Дария толды дегенше, ырыс толды десеңші

Биыл көрші елдегі Қазақстанның елшілері мен билік басындағылар нәтижелі келіссөз жүргізді ме, әлде, шекара маңына салған қоймалары қомпайған болар, Сыр өзеніне жоғарыдан келіп жатқан судың көлемі мол. Мұны аудандағы тарихи һәм стратегиялық маңызы зор Ә.Тыныбаев атындағы Басықара су торабына барған адам бірден түсінеді. Мамандардың есебімен айтсақ, мұнда секундына 275 текше метр су түсіп жатыр. Оның 95 текше метрі былтырлары тіршілігін жоғалтқан көлдер мен каналдарға жөнелтіліп жатыр деседі. Қалған 180 текше метр Басықара су торабының төменгі ағысына қарай босатылған. «Жақсылықты бөліссе – көбейеді» деген тәмсілге сүйеніп, мамандардың алдағы уақытта көл-сайға таратылатын су көлемі секундына 350 текше метрге дейін көбейеді деген болжамын да айта кетейік.
Бірер күн бұрын Қазалы ауданына облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов пен облыстық жұмылдыру басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков жұрт қуанышына ортақтасып кетті. Жай кетпей, Сырдария өзенімен өтетін мол суды қауіпсіз өткізу жолдарын талқылап, каналдар мен жайылымдардың бөліністерін жауапты мамандармен бірге ретке келтірген.
Бізге белгілісі, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Ролан Ахметов қазіргі таңда Ә.Тыныбаев атындағы су торабы арқылы Ақсай арнасына 45, «Оң жаға» каналына 12, «Сол жаға» каналына 28, «Өтебас» каналына 5, «Әбжел» жайылымдығына 5 текше метр су жіберіліп жатқанын айтты. Мұны естіген облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов Қазалы ауданындағы каналдардың мүмкіндігіне қарай «Ақсай» және «Оң жаға» арнасы арқылы жайылымдықтар мен көлдерге қосымша су жіберу жөнінде тапсырмасын берді.
Облыс орталығынан келген құзіреттілерге аудан атқамінерлері тарапынан алдағы уақытта “Өтебас” каналына тазарту, Масақбай бөгетіне 3-5 текше метр су өткізе алатын гидротехникалық құрылыс салу жөнінде ұсыныс айтылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп Ақсай мен сол жағалауға су еркіндігін көбірек беру керек десе, желі қолданушысы Кенесары Баспаев осы сәтті пайдаланып бұған дейін кеуіп қалған Өтебас, Томай, Масақбай көлшіктеріне су айдап, тіршілікке жан бітіру керек екенін жазған.
Қалай болғанда да, биыл алып арнаның толуы балықшыларға, дала еңбеккерлері мен шопандарға үлкен қуаныш сыйлап отыр. Табиғат таршылық танытпаған мезгілде шаруалардың ендігі міндеті – тіршіліктің тезіне түсіп, мол өнімге ұмтылу.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