Мәртебе мұзартындағы марапат
Қазалы ауданында 2016 жылдан бастап Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығы беріліп келеді. Алғашқыда Қызылорда облысының үздік жастары ғана иеленген мәртебелі марапат бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі дарынды жастардың қолы жететіндей республикалық дәрежедегі сыйлыққа айналған. 30 номинация бойынша берілетін сыйлықтың бәсі биік, шоқтығы жоғары екендігіне биыл да көз жеткіздік.
Арысы Талдықорған, Қостанай, Талғар, Тараз секілді шаһарлардан жиналған жастар дүйсенбі күні Қазалы ауданында бас қосты. Өз саласының үздіктері атанған таланттылар ішінде бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ұлттық құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев, «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі Нартай Аралбай, Индрохоккейден Азия чемпионы Мұқағали Сансызбаев секілді дарынды жастар бар.
Еліміз бойынша қатысқан жүзден астам үздіктер ішінен іріктеліп шыққан жастар алдымен ауданның тұрмыс-тіршілігімен, тарихи орындарымен танысты. Вокзал маңында орналасқан Әйтеке би, Тәуелсіздік аллеясындағы Бегім ана, Асандар көтерілісіне арналған ескерткіш пен Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа батыр кесенесіне барып құран бағыштады. Келесі кезекте Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне бас сұғып, аудан тарихына қатысты, жаланды жетекші қолданған жәдігерлерді тамашалады. Ғани оқыған М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейде оқушылармен кездесті.
– Мұратбаев қазақ тарихындағы Орта Азия жастарының шоқ жұлдызы ретінде жарқ ете қалған тұлғаның бірі. Оның бүгінгі таңда жас ұрпаққа үлгі болар тұстары жетерлік. Замандастарымның осындай абыройлы сыйлыққа ие болуы барлығымыздың жүрегімізге жаңа серпіліс, ерекше қуаныш ұялатады. Менің ойымша, бүгінгі біздің жеткен жетістігіміз Ғани ағамыздың бағындырған белесіндей болмаса да алға жетелейтін жігер-күшіміз болады деген ойдамын, – дейді Қостанай қаласынан келген Нұралы Арыстан есімді жастар сыйлығының иегері.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат.