Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыстан қалған қасірет

Соғыстан қалған қасірет

Тамылжыған тамыз айы. Кеш қарая бастағанда қатарласа орналасқан барақ тамдарды жағалап ат арба келе жатты. Ондағы жолаушылар ауылдағы шеткі үйге тоқтаған кезде көліктен секіріп түскен жауынгер жігіт жан-жағына қарап, қарсы беттегі адамнан: «Жаманқұловтардың шаңырағы қай маңда?» – деп сұрады. Сол сәтте қолында қобдишасы бар медбике де арбадан түсіп, көлікте отырған жауынгерге бірдеңе деп сыбырлай бастады.
– Дұрыс бара жатырсыңдар, анау тұрған үй, – деп қолымен көрші орналасқан үйді көрсетті қарсы жолыққан ауыл азаматы. Осылай дегені сол-ақ екен, арбада отырған азамат:
– Тілек аға... – деп тоқтай қалды. Қуанышты дауысқа, жалт қараған қария жауынгерді танымай, алақанымен көзін көлеңкелеп:
– Жолың болсын, қарағым! Қай елдің баласысың? – деп әлгі адамға жанарын салды.
– Айналайын-ау! – деп тосыңқырап барып:
– Сен Оразбысың?! – деп арбадағы жауынгерге ұмтылды.
– О, Жаратқан! «Өлгенің тірілді» деген осы болар! – деп үйіне қарай бұрылды да:
– Әй, Базаркүл, бар, Қанымкүл апаңнан сүйінші сұра, жалғызы келді!
Ақсақалдың дабырлаған дауысы жер-жерді жағалап, ауыздан-ауызға ілесіп кетті. Ізінше арбада жауынгерге қатарласа берген Тілек:
– Ат-көлігің аман ба, қарағым? – деп көлікке ілесіп, Ораздың қолынан ұстаған қалпы екінші тұрған үйдің алдына келді.
– Ей, шырағым-ай! Аман-сау келгеніңе не жетсін! Міне, үйіңе келдің, қарағым, арбадан түс, – деп жауынгер жігітке қарап қалған. Жолаушы болса арбадан түсуге асығатын емес. Сол сәтте арба айдап келген жауынгер:
– Ағасы, сіз, үйді көрсетіңіз. Алға түсіңіз, – деді. Соны айтқан ол арбада отырған жауынгерге бұрылып:
– Ораз, үйіңе келдің, енді арбадан түсейік.
Мына сөзді естіген Тілек не ойларын білмей күйбеңдеп, сыртқы есікті ашып:
– Оразжан, үйлерің осында, шешең де, келіншегің Айымкүл де өткен жылы осында қоныс аударды. Содан бері алыстағы ағайыннан жақын тұрамыз, – деп қуанышты күйде Ораздан көз алмауда. Сөйткенше болған жоқ, әлгі арба айдаған жауынгер Оразды тік көтеріп алып:
– Көке, жол бастаңыз! – деді. Тілек ақсақал сонда ғана жігіттің сау емесін түсініп:
– О, Жасаған, өзің жәрдем бер! – деп есік ашып, алға озды. Бөлмеге кірген бетте:
– Сүйінші! Қанымкүл, балаң майданнан оралды! Ақ түйенің қарны жарылды! – дей бергенде, өзі де тебіреніп, көңілі босап, даусы кібіртектеп шықты. Қызылала орамал таққан, ажарын әжім басқан әйел қуанышты хабарды естігенде сасқалақтап, қолына ұстаған жамау-жасқауын тастай сала орнынан жұлқына ұмтылды. Көзіне еріксіз жас келді. Жанарын босаға жаққа бұрғанда, белгісіз солдаттың Оразды балаша көтеріп есіктен еніп келе жатқанын көрді. Сол-ақ екен, Қанымкүлдің жүрегі кеудесіне сыймай дүрсілдеп, іші-бауыры удай ашыды. Өйткені, ақжаулықты ана үшін жалғыз ұлдың мүгедек болып оралғанын көруден өткен азап пен қасірет жоқ еді. Әуеліде баласын жатырқап, танымай қалған әйел көзін қайта-қайта ашып жауып орнынан тұра алмады. Жүрегі алқынып, аузына тығылды. Соны сезген Тілек ақсақал:
– Сабыр! Тәубеге келіңіз. Балаңыздың кеудесі аман. Сұм соғысқа екі аяғын беріп келген екен. Барға қанағат қыл, жоққа салауат ет. Тәубе де! – деп, Қанымкүлді қолтығынан демеп, баласының қасына әкелді. Реңі қуарып кеткен Қанымкүл ұлын бауырына басып:
– Жарығым, жалғызым, аман келгеніңе тәубе қылдым! – деп ұлының екі аяғының тізеден төмен жоқ екенін білген сайын жаны езіліп, көзінен пора-пора жас ақты. «Ендігі күні не болады?» деген қорқыныш бойын билеп, өзін-өзі қоярға жер таппай қиналды. Бірақ, сол мезет ұлының жүзіне көз тоқтатқан Қанымкүл баласының жанарына тұнған үрей мен қасіретті сезіп, тез есін жиды. Онсыз да жаны жүдеп, уайым шегіп отырған Оразды бұдан әрі күйзелткісі келмей:
– Тәубе! Жаратқанның жазуы солай болса, көнеміз. Сен уайымдама, аман келгенің олжа! – деп өзін де, ұлын да қайрап, бойын тез тіктеді. Сол ақ екен, үйге жиналып қалған адамдар:
Осылайша соғыстан оралған Ораз туралы хабар әп сәтте шағын ауылды шарлап кетті. Көрші-қолаң, танитын-танымайтын ел-жұрт жапырыла келіп, апаға құтты болсын айтысты. Жол бойында жұмыс істейтін келіншегі Айымкүл ғана бұл ақжолтай жаңалықты кеш естіген.
– Шырағым, сенің азаматың аман-сау келіпті. Сен мұнда не істеп жүрсің?! Бар, ұш үйіңе! – деді сүйіншілеген жас келіншек. Мұны естіген Айымкүлдің есі шығып, сенер-сенбесін білмей:
– Шын ба, алдап тұрған жоқсыңдар ғой, иә? – деп сенер сенбесін білмей көзіне жас үйірілді. Жылап жүріп, тез-тез жиналды да жұмыс басынан үйіне қарай құс боп ұшты. Аяғы жерге тимей, алқынып үйіне жетті. Бұл келгенде күйеуі Ораз құтты болсын айта келген, ауыл ақсақалдарының ортасында отыр еді. Айымкүл үйге кіріп келгенде отырғандардың бір бөлігі:
– Өй, айналайын! Келін келді, жол беріңдер, – деген үлкендер өкше көтерді. Айымкүл болса бөлмеден тек Оразды ғана көзі көріп тұр. Ал мүгедектігінен бейхабар. Әйтеуір, аман келді дегенді естігенде жүрегі аттай тулап, қуанғаннан көз жасы сорғалап, төрде отырған күйеуін құшақтай алған. Жиналғандар оған басу айтып:
– Сабыр ет! Ең бастысы азаматың аман, отбасыңа оралды, одан артық не керек?! – деген көпшілік Айымкүлге тоқтау айтқан болуда. Қуаныштан өңі жанып жеткен келіншек ешкімді еститін емес, жүзін жуған жасты сүртіп, күйеуінің денесінен ұстап басынан аяғына дейін қарай бергенде – екі көзі Ораздың аяғының тізеден төмен жоқ екенін байқады. Өне бойын тоқ ұрғандай дір ете қалды. Әлгіндегі оттай лапылдаған қуаныш, сезім су сепкендей басылды. Қолы дірілдеп, жұбайының аяғын ұстамақ болды. Бірақ оған шыдай алар емес. Келіншегінің жүзіндегі қорқынышты көрген Ораздың өңі қуарып, көзінен ыстық жас кете бастады. Аузына сөз түспей, басын жерге қаратты. Ал жиналған жұрт демдерін ішке тартып, үнсіз қалды. Сол сәтте Қанымкүл ана:
– Келінжан, қарағым! Сабыр ет! Бастысы күйеуің соғыстан оралды! Елін қорғап, далада оққа ұшқандар аз ба?! Аяғы жоқ деме, ақыл-санасы орнында. Аллаһтың бұйрығы, тағдырдың жазуы осылай болған екен. Көнеміз да енді, – деп дауысын баяулата бастады. Өңі қашып, бозарып, қолы дірілдеген Айымкүл күйеуінің қасынан шегініп кетті. Тұла бойын от қарығандай, өзін-өзі ұстай алмай, аулаға шығып, солқылдап жылады. Тіпті, басылар емес. Қатыгез тағдырға лағынет айтып, сұм соғысқа қарғыс тілеп үйден шығып бара жатты.
Бұл жары үшін де, ғазиз анаға да, мүгедектің тақсіретін тартып отырған Оразға да оңай тимеді. Ол «Ертеңгі күн қалай болады, екі аяғы жоқ мүгедек жанды кім күтеді? Кімге керекпін?» деген сұрақ санадан кетпей жүрекке батты.
Ол соғысқа кетерден бір жыл бұрын Айымкүл екеуі отбасын құрған-ды. Арада аз уақыт өтіп соғыс басталып, майданға аттанып кетті. Балалары да жоқ. Жас болған соң келер күннен күтер үміті мол жастар оған абыржи қойған жоқ. Жиырмаға жеткенде қару асынып, ұрысқа барған Ораз небір от пен оқтың арасынан аман шығып, қырық төртінші жылы кескілескен кесапат шайқаста жау дзотынан от құшып, ес-түссіз майдан даласында қалды. Қанша күн өтті дегенде госпитальда жатып, есін еміс-еміс жинады. Екі аяғынан айырылғанын да ол бірден біле қоймады. Аяқсыз қалғанын білгенде, өзін-өзі ұстай алмай, қалшылдап, өзіне қол жұмсағысы келді. Жиырма үш жасар өрімдей боздақ үшін бұдан асқан қорлық жоқ еді. Елде үлбіреген келіншегі, өмірлік серігінен жастай айырылған анасы қалған. Екі аяғы жоқ мүгедек, кімге керек?! Керек емес. Бұның да ешкімге масыл болғысы жоқ. Сол күндері ол өмірден түңілді. Дәрігерлер мен таныс, бейтаныс жауынгерлер мұның езілмеуін айтып, жігерін қайраған болды. Сондай мазасыз күндердің бірінде госпитальға жараланып түскен рота командирі жаралы жауынгерлердің жағдайын сұрап жатып, Оразға алаңдап, әсіресе, оның өзін-өзі атып тастамақ болғанын естігенде:
