Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқуға құштар құлыншақ

Оқуға құштар құлыншақ

Осы уақытқа дейін білім саласындағы инновациялық жобаларды жандандыру, балалардың оқуға қызығушылығын арттырып, ғылымға елітуге бағытталған «Серіктес директорлар» лигасы үздіксіз өткізіліп келеді. Соның арқасында аудандағы ондаған мектеп балалардың ғылыми ізденісіне, көтеріңкі көңіл-күйіне оң әсер ете алды. Ал кеше Қ.Күлетов атындағы №92 мектепте семинардың жартыжылдық қорытынды жиыны өтті.
Жергілікті білім беру ұйымдарының директорларын Құмжиек ауылына Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов бастап барды. Меймандарды республикалық конкурстардан жүлделі оралып жүрген «Керім-ай» бишілер тобы қарсы алып, ерекше әсерге бөледі. Шара басталмас бұрын ауданның бас ұстазы «Серіктес директорлар» лигасының жетістіктері жайында пікір білдірді.

– Жауапкершілігі мол, ауқымы кең жобаны ауданда өткізу туралы ой келгенде сенімсіздік болғанын жасырмаймын. Сіздердің, ұйымшыл балалардың ізденісінің арқасында инновациялық жобаларды дамыту бойынша мол тәжірибе жинадық. Жақында Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектепте өткен семинарға аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы қатысқанын білесіздер. Бүлдіршіндер ғылыммен айналысып отырғанын көрген аудан басшысы да, басқа аудандағы, облыстағы әріптестеріміз де таңданыстарын жасырмай, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бұл жобаның сәтті іске асқанын білдірсе керек. Бүгінгі жартыжылдықтың қорытынды семинары да тың жаңалықтарға толы болады деп сенемін, – деді Ә.Оңдасынұлы.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Күлетовтың есімі берілген мектеп оқуға құштар құлыншақтарға бай. Мұндағы кітапхана Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасымен екіжақты келісімге қол қойған. Соның арқасында веб-сайт арқылы балалар Нұр-Сұлтан қаласындағы білім кенішіне еркін бойлап, көп жерде кездесе бермейтін кітаптармен таныса алады. Мектеп сайтына электронды әдебиеттер енгізіліп, үйде отырып кітап оқуға мүмкіндік қарастырып қойған. Бұдан бөлек бүлдіршіндері аудио-ертегілер таспалап, бастауыш сынып оқушыларына әдістемелік құрал әзірлеуге септескен.
Семинар барысында Book Trailer қосымшасының тиімді жақтарын Елбасы медалінің иегері, мектеп мақтанышы Аида Тұрсынбаева түсіндіріп өтті. Ал 9 сынып оқушысы, тоғызқұмалақ ойынынан бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы Айым Сәулет онлайн ойын платформасын таныстырды. Оқушылардың төл туындысы саналатын бағдарлама арқылы әлемнің кез келген қаласындағы спортшыны сайысқа шақыруға болады.
«Оқуға құштар мектеп» жобасының ауқымы кең. Осының аясында жаңа туындының тұсауы кесілді. №258 мектеп директоры К.Кеулімжай осы уақытқа дейін балаларға білім беру барысында өз пәні бойынша қиындық тудырған терминдермен жекелей жұмыс жасаған. Нәтижесінде «Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі географиялық термин сөздер» жинағы жарыққа шықты. Салтанатты шарада Ә.Оңдасынұлы кітап лентасын қиып, әдістемелік құрал авторын құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Бәрінен бұрын семинарға қатысушыларды 8 сынып оқушысы Досбол Нұрбергеннің кәсібі тәнті етті. Талапты бала 120 жұмыртқаны бір сәтте балапанға айналдыратын инкубатордан пайда табады.

– Балапан шығару үшін жұмыртқа тоңазытқышқа салынбаған, сырты жуылмаған, зақымдалмаған болуы шарт. Мұндай жұмыртқаны 50 теңгеден сатып аламын. 70-80 процентінен балапан жарып шықса – еңбектің ақталғаны. Бірақ үш апта уақыт күту керек. Оның әрқайсысы 500 теңгеге бағаланады, – дейді жас кәсіпкер.
Шара соңында «Мектеп театры» жобасы көптің назарына ұсынылды. Бала-әртістер «Абай-Тоғжан» қойылымын шебер ойнап шықты. Ойды сан-саққа жүгіртіп, түрлі сезімге бөлеген үйірменің жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Қанатбаеваға көрермендер ыстық ықылас танытып, қошеметке бөледі.
Айта кету керек, білім ордасында «Мектеп спортынан әлемдік аренаға», «Жасыл мектеп», «Қылқалам шеберлер көрмесі», «Мектеп парламенті» сияқты жобалар аясында көрме ұйымдастырылды. Семинардың жалғасы экологиялық бағдарламаға басымдылық берілген Қ.Пірімов атындағы №103 мектепте жалғасты.

