Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыстан оралмаған Ордабай батыр

Соғыстан оралмаған Ордабай батыр

Қазақ хандығы құрылғаннан бері қазақтар негізінен өзінің кең байтақ жері мен ата жұрт елін қорғаумен келеді. Сол кездері аты шулы небір батырлар өмір сүрді. Оларды халық қисса, жыр етіп жатқа айтқан. Біз де сол қиссаларды жаттап өстік.
Тек Ресейге бодан болғаннан кейн ғана, 1916 жылы қазақтар бірінші дүниежүзілік соғыста қара жұмысқа алынды. Ал 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысына қатысып, бүкіл Кеңес жерін қорғады. Сол жылдары Қазалы ауданынан 12 мың адам соғысқа аттанып, тең жарымынан астамы елге оралмады. 2800-ден астам азаматтың отбасына хабар-ошарсыз кетті деген «қара қағаз» келді. Қазалылық 5 адам Кеңес Одағының батыры атанды. Ал, соғысқа қатысқандардың ішінен «Кеңес Одағының батыры» атағына және басқа наградаларға ұсынылып, бірақ бекімей және ала-алмай қалғандары қаншама?! Солардың бірі «Отечественной войны 1-ой степени» орденінің иегері, Қазалының төл перзенті, батыр Ордабай Жүргенұлы.
Ордабай Жүргенұлы 1921 жылы Қазалы ауданының «Жанай» (кейін Сталин атындағы колхоз аталған) елді мекенінде дүниеге келген. Кішкене шектілердің үлкені Жиеней аталығынан шыққан.
Ордабай батырдың өмір жолына тоқталар болсақ, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Жүрген мен анасы Әлима Ақжан Ордабай есімді перзентті тәрбиелеп өсірген. Ордабайдың әкесі ертеректе қайтыс болып, жетім қалады. Жастайынан анасы Әлиманың тәрбиесінде болды.
Әлима Жиеней Әбдібайға күйеуге шыққан жалғыз қызы Айжанның қолында болған. Сол қызынан Амангелді мен Айжамал туған. Айжамалдың күйеуі Майдан Өмірзақ – республикаға белгілі стоматолог дәрігер.
Қазалының Бозкөл ауылынан шығып, Қарағанды медициналық институтын бітіріп, Қызылорда Қалалық санэпидстанциясын абыроймен 30 жыл басқарған, кейін Қызылорда Қалалық Ардагерлер Кеңесіне төрағалық еткен ініміз марқұм Амангелді Әбдібаев хабар-ошарсыз кеткен. Ордабай – нағашысын іздеп табуға, абырой-атағын орнына келтіруге бірден-бір еңбек сіңірген жиені. Осы туралы «Сыр ардагері» газетінің 01.11.2012 жылғы нөміріндегі «Алапат айқаста асқан ерлік көрсеткен аға алдындағы парыз» мақаласында толық жазып кеткен.
Әбекеңнің айтуынша, нағашы әжесі Әлима өте бауырмал, тазалықты сүйетін, әділ де алғыр жан екен. Тәрбиелі, тәлімді, мінез-құлқы биязы жан болатын. Ол кісі діни сауатты еді. Өлгенше намаз оқып, ораза ұстап өтті. Екі-үш бас сиыры, бірнеше бас уақ малдары болуды. Сол малын «балам өлген жоқ, келгесін той жасаймын», – деп бөлек баққан.
Ана сүтінен дарыған мінезімен Ордабай жасынан зерек болып өсті. Жаппай сауаттану кезінде мектепке қатынап жүріп, таңертең сабақ басталғанша көлге ау құрып, сабақтан шығысымен тапқан олжасын үйіне апарып, анасын қуантатын. Жеті жылдықты бітіргеннен кейін комсомол қатарына өтті. Еңбек майданына ерте араласып, егін егіп, мал бағып, аң аулап, шаруашылық істерін атқарды. Кейін Кеңес өкіметі орнағаннан кейін жаңаша білім алуға ынта қойды. Көп ұзамай әскер қатарына шақырылды. 1941 жылдың 11 маусымында әскерге қабылданып, Отандық борышын өтей бастайды.
Солдаттық міндетін Челябинск қаласында өтеп жүргенде қанды соғыс басталып кетеді. Ордабай аталған қалада 3 ай мергендік мектепті оқып, соғысқа қажетті мамандық алады. Артынша Орта Азия әскери округі шекаралық «Памир» атқыштар дивизиясына мерген болып қабылданады. 1943 жылы ақпан айының аяқ кезінде өзі қызмет атқарған дивизияның құрамында «Курск доғасындағы» майданға кіреді.
