Су саласын серпілткен
Жалған дүниедегі адам өмірі көшкен керуен сияқты. Бірі жарық дүние есігін ашып, ендігісі тұз-дәмі таусылған шолақ өмірмен қоштасып жатады. Осындай Алланың пендеге беретін аманатын арқалап жүріп, жанкешті ерен еңбегімен елге танылған біртуар азамат Қуандық Санайұлының өмірден өткеніне де бір жылдың жүзі болыпты.
Мен бұл хабарды тағы да еліміздің Астанасындағы ауруханада емделіп жатқанда естідім.
1942 жылы туған Қуандық Санайұлы Арал ауданындағы Қасқақұлан орта мектебін бітірген соң, қаршадайынан қабырғасы қайысып, еңбекке араласты. Қуаңдария балық аулау базасында жөндеуші,токарь, темір пісіруші, кеме моторисі болып үш-төрт жыл жұмыс жасады.
Осыдан кейін, жоғарғы оқу орнына түсуге талаптанып, 1966-1971 жылдары Жамбылдың гидромиллиоративтік құрылыс институтында оқып, диплом алып шықты. Сонан соң, он бес жыл бойы Қазалы суландыру жүйесі бас басқармасына келіп, еңбек жолын жалғастырып, инженер, бөлім басшысы, бас инженер болып, осы мекеменің басшысы қызметтерін абыройлы атқарды. Өзі таңдаған мамандығын өмірден алған тәжірибесімен ұштастырып, жетілдіріп, жақсыдан үйреніп, ескісінен жиреніп, жете меңгеріп, уақытпен санаспай, күн-түн демей ары таза, адал қызмет ете білді.
Бұл жылдар қазалылықтар үшін ең ауыр сын, кезең еді. Өмір бойы арнасынан асып, айдаладағы қуыс-қолтықтағы сан алуан көлдер мен ой-шұқырларды толтырып, елді-мекендердің қонысына су алу қаупін төндіріп, жыл сайын ерте көктем мен күзде халықты әбігерге салатын, қаптап топырақ тасып, қашы салып, қорғанысын күшейтіп әлек болатын Сырдария өзенінің суы келе-келе тартылып, адам сенбестей тайызданып, бар тіршіліктің берекесін кетіріп, халықты несібесінен айыра бастаған шақ болатын. Осы уақыттарда Қуандық бұрын адам баласы көрмеген қиыншылықтарды ерен еңбегімен, іскерлігімен жеңе білді.
Сол бір жылдарда Қазалы ауданын басқарған көрегендігі мен көсемдігі мол Елеу Көшербаев:
«Су мамандары, диқандармен кеңесе отырып, аз суды тиімді, үнемдеп, шаруашылықтарда кезеңмен пайдалану жолын ұсынды. Су мамандарының қиын жұмысын аудандық суландыру жүйесі басқармасының бастығы Қ.Санаев жолдастың білгірлікпен басқарып, жеке өз басының сауатты инженер, партия, халық ісіне шын берілген азамат екендігіне көпшіліктің көзі жетті. Қай жер тегістелуі керек, қай жердің деңгейін көтеру қажет, оған жұмсалатын шығын, техника күші, қай жерде судың ағыны қандай мөлшерде, ағын күшейгенде немесе азайғанда мұраптар қандай әрекет істеуі керек, бәрі-бәрі Қуандықтың қойын кітапшасынан табылды. Жігіт істе сыналады. Бізде кейде барды ұқсата алмайтын мамандар да жоқ емес. Олар Қ. Санаевтан үйренуі керек», – деп іскер басшыға деген ризалығын білдірген болатын. Кейін осы жылдардағы аудандағы су тапшылығымен күрес, Қуандықтың маман, басшы ретіндегі ілкімді іс-әрекеті, халық үшін өрелі міндеттерді орындаудағы оң жұмыстары, ойға алғанын жүзеге асыруға деген омырауы, білгірлігі мен батылдығы қоғам және мемлекет қайраткері, жан дүниеңді аңғара білетін адам-сейіс Елеу ағаның «Серпін» атты кітабында көрініс тапқан еді.
Осылайша еңбегімен елге танылып, тиісті жоғарғы орган басшыларының әрдайым құрметіне бөленген Қуандық Санайұлының ерекше абыройы асқанын кейбір көре алмаушылардың аяқтан шалуы да кездесті. Ол оған мойымай, «айта берсін, менің ондайлармен айтысып-тартысуға уақытым жоқ, ақ-қарасын бір құдайға тапсырдым. Отбасым, жан-жағым аман болсын» деп жүре беретін.
Бірақ, осындай келеңсіз жәйттер, қанша айтқанмен оның денсаулығына әсер етпей қойған жоқ. Жүрегі сыр берді. Қайта-қайта ауырып, мазасы болмады. Оған экологиялық апат аймағының ауа-райы да кері әсер етті. Көп ұзамай осыған байланысты дәрігерлердің ұсыныстарымен ештеңеге қарамай емделуге тура келді. Жаратқан иеміздің жалған дүниесіндегі тіршілікте аракідік осындай жағдайлар да кездеседі. Қандай өкінішті!
Қуандық Санайұлы 1986 жылы отбасымен Алматы облысының Жамбыл ауданына қоныс аударды. Шамалы өз-өзіне келісімен қарап жата алмады. Осындағы кеңшарда еңбек етуге тілек білдіріп, бас гидротехник болып, абыройлы қызмет етіп, еңбек демалысына шықты.
Осыдан кейінгі жылдарын өмірлік зайыбы Шынармен бірге дүниеге әкелген ұл-қыздарын өсіріп, тәрбиелеуге арнады. Еңбектері қайтып, бәрі жоғары білім алып, әке жолын жалғастырды. Шаңырақ көтеріп, немерелердің қызықтарын сыйлады.
Қуандық Санайұлы ағамыздың өмірге деген өзіндік көзқарасы бар азамат еді. Өзім деген адамға аңқылдап, жылы, ақ жүрегінен шыққан бар ойларын, пікірлерін бүкпесіз бірге жүрген дос-жарандарына әзіл-шыны аралас, ешқандай зіл-заласыз ақтарып салатын. Шетте жүрсе де кіндік қаны тамған, жастық шағын өткізген елінен қол үзген жоқ. Қолы қалт етсе келіп, ағайын-туыстың қуанышы мен қайғысына бірге араласып, қалмай қатысатын. Туған жердің жетістіктерін, жақсы істерін көріп балаша мәз болатын, қуаныштарын бірге бөлісетін. Ағамыздың, әсіресе, бүгінгі алмағайып заманда өте сирек кездесетін осындай жақсы қасиеттері ұрпақтарына, туған-туыстарына дарығай.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі