Таксиіңізді тартып алмасын...

Өзгерістің көп бөлігі такси қызметімен айналысушыларға қатысты өрбіген. Тиісті заң қабылданса такси қызметін көрсетушіде жолаушылар тасымалымен айналысуға рұқсат беретін тиісті құжат болуы міндеттеледі. Әрине, бұған дейін де бар заң жобасы жолаушыларды жолай ала кететіндерді азайтуды көздейді. Бұл ең біріншіден адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірсе, екіншіден көлеңкелі экономикаға қуат береді. Сол себепті енді тиісті рұқсат құжаттарынсыз жолаушыларды ақшаға алып жүрген көлік жүргізушілері әкімшілік жазаға тартылуы ғажап емес. Мұндай жағдайда азаматтар алдымен таксишілерден талон қағазын көрсетуді талап ете алады. Ол болмаған жағдайда құзырлы органдарға хабарласса болады.
Мұндай құқық бұзушылық үшін ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша – «Тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарламасыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сол сияқты әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру» айыппұл салынады. Жаза мөлшері: жеке тұлғалар үшін 45 945 теңгені құрайды. Ал лауазымды азаматтар 76 575 теңгені қалтасынан қиып беруге мәжбүр болады. Заңды тұлғалар мен кәсiпкерлiк субъектiлерi заңды бұзған жағдайда 460 мың теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Ал оны 12 ай ішінде қайталап бұзған жағдайда екі еселенген айыппұл төлейді. Жаңа Заң жобасындағы түзетуде, жазаның ақшалай түрінен бөлек, көлікті айыптау үшін тәркілеу ұсынылып отыр.
Қазіргі уақытта көлік құралын тұраққа қою себептерінің тізімі Әкімшілік кодекстің 797-бабында көрсетілген. Оған көлікті мас күйінде жүргізу, автотұраққа дұрыс қоймау, көліктің техникалық талаптарға сай келмеуі сияқты жағдайлар қарастырылған. Енді бұл тізімге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабы бойынша заңсыз тасымалдауды қосу ұсынылып отыр. Нәтижесінде заңсыз такси жүргізушісінің көлігі тәртіп бұзғаны үшін тәркіленуі мүмкін.
– Такси жүргізушілері бұл жаңалыққа қуанбаса, ренжімейді. Неге десеңіз, біздің қызметімізді пайдаланушыларды жолай, аз ғана ақшаға алып кететіндер көбейді. Бұл осы кәсіппен отбасын асырап отырған ағайындарға ауыр тиіп отыр. Әйтпесе, мен танитын таксидің барлығы дерлік салық органдарына тіркелген. Әркім өз ісімен айналысу керек деп ойлаймын, – дейді қазалылық такси жүргізушісі Дархан Оңдасын.
Еске салайық, қазақстандықтар қамаудағы көлікті тегін алып кете алады. Бұл үшін ешқандай берешегі болмауы керек. Тек көліктің қамалу себеп-салдары жойылса болғаны.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