Ел бірлігін сақтаған Өтебас би
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бабалар тарихына назар аударып, өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға қоғамды жұмылдыра білді. Тарих жадынан өше бастаған, есімдері заманында барша қазаққа танылған тұлғалар Қазақ тарихында қайта жаңғырды. Ел ішіндегі ескі қорымдарды зерттеу, құлпытастарды оқу нәтижесін берді. Мәселен, 1797-1805 жылдары Кіші жүзді билеген Айшуақ ханның, оның ұлы Жантөре ханның (1805-1809 ж.), атақты Сүгір жыраудың құлыптастары табылды. Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен 65 шақырым жерде ХҮІІ-ХҮІІІ ғ.ғ. өмір сүрген Қосым баба қорымын ертеректе отырықшы ел Адамата атаған екен. Қосым баба қорымы дарияның арғы бетінде, жол Басықара ауылының үстімен Басықара су бөгеті арқылы өтеді. Басықара ауылының іргесіндегі төбеде 3-4 шақырым жерде Қосыбай (архив деректерінде Қонысбай – Ә.М.) баласы Көбек бидің бейіті бар. Көнекөз Ақмырза қожаның айтуынша, Сырым заманында есімі архивте хатталған Әбдіжәлел қожаның бейіті Басықара ауылынан дарияның жоғары жағында 5-6 шақырым жерде. Басықара да, Көбек би де ХҮІІІ-ХІХ ғасырда ел алдына жарқырай шыққан тарихи тұлғалар. Архив деректері Әбдіжәлел қожаны барша қазақтың пірі десе, Көбек би Әйтеке бидің Қонысбайынан тараған немересі, тархан, Хиуадан Орынборға қарай өтетін сауда керуен жолдарының иесі (Сейітқұл–Ақша–Әйтеке–Қонысбай), ал Басықара Көбек бидің немере бауыры (Сейітқұл–Ақша–Шылым–Құрман) екенін айғақтайды. Қосым баба қорымында «Мың бала» атауымен тарихта қалған Әлім руының жақайым бөлімінен Байжанұлы Сартай батыр, Әйтеке би баласы Өтебасқа белгі орнатылған. Екі тұлға да замандас, ХҮІІІ ғасырдағы дүбірлі оқиғаларға қатысушы. Сартай батыр туралы фильм түсірілсе, Өтебас бидің қоғамдық-саяси қызметі мүлдем зерттелмеді. Балқы Базар Оңдасұлы мен Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлы жырларымен ғана танымал.
Тарихшы Х.Маданов жинақтаған шежіреде Өтебас Әйтеке бидің үлкен ұлы ретінде көрсетіліп, одан соң інілері Құрыс, Қосай, Жалтыр таратылады. Белгілі зерттеуші А.Сейдімбеков «Ералыұлы Мәмен (1859-1931)» атты мақаласында ел арасында туындаған мәселені реттеуге келген Әйтеке би Төле бимен кездесіп, соңында елге «Ұлы жүзге қадыры артқан Назар деген кісінің Ақшолпан есімді қызын жасауымен алып қайтады. Кейін осы Ақшолпаннан әйгілі Өтебас би туыпты дейді. Ресей архивтерінде Өтебас, Қонысбай, Жалтыр Әйтеке ұлдары туралы құнды деректер жеткілікті. Архив құжаттарында Өтебас есімі алғаш рет 1748 жылдың тамызындағы Әбілқайыр хан өлімінен кейін аталады. Хан өлімін анықтауға барған аудармашы Я.Гуляев қазан айы басында «Төртқара руынан Әйтеке би балалары Жалтыр мен Қонысбай Батыр сұлтан ауылында болғанын», Кіші жүзде сол сәтте болған казак атаманы Смайл молда Абдрезяков та аталған ауылда төртқара руынан Қаратоқа, Қонысбай билерді, Жалтыр, Мырзагелді батырларды, Дәулет биді көргенін Орынборға жазбаша хабарлайды. Қаратоқа би төртқара Сейітқұлдан тараған ұрпақтар атынан Я.