– Бауырым, сен жасыма! Екі аяғыңды Отаныңды қорғап, еліңнің келешегі үшін бердің. Бұл – ерлік. Ал, ерлік – елге тағылым, ерге – құрмет, – деді ол мұның жүйкесі тозып, өмірден баз кешіп жатқанын сезіп. Қашан жазылып кеткенше Оразды «жауынгер мойыма» деп рухтандырып жүрді.
Күйзелген көңілі тыныштық тауып, жүрегіне үміт ұшқыны оралғандай еді. Алайда бәрі бекер болды. Артында қалған жан-жары мұның кемтар қалпынан шошып, үйден безіп кетті. Бұл жағдай бәрінен де Оразға ауыр тиді. Қанша қайғырса да, оны түсінуге тырысып, артық сөзге бара алмай, мелшиген қалпы қала берген.
Соны сезген анасы Қанымкүл ел аяғы басылғанда:
– Балам, сен көп таусылып, қапаланба. Келіншегің ешқайда кете қоймас. Күтпеген жағдайдан шошып қалған болар, – деп тыныштандырды. Келесі күні Айымкүл келіп, киім-кешегін алып біржола кетуге бекінгенін айтты. Сонда ана:
– Айымкүл, екеуміздің шәй дескен күніміз болған жоқ. Бай сенікі, бала менікі. Саған бай керек болмаса, маған бала керек. Тек, бір нәрсені есіңе сақта: Сенің азаматың ел үшін отқа түсіп, кемтар болып оралса да, абыроймен оралды. Отанын қорғағаны – отбасын қорғағаны. Оның отбасы сенсің. Қызым, бұл жерде сен ұялатын ештеңе жоқ. Бұл мүсіркейтін, мінейтін жағдай емес. Ойланарсың. Қайта келем десең есік ашық, – деді.
Жас келіншек көзінің жасын сығып, үйден шығып кеткен соң да Қанымкүл үнсіз ұзақ отырды. Жүрегі езіліп, жылағысы келсе де, баласын аяп, осалдық танытпауға бекінді.
Арада біршама уақыт өтті. Ораз да өзінің жаңа өміріне қинала-қинала мойынсұнған. Тағдырдың ауыр талқысы оны мезгілінен ерте қартайтқандай. Шашы ағарып, реңі әжімденіп бастады. Барар жер, басар тауы болмаса да, «жақсы ит өлігін көрсетпейді» демекші, көз көрмеске кеткісі де келді. Сол оймен таңертең тұрып, ешкімге білдірмей өзі жасап алған төрт доңғалақты арбашасына отырып, шойын жолға қарай сырғанай жөнелді.
Жұмыстан келген анасы баласының үйде жоғын білгенде зәре-иманы қалмай, көрші отырған Тілек ақсақалдың үйіне жүгірді. «Тілек! Ораз жоқ! Кетіп қалыпты!» деп жылай бастады. Көрші-қолаң шарқ ұрып мүгедек жанды іздеуге кірісті. Абырой болғанда, ол көпке ұзамай теміржолдың маңынан табылды. Сонда анасының жүзі қуарып:
– Балам-ау, мені кімге тастап кетпексің?! Мені ойладың ба?! – деді. Сол сәтте ол мынау жарық жалғанда мұны бір адам керек қылса, ол – анасы екенін түсінді. Жаны күйзелді. Содан бастап жүрегін сыздатқан соғыстың сызына да көнбеске болмайтынын ұқты. Анасы екеуі қосылып, бұрынғыша күйбең тірлікке төселді.
Жаз өтіп, күз жетті. Бір күні Ораз анасы екеуі түскі аста отырғанда, сыртқы есік сықырлап ашылып, үйге Айымкүл кірді. Көзіне жас толып, ақырын дастарқанның шетіне жайғасып:
– Мені кешіріңіздер! Ағаттық менен, ардан аттағандай болдым! Мен қайтып келдім, – деп енесін құшақтап көзіне жас алды.
– Жоқ, құлыным, ренжімеймін. Сен жассың, мұндайды көрген жоқсың. Мені қоя тұр, күйеуіңе айт мұны, екеуің жарассаң, маған одан басқа не керек?! – деп келінінің маңдайынан сүйіп, батасын берді. Сол күннен бастап олар үшін жаңа өмірі басталды. Айымкүл дүниеге бір ұл, екі қыз әкелді. Ал Ораз ауылдың ақылшы ақсақалы болды.

Нұр БАҚЫТ
07 мамыр 2022 ж. 549 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 25

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 20

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 26

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930