Теңіз табанына байланған тіршілік
Арал теңізінің құрғауынан келген қауіпті бәрінен бұрын экологиялық апат ошағында өмір сүріп жатқан тұрғындар көріп отыр. Бұл мәселе теңіз қайта толмай немесе айдын айналасындағы ауылдардан адамдар жаппай көшіп кетпейінше күн тәртібінен түспейтіні анық. Қазірдің өзінде теңіз табаны көрініп, облыстың экологиялық жағдайы ушығып тұр. Ұлтаннан ұшқан миллиондаған тонна тұз Памир, Тянь-Шань, Гималай тауларына дейін жетіп, қарт мұздарды ерітіп жатқаны әмбеге аян. Өңірде мыңдаған гектар егістік, шабындық жер мен жайылымдар жарамсыз күйге түсті. Осыдан кейін жаһандық қиындықты еңсеру үшін ел ғалымдары құрғаған теңіз ұлтанына орман меморациялық жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Бүгінде тіршілік теңіз табанына егілген сексеуілмен тікелей байланысты болып отыр.
Сексеуілден суға не пайда?
Сексеуілсіз аймақта орналасқан ауыл, бау-бақша, жолдар мен темір жолдар, каналдар мен барлық цивилизациялық өңір шөл және шөлейтке айналып, құм астында қалар еді. Өйткені желдің бұйрығына ғана көнетін құм мен тұз сексеуілден сескенеді. Жалғыз табиғи тосқауыл көшкінді тоқтатады. Бүгінде Тұран ойпатында сексеуілдің үш түрі бар. Ғалымдар оны қара (Іле), ақ, зайсан аталығына бөліп қойған. Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында көптеп кездеседі. Біреуге аз, екінші ағаш түріне көп көрінуі мүмкін, орташа өмір сүру ұзақтығы 50-60 жылға дейін жетеді.
Қазақстан сексеуілдің саны мен өсіміне байланысты дүние жүзінде көш бастайды. Осы ағашпен көмкерілген 6 миллион гектар аумақ бар. Негізі Қазақстанның орманды жерінің жартысын құрайды. Біле жүріңіз, үздік бестікке кіретін Түркіменстанда 2 миллион, Өзбекстанда 600 мың гектар ғана сексеуіл бар.
Табиғи тосқауылды жұрт неге мақтайды десеңіз, сексеуіл қыста қардың бұйырған жерде қалуына септеседі. Бұл жер асты суларын қоректендірудегі табиғаттың бұйрығы десек жарасады. Бұл әсіресе, қуаңшылық алдында тұрған Сыр жағалауындағы ағаш көлеңке мен топырақтың ылғалдылығын қамтамасыз ететін басқа шөптер мен бұталарға өмір «сыйлайды». Өткен жылы жайылымдағы сексеуіл аз болғандықтан құрғақшылық қиындығымен төрт түліктің тағдыры арқылы есептестік. Өйткені түйе, қой, ешкі жас сексеуілдің болмашы бұталарымен қоректенетін еді.
Қазақ халқы үшін әмбебап ағаш жер асты сулары жақын жерде өсетіндіктен оны су барлаушысы деп те атайды. Бірақ ең маңызды қызметі – шөлді және шөлейт аймақтардағы құмдардың көшкінін тоқтату деген тұжырымға тоқталамыз. Әңгіме ауанын Аралға қарай бұрайық.
Теңіз маңындағы ізденіс
Арал теңізінің тартылуы 1968 жылдан басталды. Бұған Әмудария өзенінің Арал теңізіне су түсіру қабілеті күрт азайып, әр жерден дарияға тоспалар жасалынуы себеп болған. Нәтижесінде каналдар арқылы Әмудариядан келетін тіршілік нәрі 1984 жылы теңізге мүлде тамшыламай қалған көрінеді. Ал өзбек ағайындар теңіздің тартылуына байланысты орман меморациялық жұмыстарды жүргізу үшін іс-тәжірибе жұмыстарын жыл бұрын, 1983 жылы бастап кеткен. Бұл туралы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген орман өсірушісі Сақтаған Ешмаханов айтып берді.
Осы мәселе бойынша 1984 жылы Қазақтың орман шаруашылығын ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Владимир Семенович Каверин Қазалы орман шаруашылығы мекемесіне келіп, Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына арнайы барады. Ғалым келешек орман меморациялық жұмыстар жүргізу үшін алдын ала тәжірибе алаңын жасайтын жерді зерделеуге келгенін айтқан.
– Мекеменің директоры Киікбай Әймішов маған бірге барып қайтуды тапсырып, өзінің Уаз-469 автокөлігін тізгіндеп берді. Таңертең «Қасқақұлан, қайдасың?» деп, жүріп кеттік. Бұл теңіз тола кезінде жан-жағы су арал болған, халық балық аулап тіршілік еткен жайлы мекен еді. УАЗ автокөлігі екі мостысын қосып жүргеннің өзінде сағатына 10-15 шақырымнан артық жылдамдықтан аса алмады. Неге десеңіз, дөңгелек сүйемдей жерге дейін таза борпылдақ тұз бен құмға бата кетеді. Көліктен түсіп көріп едік, борпылдақ тұз тобыққа дейін жетті. Жел тұрмағанның өзінде майда тозаң ары-бері жылжып тұрады. Аралап жүріп тәжірибе жасауға жарамды аумақтарды белгілеп, қазық қақтық. Кешкілік Қазалыға қайттық, – дейді ардагер орманшы.
Владимир Семенович ертеңіне кеңсеге келіп, келер жылы жұмысты бастау үшін ғылыми қызметкерлерден бригада ұйымдастыратынын айтып, кешкі пойызбен еліне қайтып кеткен.
1985 жылы күзде ғалым В.С.Каверин облыстық орман шаруашылығы басқарма бастығының орынбасары ретінде өзбектердің жасап жатқан іс тәжірибесін көріп қайтуға барады, Жанында бас орманшы Пак Григорий Андреевич, Алматы қаласынан топырақтың құрамын зерттеу мекемесінің маманы А.М.Малынин және Қазалы орман шарушалығы мекемесінің бас орманшысы Сақтаған Ешмаханов болған. Делегация Мойнақтағы тәжірибе алаңдарын түгел аралап, сексеуілдің тұқымын сеуіп, көшет отырғызу тәсілдерімен танысты. Кенет зерттеушілер Әмударияның теңізге құяр жерін құм басып, өзеннің арнасы көміліп қалғанын байқайды. Соның салдарынан Ұлы теңізге бұл жақтан су түсу мүмкін емесіне көз жеткізеді.
Елші ғалымдар елге қайтқасын В.С.Кавериннің басшылығымен 1986 жылдан бастап белгіленген учаскелерге сексеуіл, сарысазан, қарабарақ тұқымдарын сеуіп, тәжірибе алаңдарын жасады. Ғылыми бригада бірнеше ай далалықты мекен етіп, теңізде туар қауіпті сейілтуге жұмыс жасады.
Әлі күнге дейін әйгілі әдістеме
Бес жылға жуық уақыт ішінде жасалған іс-тәжірибелерінің нәтижесі бойынша В.С.Кавериннің «Құрғап қалған Арал теңізінің түбінде орман өсіру әдістемелік ұсыныстар» атты жинағы жарық көрді. Осы еңбекті орман шаруашылығы мекемелері басшылыққа алып, осы күнге дейін жұмыс жасап келеді.
Көп ұзамай Арал теңізіне байланысты Үкіметтің қаулысы шығып, экологиялық апат аймағы ретінде танылды. Құжатқа сәйкес Арал ауданынан орман меморациялық станциясы құрылып, 1990 жылы Қазақтың Орман шаруашылығы Минситрлігі бұйрығы бойынша Сақтаған Ешмаханов директор болып тағайындалды. Жаңадан құрылған мекеме теңіз ұлтанынан ұшқан тұз бен құмды тоқтату үшін сексеуіл, жыңғыл, сарысазан сияқты тұзға төзімді тұқым сеуіп, тамырлы көшетімен отырғызып егу мақсатында құрылғаны айдан анық еді. Аз уақыт ішінде су жаңа мекеме техникалармен жабдықталып, теңіз ұлтанының 1000 гектар жеріне жыңғыл көшетін отырғызуды бастап кетті. Теңіз табанына жауапты адам ретінде қыруар жобаларды жүзеге асырған ардагер орманшы ағаш отырғызуды тоқтатуға болмайтынын айтады.
– Арал теңізінің тартылуы облыс көлемінде экологиялық жағдайды нашарлатып жіберді. Суы тартылған аймақтан ұшқан құм мен тұз, шаң-тозаң ауаға тарап, барлық тіршілік атаулына кесірін тигізіп тұр. Мәселен, суы қайтқан аумақтан ұшқан құмдауыл ығына қарай 400, көлденеңінен 40 шақырымға дейін шарпиды. Шаңды дауыл зиянкесті 300 шақырым радиусқа шашады. Бұндай алапат табиғаттың құбылысына тосқауыл қою, жалаңаштанған жерді өсімдіктер егіп, тірілту болса, теңіздің тіршілігі келіп құятын суға байланысты.
Қазіргі кезде мамандар теңіздің құрғаған ұлтаны 4-5 миллион гектардан асатынын айтып отыр. Әмудариядан теңізге су тамбай тұрғаны белгілі. Осы мәселені халықаралық дәрежеде қарап, теңізге су түсіретін амалды қайткенде де табу керек. Аралды құтқару – әлемді құтқару екенін Сырдарияны жағалай жатқан елдердің санасына жеткізудің амалы табылады деп ойлаймын. Ал САРАТС жобасын жандандыру уақыт күттірмейтін мәселе екенін білмейтін адам кемде кем, – дейді Сақтаған Ешмаханов.
Көп көшет көшкінді тежеді
1990 жылдың күзінде көне Бөген елді мекенінің маңына алғашқы мың дана сексеуіл отырғызылды. 1991 жылдың қараша-қазан айларында 6 орман шаруашылығы мекемелерін Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына орман меморациялық жұмыстарды атқару үшін алдын ала белгіленген жерге орналастырылып, жұмысты бастап кетті. Жұмыс үш маусымда тәулік бой күні-түні тоқтамай жүретіндей етіп ұйымдастырылды. Нәтижесінде бір айда 18 мың гектар жерге сексеуіл, сарысазан, жыңғыл егілді. Осыдан кейін өңірдің экологиялық жағдайы салыстырмалы түрде жақсара бастады деуге болады.
Бірақ тағы бір қиындық қылаң берді. Алғашқы жылдары сексеуіл отырғызуды тікелей қаржыландырып отырған Кеңес одағындағы «Концорциум Арал» ұйымына қаржы бөлу тоқтатылды. Абырой болғанда сол тұста облыстық орман басқармасының басшысы Мухитдин Исмайлов Алматыға барып, Министрлік арқылы 1992 жылдың жоспарына енгізеді. Қаржы бөлінген бойда теңіз табанына тағы 18 мың гектар жерге сексеуіл, сарысазан көшеттері егілді.
1993 жылдың күзінде 18 мың гектар жерге сексеуіл, сарысазан көшеттері отырғызылып, 3 жыл көлемінде теңіздің ұлтанына, 54 мың гектар жерге орман меморациялық жобасы жүргізілгені белгілі. Қазіргі кезде сексеуілден басталған түрлі ағаштар бой көтеріп, орман басқан алқапқа айналған. Түрлі аң, құстар мен құландардың жыл он екі ай паналайтын жайлы мекеніне айналып отыр.
Жобада алға жылжу бары байқалғаннан кейін 2009 жылдан бастап қайтадан үлкен көлемдегі жұмыстар басталды. Дүниежүзілік банк пен Үкіметтің «Ормандарды сақтау және орманды алқаптарды молайту» жобасына сәйкес Арал теңізінің ұлтанына 79 мың гектар жерге сексеуіл егу жұмыстары жоспарланып, бас-аяғы бес жылда мақсат орындалды. Егер тұз көшкініне тосқауыл қойылмағанда Сырдағы аурушаң халықтың үлесі әлдеқайда жоғары болар ма еді, кім білсін?!
– Әрине, қазіргі күні жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық ауруға ұшырап жатқан жерлестер аз емес. Теңіз тартыла бастағанда ғылыми-зерттеу жұмыстары болмағанда мұндағы ахуал мүлде бөлек болары анық еді. Соны ескерген орман саласының мамандары жақында ғалым, Арал өмірінің білгірі, 30 жыл өмірін теңіз табанына үңілуге арнаған Владимир Семенович Кавериннің есімін ел есінде қалдыруға қадам жасады. 17 наурызда ғалым жүрген жерлеріне ескерткіш тақта орнаттық. Оған марқұмның баласы Юрий мен келіні Елена арнайы келіп қатысты. Әкелерінің еткен еңбегінің нәтижесін көзбен көріп, бізге алғысын айтты. Ал біздің қолымыздан келген ең кішкентай алғысымыз – ескерткіш Қасқақұлан орман шаруашылығының №65 кварталына орнатылды, – дейді Сақтаған ақсақал.
Сыр жұртшылығы биыл көрші елден тасқындап аққан дарияға қарап, шүкіршілік етіп отыр. Өйткені өткен жылы ғана өзеннің алдағы өмірі күмәнді болды емес пе?! Дегенмен Аралдың мәселесі, одан келетін залалдың алдын алуға аянбай тер төккен азаматтарды ел, тіпті әлем ұмытпауға тиіс. Теңіз толар күн туса, сырбойылықтар оларға алтыннан ескерткіш соғарына шүбә жоқ.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