Гуляевке «ел ішінде хан сайлау, сайламау – біздің шаруамыз» деп ашық айтқан. Әйтеке биден соң барша қазаққа Қаратоқа бидің беделі жайылған. Әйтеке би ұрпақтары немере ағасы Қаратоқа бимен Ресей асқан хан сайлауды қолдамай, 1748 жылғы 2 қазанда Қайыңды өзені жағалауында өткен Нұралы сұлтанды хан сайлау рәсіміне қатыспаған. Олар керісінше елдің оңтүстігіндегі Батыр сұлтанды хан сайлауда белсенді болады. С.Абдрезяковтың анықтауынша, 1748 жылы 15 қазанда Әлімұлының шекті, шөмекей, қарасақал, төртқара руларының 20 белгілі би, батыры Батыр сұлтанды өздеріне хан ретінде мойындаған. 1749 жылы 11-25 шілдеде Орынборда өткен орыс-қазақ келіссөзінде Нұралы хан, Ералы, Қожахмет, Айшуақ сұлтандар, Есет, Жәнібек тархандар, Серке батырлар қатарында төртқара Қаратоқа би көрінеді. Келіссөзде Қаратоқа би екі қайта сөз алып, Орынбор губернаторы И.Неплюевке Әбілқайыр ханның орнына Нұралының сайлануын және оны Ресейдің мойындағанын құптап, екіжақты өзара пайда үшін сауда-саттықтың еркін дамуына қолдау көрсететінін жеткізген. Қаратоқа би 1749 жылы 3 тамызда Батыр ханмен бірге Әбілқайыр ханның асына да қатысқан. Асқа қатысушылар Барақ сұлтанды іздеп табу, Әбілқайыр ханның қалмақ әйелінен туған қызын Жоңғар ханына қалыңдыққа беру, тұтқындар алмасу мәселелерін арнайы талқылаған. 1750 жылы 18 қаңтарда Нұралы хан И.Неплюевке жолдаған хатында төртқара руының Сейітқұл бөлімінің елдегі сауда-саттықта өзіндік орындары бар екенін ашық жазып, кей жағдайда оларға өз билігінің жетпейтінін мойындайды. Бұл жылдары Өтебас, Жалтыр, Қонысбай бірге көшіп-қонып, шекті билері Мойнақ, Бақтыбай, Айдарғали, ақ кете Әжібай, Алтай билермен бірге Ресейде қамауда жатқан Бақтыбай, Алтай балаларын босату жолдарын іздейді. Өйткені Орынбор әкімшілігі белгілі би, батырлардың туған-туыстарын сауда-саттық кезінде ұстап қалып, өз талаптарын орындатуға әбден машықтанып алғанды. 1762 жылы Өтебас би Нұралы ханмен құдандаласып, қызын Пірәлі сұлтанға береді. Ол туралы Нұралы хан 13 тамызда Орынбор губернаторы А.Давыдовқа хабарлап, губернатормен кездесу үшін Өтебас бидің немере інісі Қаракөбек пен баласы Жанысты жібереді. Бұл арада Кіші жүз ханы қазақ-орыс арасындағы сауда-саттық мәселесін шешуді көздейді. XVIII ғасырдың екінші жартысында оңтүстіктегі төртқара руы қазақтары шамамен 3000 түтінге жеткен. Өтебас би, Жалтыр би, Қонысбай би және Қонысбайдың балалары Қаракөбек би, Есекене мырза Қайып хан балалары Сейіт, Шомқара, Ескендірмен бірге Сырдария бойындағы Бұрлыбас елдімекенінде тұрақтап, оңтүстіктегі Батыр ханмен, 1771 жылдан кейін оның баласы Қайып ханмен және Әбілқайырұлы Ералы сұлтанмен сенімді қарым-қатынас орнатқан. Тарихи кезеңде төртқара руы қазақтарының мойындалған биі Өтебас Әйтекебиұлы болатын. 1776 жылы ел ішінде табын және тама руларындағы Көзкөрмес, Әулие, Арбағыш немесе Жанкөрмес, Көктемір бастаған қозғалыс қанатын кеңге жайған уақытта Өтебас пен Қаракөбек Ералы сұлтанмен бірге шиеленіс мәселелерін шешуге атсалысады. Ол турасында 25 маусымда Нұралы хан Орынбор губернаторы И.Рейнсдропқа жазады. Кейін белгілі болғандай, Өтебас, Қаракөбек билер ханмен бірге ел ішіндегі орыс тұтқындарын босатумен қатар, Көзкөрмес қозғалысын, сауда-саттық мәселелерін реттеуге күш салған.
Бұл кезеңде Әйтеке би ұрпақтарының үлкені ретінде Өтебас би Қаракөбекті жанынан тастамай белді би-батырлармен таныстырған. Оны олардың Нұралы ханға келіп, оның төңірегіндегі билермен, соның ішінде Сырым батырмен кездесуі дәлелдейді. Әйтеке би немересі Қаракөбек бидің осы жолғы Сырым батырмен бірге маңызды мәселелерді шешуге талпынысы кейін өзара сенім мен достыққа ұласады. 1785 жылы Өтебас би Ералы сұлтанмен бірге қазақ жайылымдарына тыныштық бермеген қарақалпақтармен соғысқа қатысады. Оны сұлтан Нұралы ханға хабарлап, қарақалпақтарды бағындырғанын және ел ішінде ханға қатысты алып-қашпа әңгімелердің көбейгенін ескертеді. Расында, ел игілері осы тұста ханды ел ортасына көшуге шақырады. Көп ұзамай 1785 жылы шілдеде Халық кеңесі ұйымдастырылады. Кеңес жайылым мәселесін шешу, Жайық бойындағы казак-орыс әскерінің озбырлығын тоқтату сияқты күрделі мәселелерді талқылап, Нұралы ханның халық сенімінен айырылғанын атап өтіп, оны орнынан босату туралы бір ортақ пікірге тоқтайды. Хатқа Өтебас, шекті Сегізбай, кете Көккөз, шеркеш Тұрмамбет, Жарқын, ысық Қаратау, адай Атағозы, беріш Қара, Саржала, масқар Дөнен, байбақты Сырым, жағалбайлы Тотай батырлар таңбасын басады. 1786 жылы көктемде Орынбор әкімшілігі Нұралы ханды ел ішіндегі мәселелерді талқылау сылтауымен Ресейге кездесуге шақырып, 3 маусымда Уфа қаласына жер аударады. 1786 жылдың жазында Өтебас би, Қаракөбек би, шекті Сарытай Байжанов, төртқара Қарабыз Тілеумурзин, Ақбота Үсенов, жағалбайлы Тотай батыр тағы басқа 80-ге жуық белгілі тұлғалар Орынбордан «Нұралы хан мен Айшуақ сұлтанды елге қайтаруды» талап етеді. Оны жүзеге асыру үшін Өтебас би бастаған төртқара руы Бұхарадан шыққан орыс керуендерін тоқтатады. Ол жөнінде Ресей көпестері М.Дилянчев пен И.Григорьев 1787 жылы тамызда Орынборға хабарлайды. Ал 1787 жылы 14 қыркүйекте Қаракөбек би Сырым, Сегізбай, Саржала, Көккөз, Атағозы, Бөдене, Қаратау, Сопыра, Дөнен би-батырлармен бірге О.Игельстромнан тағы да Нұралы хан мен Айшуақ сұлтанды елге қайтаруды талап етеді. Нәтижесінде, Айшуақ елге оралады. Міне, осыдан кейінгі тарихи оқиғаларда Өтебас аталмайды.
