Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шығыстың шамшырағы

Шығыстың шамшырағы

«Күн көсем» орнатқан заманда қазақтың басына үйірілген бұлтты сейілтуге бар күш-жігерін жұмсаған, ұлтын сүйген арда туған азаматтар болды. Солардың бірі – Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды ұйымдастырушысы Ғани Мұратбаев еді.
Ғани Мұратбаев 1902 жылы Қазалы жерінде дүниеге келіп, бар болғаны 23 жыл өмір сүрді. Бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық жүйеге көшу кезінде қызмет еткен Ғани заман көшіне ілесе білуде өз қатарларынан ілгері тұрды. Сол уақыт талабын жете түсіне отырып, оны басқаларға жеткізуде өзінің қайрат-жігерін, білімін пайдалана білді.
Қазалыдағы қазіргі №16 мектепті бітіргеннен соң бар уақытын білім алуға жұмсады. 17 жасында Коммунистік жастар ұйымына мүшелікке қабылданғаннан кейінгі өмірі комсомолға қызмет етуге арналды. Жан-жақты, сол қоғамның тынысын дөп басып сезген Ғани өзге қазақ ба¬лаларын оқуға тартуда, жетім балаларды интернатқа орналастырып, қанатының астына алуда аянбай еңбек етті. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманда қазақ балаларының сауаттануына ден қойғаны өз алдына, енді орнаған жаңа қоғамға сай қазақ халқының көзін ашу үшін 1921 жылы 19 жасында «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, алғашқы нөмірін жарыққа шығарды.
Қарапайым қазақ баласы қайраты мен қайсарлығы, алғырлығы мен саяси көзқарасының тұрақтылығы арқасында қатардағы комсомолдан Түркістан Республикасы Коммунистік Жастар Одағының жауапты (бірінші) хатшысы, дүниежүзілік Коммунистік Жастар Интернационалының Шығыс бөлімінің меңгерушілігіне дейін көтерілген тұлға.
Ол өзінің қарым-қабілетін атқарған қызметіне арнап, денсаулығына да қарауға мұршасы болмады. Ұйқысыз түн, тынымсыз еңбек, қауырт та қарбалас шақта асқынған өкпе дертінен 1925 жылдың 15 сәуірінде Мәскеудің «Биік тау» шипажайында көз жұмды. Жас Ғанидың қазасы оның серіктестері мен бүкіл шығыс жастарының жүрегін сыздатты. Мәскеу Ғаниды үш күн аза тұтып, он бес мың адам жиналған қаралы митингіде Балтық теңізінің екі жүз жауынгері құрметті қарауылда тұрды. Ғаниды Мәскеудің Ваганьков зиратына арулап жерледі. 1978 жылы бейіт басына Қазақстан Жастар Одағы ескерткіш орнатты.
Ғани өмірден өткеннен кейін ол туралы замандастары мен серіктестерінің естеліктерінен «Біздің Ғани» атты кітапша, әр кезеңдерде роман, повесть, өлеңдер жинағы, көркем және деректі фильмдер жарыққа шықты. Республиканың көптеген қалаларында ескерткіштер тұрғызылып, аудандар мен ауылдарда мектептер, көшелер аталды. 1968 жылы Қазалы қаласында мемориалдық музейі ашылды. Жыл сайын музейде Ғанидың туған және қаза болған күндері аталып, ел-жұрты рухына тағзым етеді.
Ғани Мұратбаев қазақ халқының маңдайына біткен дара туған тұлға болып қалды. Ол Кеңес дәуірінде туып, сол заман орнатқан комсомолға қызмет ете жүріп, өз халқының бақыты, болашағы үшін бар уақытын сарқа жұмсады. Ғани дүниеден озса да, артында тағылымды жолы, ізгілікті ізі, өзін қадірлейтін халқы қалды.
Ақерке БЕРДІБАЙ,
Ғани Мұратбаев мемориалдық
музейінің ғылыми қызметкері
16 сәуір 2018 ж. 4 386 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031