1943 жылы шілде айында неміс әскері соңғы демін жинап, Курск қаласын және маңындағы елді мекенді алуға ұмтылады. 15 шілдеде 180-200-ге тарта дұшпанның солдаттарына Теплое селосының маңындағы биіктікте 224-Ташкент (Приморск) атқыштар полкінің лейтенант Романовский басқарған 18 адамнан тұратын взвод қарсы шайқасады. Осы қан майданның бел ортасында жерлесіміз, атқыш Ордабай Жүргенов болған. Он есе көп жауға 18 жауынгер қарсы тұрып, бетпе-бет кескілескен ұрыста 84 дұшпан жауынгерінің көзін құртып, алға жылжуын тоқтатқан. Қосымша күш келгенше алғы шепті қалпында сақтауды қамтамасыз ету жолында 18 жауынгермен бірге мерт болады. Осы қанды тойтарыс «екінші 28 Панфиловшылар» деген атақ алды.
Бұл жөнінде Кеңес Одағы кеңістігіне белгілі соғыс журналисі, ардагер-шекарашы, Талғардың тумасы Валентин Малютиннің «Кзыл-ординские вести» газетіне Жеңістің 76 жылдығында Жүргенов Ордабай батырға арналған екі бірдей мақаласы шықты. Бірінші «Забытый подвиг незабытых героев» деген мақаласында тең емес соғысты жаза келіп, атқыш Ордабайдың оғы таусылып, жоғары қараса, бір еңгезердей фашист окопқа түсіп келе жатқаны суреттелген. Сол кезде ойына, өзіне дивизия құрылғанда берген кездік түседі.
– Ау, атаңа нәлет (бұл Валентиннің орыс тілді газетке қазақша жазғаны), сен бұл жерде не жоғалттың, мен өз елімді қорғап жүрмін, кел, кел, жақында, – дейді. Жақындаған кезде өткір кездігін жаудың жүрегіне сұғып, етпетінен түсіреді. Өзі де келесі жаудың оғынан өмірімен қоштасады. Басқа он жеті сарбаз да бір қадам кейін шегінбей шейіт болады.
Бірақ бұл оқиға 2011 жылға дейін Ордабайдың туғандарына беймәлім болып қала берді. Әлима анасы да «балам келеді» деумен дүниеден өтті. Бірақ жиені Амангелді Абдібаев бастаған туысқандары іздеуін қоймаған. Сөйтіп жүргенде, 2011 жылы Курск облысының Щигры қаласынан Ордабай Жүргеновтың Теплое селосының жанында ерлікпен қаза тапқанын, онымен бірге 18 жауынгердің «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылғаны, сол маңдағы «Бауырластар зиратына» жерленгелі туралы толық хабар жетеді. Хабарды алысымен батырдың жиендері Амангелді мен Айжамал Курскке барып, «Пограничник» клубының басшысы Королевпен кездеседі. Келесі күні соңғы шайқас болған жерге, сосын жерленген жеріне барады. Батырдың анасының қабірінен апарған бір уыс топырағын қалдырып, сол жерден бір уыс топырақты елге әкеліп, анасының қабіріне қояды. Сөйтіп, анасы мен баласының топырағы араласады. Қазақтың «дәм-тұзың сырттан болса да, топырағың туған жеріңде қалсын» деген даналық сөзі іске асады.
Осының бәрін марқұм Амангелді жиені өздерін жақсы қарсы алғандарын, елден сыйлықтар апарғанын, жергілікті халыққа Қазақстанды танытқандарын, өздерінің де музейлерді, есте қалар жерлерді аралап, көп мағлұмат алғандарын «Сыр ардагері» газетіне толық етіп жариялаған.
Валентин Малютин осы мақаласында 2013 жылы Ордабайдың туысқандарының Ресей президентіне 18 жауынгерге «Батыр» атағын беруді қарастыруды және тиесілі Орден беруді сұрап хат жолдағанын, бірақ оған жауап келмегенін жазады. Сонымен бірге 2021 жылғы Жеңіс күнінің қарсаңында Ресейдегі Қазақстанның елшілігінде взвод командирі Александр Романовский басқарған взводтың ерлігін мәңгілік ету жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің мүшелерімен батырдың жиені Айжамалдың қызы Гүлмира күйеуі Суркат пен баласы Вапо үшеуінің кездесуі болған. Сол кездесуде комитет төрағасы Ресейдің батыры Генерал-лейтенант Олег Дукановтың оларға батырдың кездігіндей кездік сыйлағанын жазған. Жеңіс күні мен Ордабай Жүргеновтің туғанына 100 жыл толғанына орай Мәскеуге Қазақстаннан арнайы делегеция шақырылатыны айтылған.
Валентин Малютин «Помнят под Курском казахского батыра» деген «Кзыл-ординские вести» газетіндегі екінші мақаласында шақырылған делегацияның Мәскеуге қалай барып-қайтқанын баяндаған. Делегация құрамында Бауыржан Өмірзақ, Айжамал және Дана Абдібаевалар, Талант, Амина, Дина, Данахмет Абдрашевтар, Ғази Сакалов пен Ержан Болатовтар болып, Мәскеуде тұратын Ордабайдың жиендері Гүлмира Абдрашева мен қызы Мадина Абылованың үйіне түскен.
Ертеңіне Қазақстан елшілігінде Ұйымдастыру комитетінің мүшелерімен кездесу өткізіледі. Сол кездесуде комитет төрағасының орынбасары Владимир Королев Щигры қаласындағы «Пограничник» клубының лейтенанты Романовский взводының 18 жауынгерлерінің атын мәңгіге қалдыру үшін жасап жатқан жұмыстары мен Ұйымдастыру комитетінің жұмыстарын баяндаған. Өзінің Ордабайдың туыстарымен 2011 жылдан бері байланыста екенін, 2012 жылы оларды қарсы алып, сол жерлерді аралатқанын, Қазақстан туралы өзінің де көп мағлұмат алғанын айтып береді. Елшілік үйінде «Восемнадцать, эпизод из истории» деген Александр Романовскийдің взводындағы шекарашылардың соңғы шайқастағы ерліктері айтылатын фильмді көреді. Содан соң шағын концертті қарап, Ұйымдастыру комитеті елшілікке соңғы соғыс болған жерден табылған артефактілерді тапсырады.
Ордабайдың туыстары сол күні шекара­шылардың орталық музейін аралап, соғыс кезіндегі экспонаттарды көріп, зор әсер алады. Музейдегі А.Романовскийдің суреті мен қысқа жазылған шекарашылардың ерлігін оқығанмен, Ордабай мен басқа 16 жауынгердің суреттерін көре алмағанына қынжылыпты. Екі жақ Ордабай Жүргеновтің ерліктері туралы фильм түсіруге келіседі.
Ордабай батырдың туыстары Ресейде де Қазақстаннан шыққан батырды естен шығармай, құрмет тұтатындарына қуанып, елге оралады.
18 жауынгердің ерен ерлігі жоғары бағаланып, 224 «Памир» атқыштар полкінің командирі, полковник Сурженко өзінің 166 атқыштар дивизиясының командирі генерал майор С.Я.Сенчиломен келісіп анкета толтырып, ең жоғары награда «Совет Одағының батыры» атағына ұсынады. Бұл награда парағына 19 атқыштар корпусының командирі генерал Шарапов, соғыс Советінің мүшесі генерал Совков қолдарын қойып, армия генералы Рокосовскиймен, генерал-лейтенант Телегинге жолданады. Өкінішке орай, аталған құжаттардың кейінгі тағдыры белгісіз, жоғары орден егесін осы уақытқа дейін таппаған.
Иә, жерлесіміз батыр Ордабай Жүргенов небәрі 22 жасында еш қызық көрместен, ұрпақ жаймай арманда кетті. Бірақ оның артында Отаны үшін жасаған өшпес ерлігі қалды. Іздейтін ағайын-туыстары, жанашыр жерлестері бар. Жазылған мақалалар, музейлерде экспонаттары қалды. Қазалыдағы Жеңіс паркіндегі Мемориалда мрамор тақтада 3261 номермен қашалған аты-жөні жазулы тұр. Курск мен Қазалыда басына барып құран бағыштайтын қабір орналасқан. Құдай қаласа кинофильм түсірілмек. Осының бәрі Ордабай батырға жасалған өшпес құрмет емес пе?!
Осы құрмет мәңгілік бола түсуі үшін Ұлы Отан соғысының ардагері, «Курск Панфиловшылары» атанған, Отанын қорғауда «Курск доғасындағы» алапат соғыста ерлікпен шейіт болған, «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылған, «Отечетвенной войны 1 степени» орденінің иегері, батыр жерлесіміз Ордабай Жүргеновке Қазалы ауданының орталығынан бір көше аты берілсе батырдың рухы разы болар еді.


Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
09 сәуір 2022 ж. 566 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031