Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдан адам көшкенмен...

Ауылдан адам көшкенмен...

Сәскеден шақырайған күннің қызуы басылып көкжиекке ауып барады. Әлгіндегідей емес, самал жел соғып, көшеде қыбырлаған жандардың қатары көбейді. Тал түсте қоржын тамда қимылсыз жатқан Қаратай қарт та таяғына сүйеніп, есік алдына шықты. Айналдырған үш көшесі бар ауылдың орталығы дәл осы тұста. Әріректе доп қуалап жүрген бес-алты бала жүгіріп келіп, жапатармағай қарияның қолын алды. Жас келіп, жанары суалған ақсақал бірін таныса, енді бірін мүлдем есіне түсіре алмады. Бұл қарадомалақтарды қайдан танысын. Ол түгілі бұлардың әкелерін де ұмытып қалғалы қай заман. Кезінде «Ауылда жұмыс жоқ» деп қалаға кеткен жастардың көбісі сол күйі оралмады. Жүрген жерлерінде отбасылы болып, туған жер төсіне тұрақтамай кеткендері қаншама? Мыналар солардың балақайлары болса керек. Ауылдағы ата-әжелеріне жаздың күні бала-шағаның жиналатын әдеті. Кейбірі айлап ауылдың топырағында аунап қуанса, қаланың қызылды-жасылды тірлігін сағынғандары ертерек елін табады.
Қаратай қарт әскер қатарында болғанда ғана ауылдан жырақтағыны болмаса, дүниеге келгелі осында. Қазір төмпешік болып орны қалған екі бөлмелі мектепте оқыды. Өмір бойы колхозда еңбек етті. Көппен бірге біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік кешті. Алайда ешқашан қалаға кету туралы ойына келмепті. Бала кезінде асыр салып ойнаған шеге құмда қазір із жоқ, теп-тегіс. Шілденің шіліңгір ыстығында үйден ұрланып шығып, салқын суына сүңгіп кететін ауыл іргесіндегі көл де жетімсіреп тұр. Қарт қазір сексеннің сегізінде, көп ойланады. Өйткені ауылда адам қалмай барады.
Ахуал алаңдатады
Жастардың қалаға «қашуының» да себебі бар. Аядай ауылда жұмыс көзі тапшы. Ауыл баласының басым көпшілігі мұғалімдік пен дәрігерлік мамандықты таңдайды. Айналдырған бір мектеп, бір аурухана. Онда орналасуға бәріне бірдей орын жоқ. Әке-шешенің азын-аулақ зейнетақысы бүгінгідей нарықтың нырқы аспандап тұрған шақта келте тондай керектінің бәрін өтей алмайды. Содан болар «жатыпішерлікке» жол бермей ұл-қыздар қалаға бет түзейді. Ол жақтада жатар орын, ішіп-жем, жүріп-тұру шығындарының өзіне ғана жететін жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр. Қалада тұрады деген аты болмаса, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігінен алып бара жатқан айырмашылық жоқ.
Осы тұста саясаттанушылар мен экономистер елдің демографиялық ахуалы біркелкі емес, халықтың қоныстануы, 2050 жылға қарай еліміздің солтүстігіндегі тұрғындардың саны бір миллионға дейін кеміп кетуі мүмкін екенін айтты. Аландатарлығы, болашағы жоқ ауыл деп қоғамның назарынан тыс қалып отырған елді мекендердің басым көпшілігі Ресеймен немесе Қытай халық республикасымен шекаралас аудандарда орналасқан. Шекаралас аудандарды иесіз қалдыру қасқырға қой бақтырғанмен бірдей. Осыдан бірнеше жыл бұрын үкімет ауылдарды іріктеп, бірнеше топқа бөлді. Елді мекендер «болашағы бар ауыл», «болашағы орташа ауыл» және «болашағы жоқ ауыл» деген топтарға жіктелді. Сол кезде шешім қабылданып, қаражат бөліне бастаған. Қазақстанда 7 мыңдай ауыл бар. Үкіметтің тексерісінен кейін оның 3 мыңы «болашағы бар ауыл» санатына жатқызылса, 2 мыңында «жағдайды дұрыстауға болады» деген шешім шығарылды. Ал 1 мың 500 ауылға «болашағы жоқ» деген таңба тағылды.
Аудан мәртебесінен айырылып, басқа ауданның құрамындағы елді мекендер санатына қосылған өңірдегі ауылдардың тұрғындары жыл сайын азайып, қала сағалап көшіп жатыр. Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы бойынша соңғы 15 жылдың ішінде 48 ауыл картадан жойылған екен. Жалпы, аталмыш аймақта 700-дей ауыл болса, бүгінде оның әрбір оныншысының «болашағы жоқ» деп танылған.
Болмайды деп қолды бір сілтеу оңай әрине. Жоғарыдан қолдау таппаған соң қара халықтың қолыннан келер қайран жоқ. Еріксіз жақсы өмір сүру үшін жайлы жер іздеп, ата қоныстан алыстауға мәжбүр.
Иесіз қалған жер жетім
Қазақтың жері кең, даласы дархан деген тіркесті жиі қолданамыз. Тіпті жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орында екендігімізді мақтан етеміз. Алайда жерімізді жетімсіретіп қояғанымыз жанымызға батпайды. «Баптай білсең жер жомарт» деген халықпыз. Ауылда болашақ жоқ деп үдере көшкеннен, көркейтуге атсалыспасқа деген ой келеді. Ол үшін үкіметтен қолдау мен қорғау керек. Ауылдан бизнес бастаймын дегендердің қолын қақпай, қолтығынан демеу дамудың төте жолы секілді.
Ел жаппай көшіп кетсе, жер иесіз қалады. Иесізге үйрсек көп. Қытай патшасы сұратқан жақсы жылқылары мен сұлу қыздарын берсе де, жерге келгенде, мейлі ол құнарсыз шөлді аймақ болса да “Жердің жақсы-жаманы болмайды. Жер мемлекеттің негізі. Ол ешкімге берілмейді ...” деп, қытайға соғыс жариялап, оның көп жерін жаулап алғандығы тарихта қалған Мөде қағанның ерлігі мен батырлығы неге біздің бойымызда жоқ.. Ел-жұрт екінші біреу ортақтасып жатпаған жеріннен ауып, Жерұйық іздеген Асан қайғының кейпіне түспеуі үшін ауылдардың ахуалын алдыңғы қатардағы мәселеге айналдыру керек секілді.
Егер көзін тапса, билік пен бизнестің тіл табысып, жұмыс істейтін тұстары ауылдан басталады. Аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, жерді игеруге, халықтың игілігіне пайдалануға мүмкіндік берсе, гүлдендіруге ниеттілер жоқ емес.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
09 сәуір 2022 ж. 466 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031