Ата-анаға қолғанат құрылғы
«Серіктес директорлар» лигасы жас ғалымдардың инновациялық технологияларға қызығушылығын оятты. Оқушылардың ұстаздармен бірге білім беру саласына пайдалы құрылғы жасап шығаруға ден қойған. Әсіресе, Қ.Пірімов атындағы №103 мектептің ұжымы қиындықты ұтымды шешкен. Білім ордасының кіре берісінде орналасқан «Қауіпсіз мектеп» терминалымен ауданның бас ұстазы Ә.Жөлекешов пен серіктес директорлар лигасына қатысушылар арнайы барып, танысып қайтты.
Терминал әрбір баланың құпия коды арқылы жұмыс істейді. Білім алуға келген оқушы құпия сөзді құрылғыға енгізген бойда ата-анасына Telegram қосымшасы арқылы хабарлама барады. Осыдан кейін бала көңіл-күйін білдіретін 6 түрлі жағдайдың бірін таңдауы тиіс. Бұл ақпарат мектеп психологының ұялы телефонына жолданады. Соған сәйкес, маман балақайды алаңдатқан мәселе бойынша жұмыс жүргізеді. Қазіргі таңда мектеп директоры терминал санын арттыруға жең түре кіріскенін айтты. Себебі мұнда дәл қазір 256 оқушы білім алып жүр.
Еңбек ардагері есімі берілген мектептің ұстаздары да еңбекке бейім. Неге десеңіз, көркем еңбек пәнінің ұстаздары Нұргелді Тұрабай, Бақтыбай Тәжібай және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Амангелді Мешітбай бірлесіп, оқу ордасына жасанды сарқырама жасап берген. Бұл әдемілік лиганың «Жасыл мектеп» жобасы аясында іске асып отыр. Білім беру ұйымдарының айналасын, қоршаған ортаны гүлдендіруге бағытталған игі ісі аясында «Тіршіліктің көзі – табиғаттың өзі» тақырыбында қойылым көрсетіліп, тәжірибе алмасушылармен бірге «Green room» бөлмесі ашылды. Оқушылар жергілікті өсімдіктерден жасалған дәрілік шөптерді таныстырды. Бұрын көрсетілген, Сарыбұлақта өндірілетін тұз бен бордан бөлек, емдік судың қасиеті түсіндірілді.
Семинар инклюзивті білім беру­ді қажет ететін оқушыларды да қамты­ған. Оларды түзете-дамыту ісіне кляксографиялық жаттығу әдісі енгі­зілген. Бұдан бөлек, шарананың дене қызуын, жылағанын, киімі бүлінгенінен хабар беретін электронды бесік көптің қызығушылығын оятты.
Семинар соңында бөлім басшысы мектептің жылыжайын тамашалады. Мұнда көкөніс пен гүлдердің бірнеше түрі егілген. Семинарға қатысушылар мектептің жас табиғаттанушылары жақында ғана ылғалды мақтаға сепкен бидайдың көктегенінің куәсі болды. Тамаша таңданысқа бөленген меймандарды мектеп оқушылары жалынды ән, әсем бимен шығарып салды. Семинарға қатысушыларды Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде заманауи ІТ технологиялар көрмесі күтіп тұрды.

Заманауи технология тарландары
Қазіргі таңда білім беру ұйымдарының техникалық мүмкіншілігі қалалық мектептерден кем түспейді. Оқу ордалары мен балабақшалардың бюджеті өздерінің басқаруына берілгендіктен оқушыларды білім алуға лайықты, озық құрылғылармен қамтуға жең түре кірісу керек. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Оңдасынұлы Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен «Серіктес директорлар» лигасының қорытынды семинарында айтты.
– Біз ұстаздық етіп жүрген жылдары мектепке интерактивті тақта келсе, балалармен бірге қуанатын едік. Қазір мекеменің мүмкіндігін озық етемін деген директордың қолынан ешкім қақпайды. Егер қазалылық өрендер айтулы додада топ жарып, әлемдік аренада білімімен озғанын қаласақ, баланың қызығушылығын оятып, зейінін арттыруға көмек беретін IT құрылғыларды іс жүзінде пайдалануымыз керек. Бұл ретте көпшіліктен көші ілгері келе жатқан лицейдің ұжымымен тәжірибе алмасу өте маңызды, – деді Ә.Жөлекешов. Ізін ала «Жетістікке жету формуласы» тақырыбындағы лицейліктердің жетістіктер таныстырылымы басталды.
ҚР еңбек сіңірген инженер-гидротехнигі құрметіне қойылған мектеп қауымының ғылымға ден қойғанын жұртшылық жақсы біледі. Бірнеше рет «Үздік ауыл мектебі» номинациясымен марапатталып, грант жеңіп алған. Соның игілігін оқушылар көріп отыр. Әсіресе, кіре берісте орналасқан құрылғы оқу ордасына бөтен адамның кіріп кетпеуіне мінсіз бақылау жасайды. Бұл аппарат індет өршіген тұста қолға антисептик шашу, бетпердесіз адамға ескерту жасау сияқты қосымша әрі маңызды қызмет көрсетуде көп көмектесті.
Семинардың маңызды бөлігі жас мамандардың жаңа технологияны пайдалана отырып, пән бойынша пайдалы әдістемелік құралдарын насихаттаудан бас­талды. «Жаңашыл жастарға – жаңашыл мүмкіндік» айдарымен талапкерлердің таңдау пәндері бойынша дайындығы көрсетілді. Көп мектепте кездесе бермейтін «Робототехника» үйірмесінде серіктес директорлар көбірек кідірді. Сонымен бірге «3D модельдеу» үйірмесіне жетекшілік жасап отырған Әлібек Рахымов қонақтарды өз ісіне елітіп әкетті.
Жиынға қатысушылар бұдан басқа «Art studio», «Видео-монтаж», «Олимп» клубының озық жақтарын күнделіктеріне түртіп алып, «Айсер» оқушылар театры қойған «Толағай» ертегісінің визуалдық-қойылымдық жұмысын тамашалады.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
24 мамыр 2022 ж. 485 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031