Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкең келе жатыр...

Әкең келе жатыр...

Несін жасырамыз, қазір әкесіз бала тәрбиелеуден қорықпайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Тіпті мұның маңызды мәселеге айналғаны соншалық, әлеуметтік желіде «Жалғызбасты әкелердің жайы», «Алименттен қашқан аналар», «Әкелер институты керек»… сынды түрлі тақырыптардың түндігі түріле бастады. Сонда «әкенің айтқанын балғадай, ананың айтқанын малтадай» санайтын қазақ үшін шынымен асқар таудың аласара бастағаны ма?
Шыны керек ер-азаматтардың арасында отбасын асырай алмай жүргендері баршылық. Дөрекі мінезімен жып-жылы отбасының шырқын бұзатындары да жоқ емес. Қалталы әйелдердің маңын торуылдайтын «альфонс» жігіттердің жөні бір бөлек. Жасы біразды еңсерсе де үшінші, төртінші әйелдің қолына кіріп алуды ар көрмейтін ер-азаматтар да табылып жатады. Бұл мысалдың барлығы бүгінгі әйелдердің жалпы еркек туралы қалыптасып үлгерген көзқарасына саяды. Түрлі себептермен бала тәрбиесіне өздері ғана жауапты боп қалған жалғызбасты аналардың жайы айтпаса да түсінікті. Ал айдың, күннің аманында бауыр еті баласынан бас тартып кеткен аналардың кесірінен бұл ауыртпалықты жалғыз көтеруге мәжбүр болған жалғызбасты әкелердің жайын кім ойлайды? Шындығында ешбір заңнамалық құжатта жалғызбасты әкелердің рөлі мен мәртебесі бекітілмеген. Тіпті олардың жалғызбасты аналарға ұқсас құқығы да жоқ.
Неге бұлай деп отырмыз? Өйткені ажырасқан әкелердің 30 проценті балаларымен кездесе алмай, сотқа қайта жүгінуге мәжбүр болады екен. Ал осы мәселе төңірегінде психолог Жанар Төлеу:
– Жауынгер бабаларымыз отбасы мәселесіне асқан жауапкершілікпен қараған. Жар түгілі, жетім-жесірін де қаңғыртпаған. Қазір ата салтынан адасқанымыз сонша, шаңырақ шаттығын бұзуға шімірікпейтін болдық. Бүгін дәстүрлі отбасылық құндылықтар бұзылып, материалдық игіліктер алға шықты. Ажырасу салдарынан балалардың сабағы төмендеп, тәртібі нашарлайды, ал 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады, ауру арқылы ата-анасына күйзелісін білдіруге тырысады. Яғни бұл – баланың жанайқайы. Ал оны ұғынғысы келетін үлкендер жағы азайып барады, – дейді.
Ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы орындарда екенбіз. Оның ішінде Қызылорда облысындағы ажырасу дерегі көңіліңді құлазытады. Ал Қазалы ауданында бір жыл ішінде екі жүзге жуық жас неке бұзуға өтініш тастайды екен. Мәселен, былтыр 110 жұп «әй-шәйға» көнбей, біржола кетіскен. Сорақысы сол, басым көпшілігі ортада бала бола тұра екіге кетуден қорықпаған.
Басқа облыс, аудандарды қайдам, бірақ бұған дейін жергілікті жерде «Әкелер қауымдастығы», «Әкелер одағы», «Әкелер форумы» өтті дегенді көп ести бермейтінбіз, естімегенбіз де. Алайда мұндай көрсеткіштердің алдын алмасақ, ауданның өзінде жоғарыда айтқандай жиындар құрылар күн алыс емес секілді.
Осы мәселе көтерілгенде кейбір сарапшылар «Бүгінде әйелдер жағы жалғызбасты ана болудан қорықпайды. Өйткені оған кейде қоғамымыздың өзі жағдай жасап отырғандай әсер қалдырады. Тағдыр тауқыметімен, түрлі жағдайға тап болатындарды тілге тиек етпегеннің өзінде, «Сенсіз де өмір сүреміз» деген менмендіктің жетегінде жүрген талай жанның бары рас» деген сынды пікірлерін білдіріп жатады. Қалай десек те, отбасын сақтап қалуға екі жақ бірдей мүдделі болғанда ғана нәтиже болатыны анық.
Зерттеулерге сүйенсек, қазіргі ажырасқан жастардың 90 процентінің балалары бар. Психологиялық зерделеудің нәтижесі бойынша сол балалардың бақытты балалық шақтан гөрі өмірге ашу-ызасы басым болады. Яғни ата-ананың мейіріміне қанып өспеген баланың шынында, кемшілігі көрініп тұрады. Дәл қазіргі күні елімізде 500 мыңдай кәмелетке толмаған бала әкесіз өсіп келеді екен. Қалай десек те, қазақ үшін отбасы құндылығының басында үйдің отағасы тұрғанын ұмыт қалдырмау қажет.
Қазақта «Әкең келе жатыр…» деген бір ауыз сөзден әр бала өзіне керекті ала білген. Отбасындағы әкенің орнын бір ғана сөзбен айқындап берген қазақы тәрбиенің іргесі неге сөгілді? Отбасын сақтай алмай, ажырасып жүрген азаматтардың дені баласын бауырына басуға мұқтаж. Оған бір қателіктің соңынан туған баласының жүзін туғанынан көрмей жүрген азаматтарды қосыңыз. Арасында баласының барын біле тұра, бұрылып қарай қоймайтын ерлер де бар. Ажырасу мен некесіз туған балалардың жағдайы әртүрлі оқиғалармен байланысты болғанымен, олардың өмір сүру тағдыры бір. Отбасында ер-азаматтың мысынсыз береке де орнай қоюы екіталай екенін ескеретін естіліктің де ауылы алыстап кеткендей. Тіпті қыз-келіншектер арасында «әкесіз де баланы тәрбиелеуге болады» деген қасаң қағида қалыптасып үлгерді.
Мәліметке зер салсақ, ажырасудың дені 25-35 жастың аралығында болады. Одан үлкен жастағыларды да көріп жатырмыз. Әр отбасының әртүрлі себептері бар. «Мұның себебі – осы» деп ешкім тап басып айта алмайды. Сосын некені бұзу туралы өтініш беретіндердің 83 проценті – әйелдер. Бұл санның астарынан да біраз жайды аңғаруға болады. Осы ретте «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Байымбетова: «Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады, оның 80 проценттен астамының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бала тәрбиесімен айналысуға мәжбүр», – дейді.
Бұл жерде сарапшы мамандар негізгі мәселені жоқшылық пен жетіспеушілікке жаба салуға болмайтынын айтады. Ал көп балалы ана Әсия Қорғанқызы: «Біздің бүгінгі мүшкіл халімізге 90 жылдардың аяғы мен 2000 жылдың басындағы дағдарыстың да әсері бар секілді. Сол уақытта көп әке арақ ішіп кетті, жұмыссыз жүрді. Көп отбасы сол кезде ажырасты. Ал сондағы әкесіз өскен балалар бүгінде әке болып жатыр. Мәселені көрдіңіз бе? Әкенің тәрбиесін көре алмағандар үшін баланы әкесіз қалдырып кету де оңай. Бүгінгі күні өздерінің әкелік міндетін толық орындамай жүргенінің себебі сол. Өйткені өзі әкенің махаббатын, әкенің барын сезе алмады. Менің қорқатыным, бүгінгі әкесіз жүрген балалар енді бір 15-20 жылда осы көрсеткішті тағы көбейтуі мүмкін, – дейді.
Ілкіде «ажырасамын» деп келген қызын ата-анасы өзінің құтты шаңырағына қайтадан апарып тастайтын болса, бүгінде «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп сөзін сөйлейтін жағдайға жеттік. Ал еліміз бойынша орын алған ажырасулардың дені үйленген отбасылардың алғашқы бес жылында тіркелген. Қасіреті сол, бұзылған некедегі балалардың 90 проценті анасының тәрбиесінде қалады. «Ұл балаға ұлағат – әкеден» деп жатамыз. Енді сұрақ: әке беделінің бәсі төмендеген мына қоғамда жаужүрек емес, сужүрек ұрпақ өсіп келе жатса, кімді кінәлаймыз?

А.БАҚЫТҰЛЫ

28 наурыз 2022 ж. 759 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930