Samsung смартфондарынан израильдік тыңшы қосымшасы табылды
Фото: ©Pixabay.comSamsung смартфондарынан Израильге қатысы бар өшірілмейтін қосымша табылды. Бұл туралы Android Authority-ге сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
AppCloud қосымшасы – басқа бағдарламаларды басқаруға арналған утилита. Бұл сервис Galaxy A, M және F сияқты арзан сериялы смартфондарға орнатылған, сондай-ақ ол қолданушы туралы ақпарат жинап, оған сәйкес жарнамалар көрсетеді. Жуырда коммерциялық емес SMEX ұйымы жүргізген зерттеуде AppCloud қосымшасының Samsung құрылғыларының иелерін бақылауға мүмкіндік беретіні анықталды.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, AppCloud-ты бастапқыда Израильде құрылған ironSource компаниясы әзірлеген. Қазіргі уақытта бұл фирма америкалық Unity корпорациясына тиесілі. SMEX сарапшылары қосымша жинайтын деректер пайдаланушыны аңду мақсатында қолданылуы мүмкін деп есептейді. Олардың айтуынша, Samsung смартфондарында мұндай утилитаның болуы «елеулі құқықтық және этикалық салдарға» әкелуі мүмкін.
Журналистер мәселенің күрделенуіне қосымша себеп бар екенін айтады: AppCloud-ты іс жүзінде жою мүмкін емес – ол Samsung операциялық жүйесіне терең енгізілген. Қосымшаны тек бэкдор арқылы немесе root-құқықтарын алып қана өшіруге болады. Android Authority редакциясы Samsung компаниясына түсініктеме сұрап жүгінгенімен, жедел жауап ала алмаған.
Ақпанда Pegasus деп аталатын зиянды бағдарлама қарапайым iPhone пайдаланушыларын да бақылау үшін қолданылуы мүмкін екені хабарланған болатын. Pegasus – Израильдің NSO Group компаниясы әзірлеген тыңшылық вирус.












