаға қарай жүрдік. «Ұмытып қалмаған боларсың?» деп жағдайын сұрадым. Ол бұрынғыша ашылып әңгіме айтпай қашқақтай берді. Турасынан өзіне мені ғашық еткенін баяндап, жанымда жүруін өтінгенмін, болмады. Жақында басқа жаққа кететінін айтты. Отбасы Алматы қаласына қоныс аударып жатыр екен. Ұстап қалу менің қолымда болса ғой шіркін, бірақ амал жоқ қимастықпен қоштасуға тура келді. Шамшырақ әуел баста кезіктіргендей көзіне жас алып, аялдамаға тоқтаған неміс көлігіне мініп кетті. Айтпақшы, анасы келместің кемесіне мінген екен. Осылайша бағана түбінде жолыққан бақ бұйырмай, өз жолын тапты.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
07 сәуір 2020 ж. 864 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 69

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930