Ата-аналардың жұмыс күнін бір сағатқа қысқарту: Үкімет бастаманы талқылайтын болды
Фото: freepik.comВице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұмангаринге Қазақстанда ата-аналар үшін жұмыс күнін қысқарту мүмкіндігі бар ма деген сұрақ қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Журналистер жуырда Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ата-аналар үшін жұмыс күнін қысқартуды ұсынғанын айтып, министрден бұл бастамаға қалай қарайтынын, экономика үшін мұндай шара қаншалықты орынды деп сұрады.
Серік Жұмангарин бұл бастаманы толығырақ зерттеу қажет екенін айтты.
"Әлемдік тәжірибеде мұндай жағдай бар. Біреу үйде болса, тұрмыстық жұмыстармен айналысса, әсіресе балалармен болса, бұл да өндірістік еңбек болып есептеледі. Бұл көрсеткіштер экономикалық есепте жоққа шығарылмайды. Барлық нәрсе есептеледі, экономикада бәрі саналады. Сондықтан бұл бастаманы тереңірек зерделеу қажет", - деді вице-премьер.
Ол сондай-ақ депутаттар бастамасын ресми түрде енгізген кезде Үкімет оны қарауға міндетті екенін айтты.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден кішкентай балаларды тәрбиелейтін ата-аналар үшін жұмыс күнін бір сағатқа қысқартуды ұсынған. Депутаттың айтуынша, ол бұл мәселені бұрын да үкімет деңгейінде көтерген, бірақ әлі шешім қабылданбаған.









