Бұралқы ит – бұқараға қауіп
Мектеп оқушыларының оқуы дәстүрлі форматқа ауысып, көшенің сәні кіріп қалды. Сабақ басталар сәтте мектепке асығатын балалардың қайтарда жүрісі баяулайды. Арқаны кеңге салып асықпай, улап-шулап келе жатады. Алайда ата-ананы алаңдататын бір жайт бар. Ол – бұралқы иттердің көше бойында көптеп жүруі.
Қазір қыс мезгілі. Сағат кешкі алтыдан кейін айналаны қараңғылық баса бастайды. Ал балалар соңғы сабақтан жетіден өте шығатынын ескерсек, әжептеуір түнге қалатыны сөзсіз. Қараңғы көшемен қоса, қаптаған қаңғыған ит бала түгіл үлкен адамның үрейін ұшырады. Топтасып жүретін ашыққан иттер, адамды айналсоқтап, күндіздің өзінде қауіп төндіреді. Ит біткеннің бәрі иесіз деп айта алмаймыз. Осы ретте әр адам өзі бағып отырған үй жануарын шарбағында ұстап, тіпті қажет болса, байлап қойғаны жөн. «Пәленшені ит тістеп алыпты», «Көршінің итінен көшеде жүре алмаймыз» деген секілді тұрғындар назына құлақ түретін мекеме басшылығының мәліметінше, өткен жылы 2118 ит пен 533 мысықтың көзі жойылған. Обал-ақ. Дегенмен, қаңғыбас ит, мысықтың қауіптілігін ескерсек, оларды атудан басқа амал жоқ. Олардың айтуынша, егер сіз көшедегі иессіз иттің қауіптілігін аңғарсыңыз кент әкімдігіне келіп өтініш қалдырасыз. Ол жерде нақты мекен жайыңыз бен аты-жөніңіз көрсетілуі тиіс. Содан соң тиісті шара қолданылады. Ал аса қауіпті, яғни, құтырған итті көрсеңіз, дереу мекемеге байланысқа шығып, тікелей өтініш жасайсыз.
Жуырда жүмыстан қайтып келе жатып, көше басынан көрші әжейді жолықтырып қалдым. Амандасып, хал сұрасқан соң қарт кісінің бұндай уақытта сыртқа шығуының бір себебі барын іштей сезіп: Апа, бір жерге бара жатырсыз ба? Кеш түсіп кетті ғой, – дедім.
– Жоға, екі кештің ортасында қайда барайын шырағым, немеремді күтіп тұрмын. Мектептен осы жерге дейін жарық жанып тұрған соң, сыныптастарымен жетеді. Әрі қарай өзім алып кетемін. Қараңғы көшеде қаптаған ит жазым ете ме? деп жаным қалмайды, – деген әже белінің ауырғанынан бүкшеңдеп әрең тұр.
Әне-міне дегенше жанымызға жеткен топ бала айрық жолдан жан-жаққа бөліне бастады. Әженің немересі де көрінді. Үшеумізден бөлек, соңымыздан төрт-бес бала келе жатыр. Бесінші сыныпта оқимын деген Айбар есімді жеткіншек маңдайына таққан фонарын жағып алды. Қою қараңғылықта біршама жарық пайда болды.
– Мынауың керемет екен. Қолың да тоңбайды, аяқ жолыңа жарық түседі, – деп едім Айбар: Иә апай, әкем осыны арнайы сатып әперді. Мені күнде күтіп алатын адам жоқ. Үйдің үлкенімін. Анам бауырларымның қасынан шыға алмайды. Әкем басқа қалада жұмыс жасайды. Демалысқа келгенде күтіп алады. Әзірге осылай қайтамын, – деді.
Ата-ана баласы үшін қолынан келгенді жасайды. Жасы жетпістен асса да немересін күтіп жүрген әже мен үйдің үлкені Айбардың жағдайы-ақ көп жайттан хабардар етеді. Қараңғы көшелер толықтай жарықтанып, қаңғыбас иттер туралы біреу арыз жазбайынша қимылдамай отыра бермей, тиісті мекеме қызметкерлері ара-тұра аралап тұрса болмас па еді деген сұрақ ойыма орала берді. Олар «Өтініш түспейінше ата алмаймыз» деген уәжді алға тартатын шығар. Алайда бала-шағаны асыраймын деп таңертеңнен кешке дейін жұмыста жүрген ата-ананың әкімдікке әдейілеп барып арыз жазып отыруға уақыты сай келе ме?
Менімен ойы бір жерден шығатындар жоқ емес екен. «Шынында да арыз түспей-ақ аптасына бір рет болсада аралап, қаңғыбас иттердің көзін құртса болмас па екен. Иесі бар ит көше кезіп, азық іздеп жүрмейді ғой», – дейді дүкеннен қайтқан Сәбира апа. Олай айтуының жөні бар. Тапа тал түсте топтасқан иттер кісінің қолындағы азық-түлік салынған қалтаға тіміскіленіп, дегбіріңді қашырады.
Бұралқы иттердің балалар ғана емес, бұқараға қауіп төндіретінін ескерсек, бұл іске байыппен қарағанымыз жөн.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА