Жалындап өткен жас ғұмыр
15 сәуір – Қазалы топырағының даңқты перзенті, жалынды жастар жетекшісі Ғани Мұратбаевтың дүниеден озған күні.
«Оның өмірінің ең басты мағынасы жастар арасындағы жұмыс болды. Орта Азияда оның қатысуынсыз құрылған бірде-бір жастар ұйымы жоқ», – деп жазған мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов. Қысқа ғұмыры – Қазақстан және Орта Азия жас ұрпақтары үшін мағыналы, өнегелі өмір. Жастардың, халықтың сүйіктісі болған Ғани 1902 жылы маусым айының 3-інде Қазалы уезінде өмірге келген. Төрт жасында әкеден жетім қалған Ғани тоғыз жасында анасы Бәтимамен Қазалы қаласына келіп, қоныстанып, осындағы орыс-түзем мектебін, жоғары бастауыш училищесін, кейіннен Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын, Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген.
Жарқылдап тұрған жалынды жас Шығыс жастарының көшбасшысы болды. Түркістан комсомолының ІІІ съезінде орталық комитетінің мүшелігіне сайланып, сонымен қатар қазақ-қырғыз бюросында басқарды. Ал 1921 жылы әуелі Самарқан өлкелік комсомол комитетінің, кейін Түркістан Республикасы комсомол ұйымы ОК-нің бірінші хатшылығына сайланды. Осы уақыт аралығында Ташкент қаласында «Жас Алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторлығында атқарды.
Ғанидың сан-саналы қызметінің бірі жетім балаларды интернатқа, балалар үйіне орналастыруға белсене атсалысты.
Комсомолдың бүкілодақтық ІV съезінде Ғаниға төтенше өкілеттілік беріліп, Самарқанға жіберілуі оның Орта Азияда ірі саяси қайраткер ретінде танылуына жол ашады. Берілген өкілеттік бойынша оған облыстық комитеттің қаулысын тоқтатуға, ұйымдар құруға және оны таратуға, Самарқан облысындағы барлық кадр мәселесін шешуге, Орталық комитетке кез келген кадрды шақыруға айрықша құқық беріледі.
1924 жылы Ғани Мұратбаев жастардың халықаралық коммунистік қозғалысына да белсене қатысып, сол жылы оны жастар коммунистік интернационалдық конгресі КИМ атқару комитетінің мүшелігіне сайлады. Бұл кезде оның денсаулығы нашарлап, сырқаттанып жүрген уақыт болатын. 1925 жылы 15 сәуірде ол Мәскеу қаласында ұзаққа созылған ауыр науқастан қаза табады.
Ғанидың денесі Мәскеудегі Ваганьков қорымына қойылады. Оны ақтық сапарға 15 мыңға жуық мәскеулік жастар, 200-дей Балтық флотының матростары шығарып салады. Оған сол тұста Мәскеуде білім алып жүрген қазақ-қырғыз жастары түгел қатысады. Олардың ішінде Жүсіпбек Арыстанов, Өтебай Тұрманжанов, Жұмағали Елеусізов, Күләш Байсейітовалар да болады. Қаралы митингіде сөз сөйлеген қарт большевик-революционер Н.Н.Подвойский: «Біз кеңестік Шығыстың аса көрнекті өкілінен айрылдық. Мұратбаев жолдас еш уақытта бас тартпаған және бас тартқысы келмеген аса ауыр еңбек үстінде жанып кетті», – деді.
1925 жылы оның серіктестері «Біздің Ғани» атты естелік кітап басып шығарды. Қазақ жазушылары мен ақындары Ғаниға бірнеше шығарма арнады. Қоғам қайраткерінің есімі Алматы, Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, тағы да басқа қалалардағы көшелерге берілді. Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында және туған жерінде оған ескерткіш орнатылып, республикалық оқушылар сарайына, облыстағы бірнеше мектептерге Ғани Мұратбаев есімі берілді. 2002 жылы Ғани Мұратбаевқа арналған Қазақстанның пошта маркасы айналысқа енді. Көрнекті қоғам қайраткері туралы «Біздің Ғани» көркем фильмі, «Осындай қысқа ғұмыр», «Ғани» деректі фильмдері түсірілді. Сондай-ақ «Ғани Мұратбаев» атындағы республикалық жастар сыйлығы тағайындалды.
Мәскеудегі Ваганьков қорымындағы Ғ.Мұратбаевтың қабірі 30 жылдан астам уақыт бойы белгісіз болып келген. Кейін журналист Сейілхан Асқаровтың еңбегінің арқасында қайта табылып, 1973 жылы бейіт басына ескерткіш тақта қойылды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне сол кездегі БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Е.М.Тяжельников қатысып, сөз сөйлеген. Ғанидың зайыбы Бақытжан, бірқатар ардагерлер, Қазақстан жастарының жетекшілері арнайы барған. Әрине бейітінің табылып, ескерткіш қойылуы бұл орынның жастар тәрбиесіне қасиетті жаңа бір орынның ашылуындай болды. Бұл күндері туристтік саяхатпен Мәскеуге барған қазақ жастары Ғани рухына бас иіп, гүл шоқтарын қойып оралуды дағдыға айналдырған.
2007 жылы алғаш рет Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің қор сақтаушысы болған Ирина Галиулина Мәскеуге сапарлап, Ғани өміріне қатысты маңызды құжаттармен музей қорын толықтырып қайтты, әрі ел есінде мәңгі жас бейнесімен сақталған қайраткер бейітінің басына барып, рухына тағзым етіп, музей қорына басынан құмын әкелді. Бұдан кейін Мәскеуге сапар 2012 жылы жалғасып, Қазалыдағы туған-туысқандары мазар басында Құран бағыштады.
Ғ.Мұратбаев осыдан бір ғасыр бұрын айтқан «Заманның қожасы да, тұтқасы да – жастар» атты ұранды, қазіргі жастарымыз әлі күнге дейін қолданып келеді. Бұл Ғани салған сара жолдың мәңгілік екенін, қай кезде де елдің үмітін ақтайтын, ел сенімінен шығатын жастардың бар екенін тағы бір дәлелдейді. Қазір Ғани есімін бүкіл еліміз біледі және ардақтайды. Аққан жұлдыздай жарқ етіп көрініп, соңында өшпес із қалдырған Ғани Мұратбаев қазақтың мақтанышы.
Ақерке БЕРДІБАЙ,
Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері