Далалықты суландыру – басты назарда
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Басықара су торабына арнайы барып, тиісті сала мамандарымен бірге Сырдария өзеніндегі судың жайын талқылады.
Мамандардың айтуынша. бүгінгі күні Сырдария өзені арқылы жоғарыдан Басықара су торабына секундына 101 текше метр су келіп тұр. Алдағы 2-3 күндіктің ішінде тағы да су көлемі көбейеді деген болжам бар.
Қазіргі таңда Басықара су торабы арқылы Ақсай арнасына 25, «Оң жаға» каналына 6, «Сол жаға» каналына 13, «Өтебас» каналына 2, «Әбжел» жайылымдығына 5 текше метр су жіберілуде.
Аудан басшысы мұнан соң «Басықара», «5Х-1», «Абдулла аша» каналдары мен №212 және №237 бекеттерді аралап, жайылымдықтар мен көлдерге жіберіліп жатқан суды көрді.
Бастауын «Оң жаға» арнасынан алатын «5Х-1» каналы арқылы «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның егістігі суарылатын болса, «Абдулла аша» арқылы «Құмкөл», «Марқакөл» және тағы басқа көлдер мен жайылымдықтарға су жіберіледі.
Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты соңғы 1-2 жылдың көлемінде аудан көлеміндегі кейбір көлдер мен жайылымдықтарға су жіберілмеді. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге көптеген кедергілер келтірді.
Бұл мәселелердің алдын алу үшін жүйелі жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсақ, өткен жылы «Қазсушар» өндірістік учаскесі Әйтеке би кентінің Қарақұм беткейіндегі «Құмкөл», «Марқакөл» және тағы басқа көлдер мен жайылымдықтарға су жіберу үшін «Абдулла аша» каналының 1,2 шақырымына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді.
Ал, қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі су тапшылығының алдын алу мақсатында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы арқылы «Оң жаға» арнасынан бастау алатын «5Х-1» каналының 9 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Аралау кезінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшыларына «Сырдария» өзені арқылы көктемгі экологиялық судың есебінен аудан тұрғындары үшін қажетті жайылымдар мен көлдерге суды барынша толтырып алуды тапсырды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат