Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтардан айла ауыспай тұр

Алаяқтардан айла ауыспай тұр

Соңғы уақытта банктік шоттар мен депозиттерден қаражатты ұрлаумен байланысты интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары анықталуда. Мұндай әрекеттер банктік шот, төлем картасы мен депозит иелерінің ақпаратына рұқсатсыз қол жеткізу арқылы жүргізіледі. Бұл ретте тұтынушыға қызмет көрсетілетін ірі банктердің байланыс орталығының ресми қоңырауларына ұқсас жалған нөмірден хабарласуы жиі кездеседі. Қаскүнемдер азаматтарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстыру арқылы алаяқтықтың жаңа тәсілін тапқан. Оларға ЖСН, төлем карточкаларының деректемелері, СМС-код пен бір реттік құпия сөзді атауды талап етеді. Қаржыгер Досбол Арыстанбеков осы сынды жәйт орын алғанда деректерін айтпауға кеңес береді.

Ғаламтордағы баукеспелер
Қазіргі кез “ақпарат пен технология ғасыры” деп текке айтылмаса ­керек. Американдық Брайан Трейсидің айтуынша, енді ақпарат көлемі жыл санап еселеніп отырмақ. Мұның бәрі электрондық нұсқада болатыны анық. Осындай цифрлық бағдарламаға байланған заманда интернет арқылы қылмыс жасайтын “хакер” пайда болды. Олардың баукеспелерден ерекшелігі – ұсақ-түйек тиын-тебенді місе тұтпайды, миллион, тіпті, миллиардты жымқырады. Ақша ғана емес, мемлекеттің жасырын мәліметін, түрлі коммерциялық құрылымның кәсіби құпиясын тартып, ақпараттық қатер төндіреді. Ең сорақысы – мұндай қылмыскерлерді ұстау да, жазаға тарту мүмкін.
Қауіптің бұл түрінен ірі кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар ғана емес, жеке адамдар да зардап шегуде. Жиған-терген мүлкі мен ақшаларынан бір-ақ сәтте айрылып, тақырға отырады. Ұрылар жазадан сытылып, өздеріне заңның дәрменсіз екендігін сезінеді.

Қылмыс жасау тәсілі қандай?
Түрлі айла-жарғымен ұрлық жасайтын алаяқтардың шеберлігі кім-кімді де таңдай қаққызады. Қазір тетікті басып қалсаң, «батпан тап келтіретін» интернет-бизнеспен айналысатындар көп. Тек оның жалғаны мен ақиқатын айырсаңыз игі.
– Сайт арқылы ақша табуға болады» деген ютубтен көрген бейнетаспаға сеніп, тіркелдім. Онда бірнеше пакет түрі бар. «Сатып алып, содан кейін күн сайын тиындап түскен табысты қалтаңа салып отыруға болады» делінген. Әлгі видеода сайтқа қалай тіркеліп, қалай ақша табатындығы нақты түсіндірілген. Содан “вебманней” арқылы жүз долларға пакет иемдендім. Оны активтендіріп, көрсеткен тетігін басқанда, ақша түсуі тиіс еді. Бірақ нұсқаған тетікті басқанмен ақша түсудің орнына, шыр айналып тұрып қалды. Бірнеше сағаттап күткенмен, ештеңе түспеді. Ертеңіне, бірнеше күннен соң да осы жайт қайталанды. Сонда ғана өзімнің алаяқтың қармағына іліккенімді түсіндім”, – дейді атын жасырған А.Ж есімді кейіпкер.
Тағы бір алданған жан, табысын еселеймін деп жырық астаудың жанында қалғандығымен бөлісті. – Криптовалюта – электронды валюта дегеннің жаңа шығып жатқан кезі. Есепшот ашып, оған салған ақшаны басқа электронды әмияндарға аудару арқылы ақша табуға болады. Ютубте бұның қалай жүзеге асатыны көрсетілген. Соған сеніп, ақшамды аудар деген жерге жіберіп, нәтижесінде түксіз қалдым. Осындай бірнеше алаяқтықтың құрбаны болған соң ес жидым.
Қазір электронды поштаға келетін хаттардың, әлеуметтік желідегі оңай олжаға қарық боласың деген мәтіннің бәрін ойланбастан өшіремін. Оның есесіне ақшам қалтамда, алаяқтардан аулақпын, – деген уәжін жеткізді.

Оңай олжа орға жықпасын
Алаяқ пен ұрылардың қолданатын ең сенімді қаруы – адамдардың ашкөздігі. Олар: «тиын-тебен салу арқылы мол табыс табасың немесе қымбат тұратын мүлік пен пәтерді, автокөлікті базар бағасынан әлдеқайда төменге беремін» деп сан соқтырып жатады.
Орыстың «тегін ірімшік қақпанда ғана жатады» деген мақалы бар. Өмірде оңай олжа болмайды. Сондықтан, интернет арқылы жеңіл табыс табуға болады деген жарнама мен сайттардағы базар бағасынан арзан пәтер немесе автокөлік, басқа да мүлікті көрсеңіз, оның тасасында алаяқтық жатқанын есіңізден шығармаңыз.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
13 қараша 2021 ж. 417 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031