Ал Өтебас биден тараған Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс, Манас Қаракөбек би төңірегіне жинақталады. Байқағанымыздай, Өтебас ұлдарының есімдері Ұлы жүз рулары атауларымен байланыста қойылған. Мұның өзі А.Сейдімбеков жоғарыда жазған Әйтеке би әйелін Ұлы жүзден алған Ақшолпанымен байланыстыруға әбден болады. Араға уақыт сала Қаракөбек би Әлімұлының бас старшыны деңгейіне Сарытай, Мұратбек билермен бірге көтеріліп, Ресей тарапынан мойындалады. Патша үкіметі 1789 жылы наурыз айында Қаракөбекке тархандық атақ береді. Би бұл атақты қазақ-орыс қатынасындағы күрделі мәселелерді шешуге пайдаланады. Осы тұста Қаракөбекпен қатар немере інілері Жаныс Өтебасұлы, Басықара, Боранбай Сырым батыр жанынан табылады. Жаныс Өтебасұлы 1794 жылы 18 маусымда Орынбор экспедициясына Мұратбек Айбасов, Қараша Қалыбеков, Базарбай Құдайбергеновпен бірге ел бірлігі үшін Есімді хан сайлауды қолдап хат жазады. Есім хан сайланғаннан кейін Ресей бағытын ұстанып, ел ортасындағы кеңестерге бармай қояды. Өзара келісім үшін жасалған қадамдар сәтсіз аяқталып, оның соңы 1797 жылы 27 наурызда Есім ханның өлтірілуіне әкеледі. Хан өліміне орыс үкіметі мен Нұралы хан ұрпақтары Сырымды кінәлап соңына түседі. Соған қарамастан, 1797 жылы 29 тамызда Сырым батыр жанына Қаракөбек, Басықара, Манас Өтебасұлы, Жанназар, Көккөз, Наурызәлі бастаған Әлімұлдарын, Бекмамбет, Құлмамбет, Бөдене, Сасай, Марқаш бастаған Байұлдарын, Жетірудің би-батырларын ертіп, 1000-ға жуық адаммен Хан Кеңесіне келеді. Кеңес соңында қазақ-орыс қарым-қатынасындағы таласты шешу үшін Әлімұлының билігі Қаракөбекке, Байұлының билігі Сырымға жүктеледі. Сонымен, архив құжаттарын сараласақ ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысында елдегі Әйтеке би билігі немере бауыры Қаратоқа биге, одан баласы Өтебасқа, ғасыр соңында немересі Қонысбайұлы Қаракөбекке өткен. 1802 жылы XVIII ғасырдың соңғы 50 жылын саралаған Орынбордың әскери губернаторы Н.Бахметев орыс патшасы І Александрға «Сырдария, Қуаңдария, Ембі, Елек өзендері бойларында көшіп-қонған Қаракөбек, Жанназар билерге айрықша назар аударып, оларды бағындыру үшін 10 мың әскер қажет» деп хабарлайды. Ал 1803 жылы жаз айларында төртқара руы қазақтарында болған Я.Гавердовский «төртқара руы қазақтары 12 бөлімнен, 11 000 түтіннен тұрады. Оларды Қаракөбек тархан, Басықара, Қара Алтай, Сары Алтай, Жаныс, Текежүз, Ақтөбе, Алтай, Қаракөбектің күйеу баласы Шерғазы сұлтан басқарады» деп толықтырады. Осы жолы орыс поручигі Қаракөбек би ұйымдастырған орыс керуенінің Бұхараға жетуі мәселесін талқылаған Кеңеске қатысып, Жаныс бимен танысады.
Архив құжаттарында Қаракөбек, Жаныс билерден соң Әйтеке би ұрпақтарынан жарқырай көрінген Өтебас немересі Қазанғап Ботбайұлы еді. 1850 жылы наурыз айында толтырылған құжатта: «Өтебасов Қазанғап Ботбайұлы, би, 48 жаста. Орта бойлы, мығым денелі, ақ құба. Төртқара руы, Сейітқұл бөлімі, Байбек бөлімшесінен. Ру таңбасы бар», ал 1851 жылы 26 ақпанда дайындалған ақпаратта: «Ботбай қыс айларында Орал бекінісінен 25 шақырым жердегі Ырғыз бойында, жазда Ырғыз жерінде көшіп қонады. Әйелі 47 жаста. 20, 18, 15, 9 жастағы ұлдары, 4 жастағы қызы бар. Қарамағында 300 түтін бар» деп жазылады. Қазанғап бірде Ресеймен, бірде Хиуамен қақтығысқан Әбілқайыр ханның Ералы–Бөлекей–Қасымынан тарайтын Елекей сұлтанмен де тығыз байланыста болған. Би Елекейді 1852 жылы Жаубұлақсайдағы ауылында түнеткен. Қорыта келгенде, Әйтеке бидің ұлдары Өтебас, Қонысбай, Жалтыр, немерелері Қаракөбек Қонысбайұлы, Жаныс, Манас Өтебасұлдары, шөбересі Қазанғап Ботбайұлы қалың қазақтан оза шығып, еліне қызмет жасағанын архив құжаттары дәлелдейді.
Әбілсейіт МҰҚТАР,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
тарих ғылымдарының докторы, профессор