Ер адам қалай абыройлы болады?
Біз армандап жүрген зайырлы мемлекет құрудың ұлттық менталитетке керағар келетін тұстары бары рас. Өйткені ер мен әйел құқы теңескен кезде бүгінгі қазақ қанындағы ата-бабаның өр мінезі мен отбасындағы абыройы сынға түсіп жатады.
Соңғы кездері отбасы институтында жаңа қиындықтар пайда болып, бұрыннан бар келіспеушіліктің ұлғайып келе жатқаны жасырын емес. Өйткені қазақ қызының болмысына тән ерін өзінен бір саты жоғары қоятын қасиетін қазір әрбір үйден байқау қиын. Ал еркек өз үйінде сыйлы болмай түзде қамал бұза алмайтыны түсінікті. Бұл күн санап өзектілігі өршіп келе жатқан қоғамда көтеріле бермейтін мәселенің біріне айналды.
Бала – шағын мемлекеттің ажырамас бөлігі екенін білеміз. Оған берілген тәрбие келешекте мемлекеттің болашағына, қоғамдағы қозғалысқа өзіндік әсерін беретіні де анық. Осы тұста «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсілдің түпкі мағынасына үңіле білу маңызды. Өйткені қазіргі қоғамда айбарлы әкелердің ызың келіншектерінің көлеңкесінде қалып қойып жүргенін жиі байқаймыз. Ал әкенің ер бала тәрбиесіне араласа алмауы, отбасы басшысы бола алмауы келешек ел тұтқасын ұстар азаматтардың санасына соққы болары анық. Әрине бұл орайда мәселенің төркіні отанасына келіп тіреледі.
Кеше ғана осыған байланысты «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжанның шақыруымен қазалылық елге сыйлы ағалардың жиыны өтті. Білдей бір отбасыны кемелдендіріп отырған ел ағалары әкенің қоғамдағы орны, отбасыдағы биігі туралы тұшымды ойларын ортаға салды. Әсіресе Серік Қуанышбаевтың сөзі көпшіліктің көңілінен шықты.
– Қоғам жаңа дәуірге қадам басқан сайын құндылықтарға қауіп төне түседі. Біршама өзгеріске де ұшырайды. Бірақ дәстүріміз қаз-қалпында қалуы тиіс. Сол арқылы әкесін құрметтеген, жарының жанына демеу болып, қарсы келмеген, қоғам алдына еңсесін тік ұстап, өз ойын ашық айта алатын ер жігіттер азаматтығын сақтап қала алады. Сонымен бірге дәстүрлі дінге мығым болуымыз бізді бүгінгі күнге дейін өз биігімізде қалуға жәрдемдесіп келгенін ұмытпау керек. Ал қазір нәзік жандылардың қоғам өміріне араласуы бұрыннан қалыптасқан екеуара сыйластыққа, түсіністікке сызат түсіргені ақиқат.
Осы тұста әкенің де отбасы алдындағы рөлі, борышы бар. Бүгінде көп жағдайда қамқорлығындағы жақындарын асырай алмайтын жігіттер аз емес. Осыдан кейін оның сөзі өткірлігін жоғалтады. Негізінде ер азамат балалы болмай тұрып әйелін де тәрбиелеуі керек емес пе? Өзінің ығына көндіріп, отбасылық құндылықтарды ұғындыруы шарт. Дәл осындай одақтың болашағы жарқын деп ойлаймын, – дейді ардагер ұстаз.
Аталған жиын әлеуметтік желі қолданушылары арасында да үлкен талқыға түсті. Бірі ер азаматтардың біраз бөлігі «әке» атына лайықты емес екенін алға тартса, екіншісі ер адамның әркез нәзік жандылардан бәсі биік екенін айтты. Мәселен, Назерке Берекет есімді ару: «Дәл қазіргі таңда үйдегі әйеліне сөзін өткізе алмайтын әкенің ынжықтығынан балалары жасқаншақ, қорқақ, қоғамға сіңісе алмай келеді. «Жаман әкеден жақсы көрші артық» дегендей, бүгінгінің жігіттері өзіне сай беделден айырылып, жүзі кеткен пышақ секілді болып барады», – деп жігіттердің жағымсыз жағын өткір сынаған. Ал Ләззат Әбдіқалықова есімімен тіркелген желі қолданушысы «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» дегенді алға тартып, нәзік жандыларды ер азаматты лайықты сыйлауға шақырған.
Осы күндері батыс елдеріндегідей жігіттерді айбарлылыққа, отбасына бас болуға шақыратын дөңгелек жиын мен шеберлік сабағын ұйымдастыратын күн таяп қалғандай сезіледі. Ата дәстүр мен дінді жанына демеу еткен, отбасында да, түзде де алтын басын аласартпаған бабаның ұрпағы үшін мұндай күйге түсу ұят дерсіз. Қалай болғанда да қазақтың әр азаматы ер атына лайық, балаларына қамқор бола білсе, жанұядағы жары да бұл ісін бағалайды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