Серіктес директорлар лигасының серпілісі
Қазалы ауданы бойынша білім бөлімі биылдан бастап «Серіктес директорлар лигасына» белсене араласа бастады. Бұған дейін бірнеше білім ордасында сәтті өткен ауқымды семинар кеше Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектепте жалғасын тапты. Оған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов пен білм беру ұйымдарының директорлары қатысты.
Мектепке келген меймандарды кіре берісте оқушылар қарсы алып, балалар жылына, бірлік күніне қатысты өлеңдерін оқыды. Бұдан кейін оқуға ынтық жастар басшыларды онлайн кітаптар тақтасымен таныстырды. Мұның ерекшелігі – кез келген оқырман кітаптар бейнеленген тақта мен Қазақстан қалалары әспеттелген картадағы QR код арқылы сол маңда өмірге келген ақын-жазушылардың шығармаларына қол жеткізе алады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы бұдан бөлек мобильді кітапхананы, Coworking орталығын қамтиды. Кітапханашылардың сөзіне сенсек, қазіргі уақытта көп мектепте көркем әдебиет кітаптары аз болғандықтан, балалар аудандық кітапханадан іздеуге мәжбүр.
Мектеп қабырғасына С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің жылжымалы киностудиясы да назарға ұсынылды. Бұл балаларды өнер, журналистика, әртістік, сахналық шеберлікке, ойын толық жеткізуді үйренуге жәрдемдеседі. Бұған жетекшілік жасайтын Сағынтай Балкембай, іске қызығушылығы мол оқушылар сюжетті өздері түсіріп, монтаждайтынын тілге тиек етті де, келген қонақтарға алғашқы туындыларын көрсетті. Ал бөлім басшысы Әділхан Оңдасынұлы тазалық сақтауға шақыратын бейнероликті меңзеп: «Жоба балалардың режиссерлік, әртістік қабілетін арттырып қана қоймай, көпшілікті айналаны таза ұстауға шақырады. Сонымен бірге ауданда балаларға арналған видеоконтент қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосады», – деді. Бұдан бөлек мектеп ұжымы «пайдалы анықтама» кітапшасымен таныстырды. Бұл туынды аудандағы кәсіп түрлері мен олардың иелері туралы ақпаратты қамтиды. Оқушылар осы арқылы кәсіптің түрлерінен хабар алып, іскерлердің табыс тәжірибесін меңгере алады.
– Қазіргі уақытта Үкімет кәсіп бастаушыларға қаржылай, моральдық қолдаудан аянып отырған жоқ. Бұл ел экономикасын көтеруге бағытталған шара екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан өскелең ұрпаққа кәсіптік білімді қазірден бастап берген ұстаз ұтылмайды деп ойлаймын, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Келесі кабинет «Экомедицина» аясында жауынқұрттардың экологиялық пайдасы жөнінде жасақталған. Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектеп ұстаздары осы арқылы оқушылардың танымдық қабілетін арттырып, табиғатқа жанашыр болуға шақыратындарын айтады. Білім ұйымы ғылыми жұмыстарды дамытуға байланысты Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен 5 жылдық меморандум жасасып та үлгерген. Өйткені ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыруда топырақты құнарландыратын химиялық қоспаға қарағанда шұбалшыңның пайдасы көп. Сол үшін 16 жылға жуық өмір сүретін «Калифорния жауын құрты» әкелініп, мектеп ішіндегі зертханада өсіріп отыр.
Семинар барысында №95 мектептің басшысы Оңталап Махамбетов педагогикалық идеяларды зерттеуге мән бергенін байқадық. Арнайы кабинетте Ыбырай, Ахмет, Абай, Жүсіпбек, Міржақып пен Мағжан мектебі деп аталатын бұрыш жасақтап, олардың қазақ тілін дамытуда ашқан жаңалықтары мен оқыту әдістері жайында ақпар берді. Ал Сарыбұлақ ауылынан келген №78 мектеп ұжымы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тақырыбы аясында көрмесін ұсынды. Онда оқушылар бор жасау, тұзды өңдеу, оны пайдалану жайында баяндама жасады. Айта кетейік, бор шикізаты Сарыбұлақтан 60 шақырым қашықтықта жатыр. Ал тұз іздеген жан 15 шақырымның айналасынан таба алады. Жоба қорғаушылары ауылдан тұз өндіруді қолға алу туралы ұсыныс тастады.
– Ата бабамыз тұздың осы түрін ертеректе пайдаланғанын, шикізат табиғаттың сарқылмас байлығы екенін жақсы білемін. Тамызда тұздың пісетінін, оны таза сумен шаюға болмайтынын да орынды айттыңыздар. Астың дәмін келтіретін шикізаттың емдік қасиетінен бөлек киесі де бар. Қазақтың жазда кристалл, қыста сұйық күйге айналатын тұзбен шарананы қырық күн шомылдыратыны, тұзбен аластайтыны тегін емес. Ал өндіріс туралы ұсынысты қарағанда ауылдағы шикізаттың қорын алдымен анықтап алу керек, – деді аудан басшысы. Білім ордасына арнайы келген меймандар келесі ретте Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектептің «Жасыл мектеп», Ж.Жабаев атындағы №234 мектептің «Еңбек династиясы – дамуы мен болашағы» атты жобаларын тамашалады. Бәрінен бұрын семинар өткен мекемедегі «Қуыршақ» театрының кішкентай өнерпаздарының қойылымы көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Жиын соңында бірнеше мектеп басшысы өздеріне бекітілген жобалар аясында баяндама жасады. Бұдан кейін Мұхтар Әуесұлы бөлім басшысына, мектеп директорлары мен лигаға қатысушыларға ұйымдастырылған шара үшін алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ,
фото Нұрлан ҚАНАТ