Иесіз ит жаман
Жақында жақын ағайындарымыз бас қосқан отырыста Әйтеке би кентінде иесіз, қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбейіп кеткендігі туралы әңгіме қозғалды. Бірі келіндерін таңертең және жұмыстан қайтарда иттерден қорғап, алып барып, алып қайтатынын ортаға салды. Екіншісі немерелерін мектепке шығарып салып, күтіп алуға баратындарын айтып жатты.
Қазір өзім зейнеткерлер қатарында болғандықтан түрлі шаруаларға байланысты жеке автокөлігіммен көп жүремін. Шынымен де кент көшелерінде топ-тобымен өріп жүрген иттерді көретініміз рас. Соңғы уақытта соларды аулаумен айналысатындарды өз басым кездестірмедім.
Бұрын бұл мәселеге аса мән бермейтінмін. Алайда халық қобалжу білдіріп жатқан істің жай-күйін білу мақсатында Қазалы ауданы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының (бұрынғы СЭС) басшысы Ғабит Сарқұловпен хабарласып, осы мәселе жөнінде біраз мағлұматтарға қанық болдым. Оның айтуы бойынша, 2021 жылы аудан бойынша барлығы 143 адам жануарлардан зардап шеккен. Оның ішінде 131 адам итке таланған, 8 адам мысыққа, 4 адам басқа жануарларға таланған.
Үстіміздегі 2022 жылдың бірінші тоқсаны да көңіл көншітпейді. Бұл мезгілде 26 адам иттен, 2 адам мысықтан, 2 адам басқа жануарлардан, барлығы 30 адам зардап шеккен. Бұл нақты тіркелгені ғана.
Аудандық ветеринарлық станцияның бастығы Болатбек Әміреевтің берген мәліметіне сенсек, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды ұйымдастыруға 2021 жылы бюджеттен 3 миллион 967 мың теңге қаражат бөлініпті. Аталған ақшаны мекеме толығынан игеріп, 2124 ит, 526 мысық жойылыпты. Бірақ бір таңқаларлығы, қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою комиссиясына аудандық денсаулық сақтау (СЭС) мекемесінен уәкіл қатыстырылмапты. Олардың жою кезінде қатаң орындалуға тиісті жауапты талаптарының бар екенін біз жақсы білеміз.
Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Ардақ Кәдіровтен адамдарға қауіп төндіретін дала хайуанаттарының көзін құрту жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқандығы туралы мәлімет алдым.
Оның айтуы бойынша, 2021 жылы аталмыш мақсатқа Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы конкурс ұйымдастырған. Нәтижесінде жеке кәсіпкер «Қожанов Ғани» жеңімпаз болып, оған 1 миллион 712 мың теңге бөлініп, барлығы 156 жыртқыш аңдардың, оның ішінде 15 қасқырдың, 141 шибөрінің көзі жойылған көрінеді.
Шынын айту керек, қазір дала төсінде де шибөрілер көбейіп кеткені байқалады. Өйткені түнгі мезгілде жылаған бала даусына ұқсас дауыс кент тұрғындарына да естіліп жатады.
Құтыру ауруын тарататын ет қоректі жабайы жануарлар: қасқыр, қарсақ, түлкі, шибөрілер екен. Ал қаңғыбас иттер мен мысықтар ауру аңдармен байланысушы немесе нифекциялық тасымалдаушылар болып табылады.
Құтыру ауруының тарауының ең қарапайым түрі шет аймақтарда тұратындардың иттеріне тамақ құятын ыдыстарына мұқият қарамауынан туындайды. Егер итіңіздің ыдысын немесе кемірген сүйек-саяғын дала тағылары келіп жаласа дұрыс жағдай емес. Себебі ауру қоздырушы вирус хайуанаттардың сілекейінен бөлініп тарайды. Иттің құтыру белгісі: тынышсызданады, тамақ ішпейді, аузынан сілекейі шұбырып, кез келген нәрседен үйрейленеді, үргенде дауысы қарлығып шығады.
Тұрғындардың барлық ит-мысықтары тұқымдарына қарамастан әр жыл сайын құтыру ауруына қарсы егілу керек. Алайда бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізіліп жатыр деп айта алмаймыз.
Адамдарға құтыру ауруы жануарлардан тістеу арқылы қанға беріледі. Сөйтіп жүйке жүйесін қатты зақымдайды. Егер құтыру ауруына күдікті жануар тістеп алса, ауруға қарсы вакцина егу жағын ескерген жөн. Ит ретсіз бос жіберіліп, ол біреуді қауып алса, иесіне әкімшілік айыппұл салынатынын да білген жөн.
Жамандықтың бетін әрі қылсын, десек те осыдан 5-6 жыл бұрын кентімізде өкінішті жағдай орын алып, екі жасөспірім оқушы баланы қаңғыбас, құтырған иттер талап қайтыс болғаны есімізде.
Құтырған ит жарақатынан көз жұмған адамның инфекциялық жұқпалығы өте жоғары болғандықтан мәйітті дизенфекциялап, целофанмен мұқият орап, жақындарына жууға рұқсат етілмеді.
Жуырда орталық телеарналардан Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында екі баланың қаңғыбас иттерге таланғаны айтылды. Оның біреуі оқиға орнында қайтыс болған. Ал екіншісіне жедел медициналық көрсетіліп, ауыр жағдайда санитарлық авиациямен ауруханаға жеткізілген.
Айта кетерлік жайт, үстіміздегі 2022 жылға қаңғыбас ит-мысықтардың көзін жоюға мемлекеттік бюджеттен қаражат қаралмай отыр. Оның себебі биылғы жылдан бастап жануарларды қорғау туралы заң қабылданған. Бұл заң бойынша атқарушы органдарға біршама талаптар қойылған. Оның ішінде қаңғыбас иттерді атып аулауға тыйым салынғандықтан, оларды ұстап арнаулы панажай салып, жағдай жасау керек.
Ауданның атқамінерлері бұл бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр екен?
Кемал КӨПЖАСАР,
Қаржы, салық саласының ардагері