Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңай олжа оңалтпас

Оңай олжа оңалтпас

Қай әлеуметтік желіні ашып қарасаңыз, «Тез әрі оңай ақша табуға үйретемін» – деген жарнамалардан көз сүрінеді. Оңай олжаның ешқашан опа бермейтінін білсе де, бүгінде оған алданып, түрлі қаржы пирамидаларының құрбанына айналып жатқандардың қарасы қалың. Осындай мәселеге тап болғандардың қатарында құрбым Гүлжайнас та бар.
– Туыс жеңгемнен ватсап әлеуметтік желісі арқылы «Жылдам ақша табуға көмектесемін», – деген мәтіндегі хабарлама келді. Хабарламаны көзбен шолып шықтым да, кері жауып, мән бермей отырғанмын. Одан келген үздіксіз хаттардан соң, оған жауап қатпасыма болмады. Не қылған тегін ақша бұл? – деп таңданып, қызығушылық таныттым. Ол мұнда құрбысы арқылы келгенін айтты. Бір реттік салым салып, соңыңнан екі адам тіркеп, біршама қаржыға кенелуге болатындығын жеткізді. Басында аса сенім білдірмесем де, туыстарымнан қалмай, «Келер жері кең болсын», – деген желеумен қатарға қосыла кеттім. Артымнан құрбым мен сіңілімді тіркеп, барлық шарттарын тиісінше орындадым. Енді ақша қашан түсер екен деп күтіп жүрдік. Біршама уақыт өтті. Бізді желіге қосқан адам да жоғалды, ватсаптағы топтан да шығарып тастады. Сонда ғана оңбай алданғанымызды түсіндік. Кімнен кінә іздеп, кімнен жауап аларымызды да білмедік. Сөйтіп бұл әңгімені жылы жауып қойдық. Өзімнің алданғаныма ызаланғаным сонша, құзырлы органдарға арыздануға да ұялдым. Өйткені іштей дұрыс еместігін, біле тұра ақша салып, өзгелерді де өзіммен бірге қарызға батырдым. Бұл жағдай мен үшін үлкен сабақ болды, – дейді Гүлжайнас Мұрагерқызы.
Бүгінде осындай қаржы ұйымдары арқылы табысқа кенелеміз деп, құрғақ уәдеге малданып, кейін опық жеген Гүлжайнас сынды жандардың қатары азаймаса көбеймей отыр. Тіпті елге танымал жұлдыздардың өзі осындай ұйымдарды жарнамалап, кейін олардың да бастары дауға қалып жатқан жайттарды көз көріп, құлақ естіп жүр. Мұндай ұйымдар танымал адамдарды үптеп кетіп жатқанда, қарапайым адамдарды құрығына түсіру тіпті де қиын емес.
Сарапшы мамандардың айтуынша, қаржы ұйымдары уәдені үйіп-төгіп, адамдардың сеніміне тез ие болады. Жаңа қатысушы тартқаны үшін түрлі сыйақылар мен жеңілдіктерге ие болатындығына иландырады. Сонымен қатар салған инвес­тицияның бірнеше есеге өсіп, өзіне кері қайтатынына кепілдік береді. Сол арқылы олар салымшылардан түскен қаржыны айналымға қоспай, өз кірістерін көбейтумен айналысады.
Қоғамда қаржы пирамидалары және олардың түрлі құйтырқы істері туралы ақпарат жиі айтылып жатса да, азаматтар балға қонған арадай қаржы пирамидаларын жағалауын қояр емес. Арамзалардың жүйесінен хабардар жұртшылық тапқан-таянғандарын пирамида компанияларына өз қолдарымен тапсырады екен. Мұны психологтар адамдардың бойындағы жауап­кершілік пен сыни пайымның төмендігімен байланыстырады. Көпшілігі «Табыс қайдан келіп, қалай көбейетіндігі» туралы ойланып жатпайды, компания туралы ізденіп, зерттеу жүргізбейді. «Жақындарым да осы жолмен ақша тауып жатыр, демек менің де мүмкіндігім бар. Олардың жолы болды, менің де жолым болады» деп өздерін сендіреді. Сол арқылы тобырлық сана қалыптасады.
Кейбіреулері компаниялардың жұ­мыс жасау механизмі мен прин­циптерін біле тұра салым салады. Өзін қаржылық тұрғыда сауатсызбын деп есептемейді және алдағы болатын жағдайлардан сақтанғанмын деп ойлайды. Мұндай кезде адамдардың сыни ойлауы төмен болады. Ал скептиктер барлығына күдікпен қарап, сене қоймайды. Бірақ компаниядан қандай да табыс түсетінін түсінсе, басымен кіріп кетеді, – дейді психолог мамандар.
Қазіргі уақытта қаржы пирамидаларын құрушылармен оларға шақырушылар – қаржылық сауаты басым, өз саласының білікті мамандары. Онымен қоса технологияны жетік меңгерген. Адамдардың эмоцияларын басқара алатын қасиетке ие. Соның әсерінен қаншама отандасымыз сан соғып, адалынан тапқан ақшасын әлі де кері қайтара алмай жүр.
Статистикалық мәліметтерге сүй­ен­сек, Қазақстанда соңғы 5 жылда қаржы пирамидаларының алаяқтық қызметі бірнеше есе өскен. Олардың барлығы аферистік схемаларды қолдану арқылы халықтан ақша жинауға бағытталған. Мұндай ұйымдардың басым көбі күмәнді немесе заңсыз жолдарды пайдаланады. ҚР Ішкі істер министрлігінің көрсеткен мәліметі бойынша Қазақстанда 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болған, оларға 54 миллиард теңгеден астам сомаға залал келтірілген.
Қаржы пирамидасының құрығына ілігіп, өз сауатсыздығының құрбанына айналмас үшін көңілде күдік пайда болған сәттен-ақ, құқық қорғау органдарына уақытында жүгінген дұрыс. Мемлекетіміз азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, қаржылық сауат­тылықты қалыптастыруға көңіл бөлсе, орын алып жатқан заңсыздықтардың алдын алуға мүмкіндік болар еді.
Әлем экономикасы дағдарыстық жағ­дайда тұрған шақта «оңай олжамен оңала­мын», деп ойлау үлкен қателік. Сондықтан орыс халқының «тегін ірімшік қақпанда ғана болады» деген нақылын естен шығармай, адал жолмен еңбектенгеніміз абзал.


Арайлым ЖҮСІПОВА
12 сәуір 2022 ж. 486 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031