Қобызынан қасиет төгілген
Ұлттың бары мен жоғын түгендеп, бүгінін таразылауда тәуелсіздік алған тұстан кейінгі кезеңнің шоқтығы биік. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мемлекетке идеологиялық тұрғыдан жаңа жол сілтеді. Жоба аясында өлкеден шыққан әулие-әмбиелер, батырлар мен ұлы тұлғаларды халыққа таныстыру, насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда есімі ел ішіне кең тарамаса да, тарихи тұрғыдан елеулі, аңыз адам – Дәулет бақсы туралы сөз қозғаймыз.
Дәулет бақсы – Жалаңтөс Баһадүрден туған бес баланың бірі Даңбайдың ұрпағы. Анығырақ айтсақ, Жалаңтөстің немересі. Ол өз заманында көріпкел әулиелермен тең түскен құдіретті адам. Замандасы Сопы Әзі, яғни, Мүсірәлінің баласы атақты Қосым Қожа болған.
Сыр өңірің тумасы, әйгілі шежіреші Өмірзақ Ахметовтің айтуынша, Қосым мен Дәулет екеуі құрдас, қалжыңы мен әзілі жарасқан тату достар екен. Ыңғайы келгенде тапқырлығын көрсетіп бірін бірі сынап алатын көрінеді. Бірақ екеуі бір-біріне ауыр сөз айтып, қиянат жасамаған.
Бір күні малын бақылап жайылымдық жерді көріп келе жатса, Қосым құрдасы Дәулеттің атын үркітпек болып ойламаған жерден қарсы алдынан бір сабалақ жүнді итті қарсы жүгіртеді. Түсі жаман итті табан астынан көрген Дәулеттің аты үркіп, тайқып кетеді. Әрең дегенде атынан құламай, аман қалған бақсы іштей күбірлеп, әлгі итті кері қайтарады. Сол бетімен келе жатып Қосымның бір үйір жылқысының үстінен шығады. Қожадан:
– Мына жылқы сенікі ме? – деп сұрайды ол.
– Иә, менің жылқым, – деді Қосым. Сол кезде әлгі бір үйір жылқы жабайы шошқа болып бет-бетіне жамырап кетеді де, айғыры қабан болып Қосымның үйіне қарсы ұмтылады. Сонда Қосым миығынан күліп:
– Пұртқаным, мына залымыңды қайтарып ал. Күшіңді көрсеттің. Менің әрекетімнен сенікі басым болды. Енді мынауыңды қайтарып ал, – деп досының мықтылығын мойындапты.
Жалаңтөс батыр ауылында тұрған әулиенің ұрпағы Жұман Алманиязовтың айтуымен де абыз тұлға туралы аңыз әңгімелер ел ішіне таралған. Соның бірі Дәулет әулие қобызының қасиеті жайынан сыр тарқатайын.
Дарияның арғы бетінде отырған елдің бірінде үлкен той болады. Оған бергі беттен шақырылған қонақтардың ішінде бұрын барғандары қайықпен өтеді. Қайық сол бетте қалып қояды. Олардың артынан келген Дәулет бастаған он бес шақты кісі арғы беттегілерге айқайлап, қайықты кері жіберуін сұраса да, ешкім құлақ аспайды. Ұзақ тұрып қалған қонақтардан Дәулетке сөз бастаған бергі беттегі бір адам: «Уа, Дәулет! Сен қарадан шығып құдіретті Дәулет әулие атанып едің. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Сол үшін сен кіретін үйді бөлек тіктік. Енді сол үйді жаюлы дастарханымен, төселген көрпе-жастығымен, тартылған табағымен арғы бетке көтеріп алып жайланыңдар. Бұл беттен сендерге жіберетін қайық жоқ», – дейді. Бақсы бастаған топ аң-таң. Дәулет сәл үнсіздіктен кейін арғы беттегі адамға:
– Үйді арқанмен шаңдып таң. Ішін асқа толтыр. Көрпе-төсек жайылсын. Сосын белгі бер, өзім алып кетем, – депті. Аз уақыттан кейін арғы беттегілер дайын екенін хабарлайды. Сол сәтте Дәулет қобызын аңыратып жібереді. Адам айтса сенгісіз ғажайып орын алады – алты қанат ақ үй жоғары көтеріліп дарияның үстімен Дәулет бастаған топқа қалықтап, ұша жөнеледі. Тойға жиналған күллі қауымның назары ұшқан үйге түседі. «Бұл не деген күш» деп таңғалады жұрт. Қалықтаған үй Дәулет нұсқаған тұсқа келіп қонады. Адамдар үйдің ішіне енсе, дастархан жаюлы, бәрі орнында тұр. Біреуі де қисаймаған.
Дастарханда ауқаттанып отырып бұлардың ойлағаны: мынадай алты қанат ақ орданы бүкіл жасауымен қиқымын жерге түсірмей дарияның арғы жағынан бергі бетіне көтеріп әкеліп қондырған қандай күш, қандай құдірет? Ерекше күшке ие жерлестің қадірін білмейді екенбіз, мұндай ғажайыпты ешкім естімеген де көрмеген. Бұл оның құдайдан берілген қасиеті екенін бағалауымыз керек деген қорытындыға келеді. Міне, сол күннен бастап Сыр бойындағы жұрт оны «Дәулет әулие» деп атап кетіпті. Мұндай ғажайып оқиғаларға халық талай куә болған. Қобызы тартылса болды: бақсының ойлаған ісі оңға басып, тез орындалады-мыс. Қобыздың бойындағы осы қасиетті құдай мың адамның ішінен Дәулетке дарытып, бағыштаған.
Ел ішінде тылсым қасиетімен талай аңыз тудырған әулиенің есімін елеп, шежірелер тоғысында тектінің бірі екенін мойындайтын кез туды. Айта кету керек, қазіргі таңда Дәулет бақсы тамы Басықара су торабынан оңтүстік-батысқа қарай 25 шақырым жердегі Қосым қожа қорымында орналасқан. Құмды белдердің арасында, сексеуілді жерде кірпіштен салынған там екі бөлмеден тұрады. Әулиелер жолы кез келгенге бұйырмайды, сондықтан Дәулет бақсының есімін биіктетіп, ұрпақтарға таныта жүрейік.
Дина БӨКЕБАЙ