“Жедел ақша” жарға жықпасын...
Бүгінгі таңда интернет желісі мен көше бойын жағалай ілінген хабарландыруда “жедел ақша” беретін ұйымдардың жарнамасынан көз сүрінеді. Соған зер салып қарасаңыз, ағыл-тегіл тегін дүниеге кез болатындай күй кешесіз. Осылайша олар үйден шықпай кредит алуға бар мүмкіндікті жасап, жалпақ жұртты қармақтарына түсіруде.
Арзан жарнамаға алданып, “жарылқаушылардың” құрығына іліккендер біздің арамызда да жетерлік. Соның бірі Алтынбек Жарманов (кейіпкердің аты-жөні өзгертіліп берілді) мұқтаждықтан алынған несиені уақытымен өтегенімен, әлі де адамның санасына кірмейтін проценттер қосылған қарызы бар екенін естігенде есінен тана жаздаған.
– Несін жасырайын, отбасылық жағдайыма байланысты шұғыл қаражат қажет болып бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Бүгінгі күні кімде басы артық ақша тұрады дейсің. Содан таныстарымның айтуымен “Жедел ақша” беретін онлайн кредит ұйымның байланыс нөмірін тергенмін. Олар көп сөзге келместен бір ғана құжатпен сұраған сомамды бере салды, – дейді ол бізбен әңгіме барысында.
Алғашында ақша алғанына қуанған Алтынбектің бас ауыртар басты мәселесі алда күтіп тұрған. Өзінің айтуынша, белгіленген соманы мерзімінде төлеп болған соң, еш алаңдамастан жүре берген. Алайда арада біршама уақыт өткеннен кейін әлгілер несиені неліктен төлемей отырғанын, бұлай жүре берсе үстеме пайызы өсе беретіндігін жеткізіп, дереу есеп айырысуды талап етеді. Тіпті, істің аяғы насырға шауып, сотқа дейін де жетуі мүмкін екенін ескертуді ұмытқан жоқ. Оларға мән-жайды түсіндіріп бермек болған Алтынбектің бұл әрекетінен түк те шықпайды. Әділдіктен үміт үзген оның заңгерлерге жүгінуден басқа амалы қалмайды.
Бір қызығы жылдам ақша беретін ұйымнан зардап шегушілер қатары біз ойлағаннан да көп болып шықты. Олардың барлығы дерлік арзан жарнамаға алданып, бармақ тістеп қалғанын кеш ұққандар.
– Үйде отырып, интернеттен қарыз алатын күнге де жеттік. Артынан зарлап, сол кредиттен құтыла алмай жүреміз. Олар кредитті әдейі оңай беріп отыр. Оның алдауына, құрсауына түскендер қаншама?!
Өкінішке орай, онлайн кредит беру халық арасында алаяқтыққа да жол ашты. Біреу сыртыңыздан оп-оңай кредит алып, Сізді сазға отырғызып кетуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайлар көптеп кездесіп жатыр, – дейді “Заң заңғары” құқықтық компаниясының директоры Рауан Есбергенов.
Заңгерлердің айтуынша, бұл кредиттен құтылу оңай емес. Себебі, кредитті толық жаптық деген адамдардың өздері әуре-сарсаңға түсіп, сабылып кетеді. Сондықтан уақытында кредитті жапқанның өзінде төлем жасалған түбіртекті көздің қарашығындай сақтау керек. Уақытында төлеп жаба алмаған жағдайда да қарызды тек сот арқылы өтеген дұрыс. Олар Сізді сотқа берсе, одан қауіптенудің қажеті жоқ. Себебі, сотта өз құқықтарыңызды қорғауға мүмкіндік пайда болады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, онлайн кредит алатындардың көпшілігі бойдақтар көрінеді. Соған қарағанда бұл несиені олар қатты бір мұқтаждықтан алмағандығын байқауға болады. “Сақтансаң сақтайды” демекші, барынша жарнамасы айқайлаған жылдам несиеге жоламаған абзал.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