Жоспарлы жұмыстар қолға алынуда
Аудандық «Қазалы» газетінің 2018 жылғы 23 қаңтардағы №7 санында Әйтеке би кентінің тұрғыны, қаржы саласының ардагері Кемал Көпжасардың «Иесіз иттерге кім ие?» атты мақаласы жарияланып, Әйтеке би кентінде иесіз иттер мен мысықтардың көбейіп кеткендігі туралы айтылған еді. Осыған орай аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Болат Әміреевтен төмендегідей жауап келді.
«Қазалы ауданының ветеринария бөлімі» КММ-нің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазалы аудандық ветеринариялық стансасы» МКК-ны 1 бригадамен (құрамында 2 атқыш, 1 көлік жүргізуші) қаңғыбас иесіз иттер мен мысықтарды аулап, жою жұмыстарын жыл сайын аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес атқарып, толығымен игеріп келеді.
2018 жылға 6069,0 мың теңге қаржы қаралып, бүгінгі таңға күн сайын ауланып, жойылған ит 1095 бас, мысық 181 бас болып отыр.
Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап, жою жұмыстарына арнаулы комиссия құрылған. Комиссия құрамында жергілікті әкімдіктердің бас мамандары, кәсіпорын қызметкерлері кіргізілген. Осы комиссия мүшелерінің жасаған актісіне сәйкес ауланып, жойылған иттер мен мысықтардың өлекселері қала, кент және ауылдық округтердің шет аймағында орналасқан арнайы белгіленген орынға (биотермиялық шұңқырға) көмілуде.
Қаңғыбас иесіз иттер мен мысықтарды аулап, жою жұмыстарына Қазалы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасы тарапынан ҚР ДСМ 28 сәуір 2017 жылғы №217 «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» бұйрығы тізбесінде көрсетілмегендіктен комиссия құрамына маман қатыса алмайтындығын білдірген болатын.
Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап жоспарға сәйкес құтыру ауруына қарсы иттер мен мысықтарға ғана емес ауыл шаруашылығы жануарларына да егу жұмыстары жүргізіле бастады.
Атап айтсақ, былтыр құтыру ауруының алдын алу мақсатында 6700 бас мүйізді ірі қара, 2000 бас уақ мал, 700 бас жылқы, 300 бас түйе, 3500 бас ит, 1000 бас мысық егуден өтті.
Аудан көлемінде құтыру ауруының алдын алу және болдырмау жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілген. Соған сәйкес жұмыстар жүйелі жүргізіліп, Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылғы 18 наурыздағы №262 шешімімен бекітілген Қызылорда облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын халық арасында түсіндіру шаралары атқарылып келеді.
2017 жылы жыртқыш аңдардың санын реттеу бойынша жергілікті атқарушы орган тарапынан қаржы бөлінбегендіктен, жойылмаған. Ал 2018 жылға аудан бойынша «Қазалы орман және жануарлар дүниесі жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-не 1807,5 мың теңге қаржы қаралып, 10 қасқыр, 100 шибөріні жою жоспарлануда. Аталған жұмыстар конкурс жеңімпазы анықталғаннан кейін жүргізілетін болады.
Әйтеке би кентінде топ-тобымен өріп жүрген иттердің көпшілігінің иесі бар. Себебі, тұрғындар иттер мен мысықтарды асырау кезінде, әсіресе қыс айларында күннің салқын болуына байланысты қараусыз, босатып жібереді. Олар дүкен, үй және елді мекен сыртындағы күл-қоқыстарда жүреді. Бұл жерлерден жабайы жыртқыштар тамақ тауып жейді. Қазіргі уақытта, сол бос жүрген иттер мен мысықтар тұрғындарға қауіп төндіріп, көбіне жасөспірім балалардың қол, аяқтарына дене жарақатын салады. Жасөспірімдер иттерін, бір-бірімен төбелестіру, оларға кесек лақтыру, ит және мысықтармен ойнау тәрізді жағдайлардан да жарақаттанып жатады. Сол себепті, бос жүрген иттер мен мысықтарға жақындамауды балаларға ескерте жүрген жөн.
Қоғамдық орындарда иесіз жүрген (кәсіпорындарда, ұйымдарда, мекемелерде иелері байлап кеткен және қарғыбаумен жүрген иттен басқа) иттер мен мысықтар, қараусыз (қаңғыбас) деп есептеледі және олар қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жөніндегі мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар тарапынан аулауға жататындықтан, иесі бар иттер мен мысықтарды да аулап, жоя бергеннен оларды дұрыс бағып-күтіп, қараусыз қалдырмай, оқшау аумақта үй ауласында байлап ұстаған дұрыс. Себебі, олар ауру тасымалдаушы аңдармен байланысып, ауру жұқтыруы мүмкін.
Жабайы жыртқыш аңдардың (қарсақ, түлкі, шибөрілер) қала, кент және ауылдық елді мекендердің орталығына, тіптен қора маңына дейін жақын келуі ауылдық округтегі үлкен кісілердің айтуы бойынша иттердің азайып кетуінен орын беріп отыр.
Құтыру – көне заманнан бері белгілі, соңы өлімге алып келетін аса қауіпті жұқпалы ауру болып табылады. Бүгінгі таңда ол дүние жүзіне тегіс жайылған. Бұған жылықанды жануарлардың барлығы шалдығады. Ауру әдетте құтырған хайуанаттардың: ит, мысық, түлкі, қасқыр, шибөрінің сілекейі арқылы тістеген, тырнаған кезде жұғады.
Сондай-ақ, вирус сәл ғана зақымданған тері арқылы енуі мүмкін. Құтыру ауруының жасырын кезеңі 1 күннен 1 жылға дейін, тіпті 3-5 жылға дейін созылады. Аталған аурудың нақты маусымы болмағандықтан, ол жыл бойы тіркеледі.
Сондықтан, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үй жануарлары, оның ішінде ит-мысықтардың санын реттеу, оларды паспорттау, құтырмаға қарсы вакцинациялау және халық арасында құтырманың алдын алу бойынша насихат жұмыстарының жүргізілуін жандандыруымыз қажет.
Болат ӘМІРЕЕВ