Қайсар қазақ
Бір күні ажал келіп жаныңды алар.
Жан шығып, бұл дүниеден көшкеннен соң
Мал мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар, – деген сөз бұрынғылардан қалған. Расымен адам өмірінде болмай қоймайтын құбылыстың бірі – өлім. Оның алдында адамзат баласы шарасыз. Мәңгілік өмір тек Алланың қолында. Биылғы аты жаман індет қазақтың қаймағын қалқып кетті. Бір жұтым ауаға зар болып талай боздақ дүниеден өтті.
Кім естіген, кім көрген?
Мұсылманның баласын,
Жаназасыз жерленген – деп ақындар айтпақшы, Алланың сүйген құлы, елінің сүйген ұлы Ботабай Рыстығұлов ағамыздың бізден алыстап, жарық дүниенің есігін жапқанына да алты айдың жүзі болыпты. Мен Ботабайдың рулас жақын інісінің бірімін. Ағамыздың 25 желтоқсан туған күні. Соған орай естелік айтып еске алудың реті келіп тұр. Тірі болғанында 79-ға келіп, сексеннің сеңгіріне аяқ басады екен. Амал жоқ жұтар ауасы, татар тұз-дәмі таусылған соң бұл дүниені тәрк етіп кете барды. Ботакеңді тәптіштеп таныстырудың өзі артық. Ауданға белгілі, халқына қалаулы, еліне елеулі азамат болды. Талай лауазымды қызмет атқарды. Өмірдің ащысын да, тұщысын да тартты, әрі асып-таспады.
Теміржол институтын бітіріп келген соң машинист көмекшісі, әртүрлі цехта шебер (мастер) болып сатылап өсіп, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы, локомотив депосының бастығы, партия комитетінің секретары, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Қазалы қаласының атқару комитетінің төрағасы, Қазалы жол пайдалану, жөндеу мекемесінің бастығы болып жұмыс жасады. Қай жерде жұмыс істесе де, өзінің талапшылдығы мен ұйымдастыру қабілетінің арқасында құрметке бөленді. Қазалы ауданының «Құрметті азаматы», «Қазақстан Республикасының құрметті жолшысы», «Автожол үздігі», «Еңбек Даңқы», «Ерен еңбегі үшін» медалымен марапатталды. Жанқожа Нұрмұхамедұлының, Әйтеке би, Мүсірәлі Әзіз, Асандар көтерілісі құрбандарына ескерткіш орнатарда, Ғани Мұратбаевтың 90-100, 110 жылдығын атап өтерде күн-түн демей, басы-қасында жүріп басшылық жасады.
Жуырда Ботабайдың «Өмір өткелдері» деген кітабын оқып шықтым. Оның бұдан жарты ғасырдан астам уақыт болған оқиғаларды ұмытпаған зерделігіне таңғалдым. Кітаптың мазмұны тартымды, жеңіл оқылады. Көзден кетсе де, көңілден кетпеген ағамыз торқалы тойды, топырақты қазада ағайынға ақыл-кеңесін айтып отыратын абыз ақсақалымыз еді. Өмірден көрген-түйгені мол, өте білімді, шешен адам еді. Нағыз дала аристократы дерсіз. Қарасақал руының ас-тойы Ботекеңсіз өтпеуші еді.
Ертеректе жалғыз жілікті қарастық адамы жоқ Бердалы, Жұбайдулла деген ағалар қайтыс болған. Ешқандай белгісіз, жермен жексен болуға айналған сол кісілердің басына арнайы белгі орнатып, темір шарбақпен қоршағанын көрдік. Бұл өте сауапты іс болды. Бұрынғы өткен ата-бабалардың мал жайымен көшіп қонып, қыста Сыр бойын, жазда сонау Ырғызға дейін барған екен. Ботабай аға бірер інісін ертіп сол жақта жерленген Тегенболат бабаның басына барып зиярат етіп қайтты. Оны бұл дүниеден өтеді деп ойлағанымыз жоқ. Сексенге жуықтаса да түрін бермей шашы қап-қара, тікірейіп тұрушы еді.
“Мың күн жұмақтан бір күнгі тіршілік артық” деген. Өлілер бізден алтын-күміс сұрамайды. «Ей жолаушы, біз де сендей болғанбыз, Сен де біздей боларсыз» деген терең мағыналы сөз бар. Сондықтан бақилық болғандарды жиі еске алып, рухына дұға бағыштап тұрсаң болды. Шүкір, Ботабай ағамыз өмірлік зайыбы Орынкүл екеуі алтындай үш ұл мен үш қыз тәрбиелеп өсіріп, жоғары білімді болуына жағдай жасады. Олардан 17 немере, 3 шөбере сүйді. Адам ұрпағымен мың жасайды” демекші, Ботекеңді өлді деуге бола ма?! Ендеше қалған ұрпақтары аман болсын деп тілейік.
Жетілген БАРЛЫБАЕВ