Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарқаған тін, үзілген үлгі

Тарқаған тін, үзілген үлгі

Әр ұлттың халықтық педагогикасында ұрпақ тәрбиесі үшін ұлағатты, өзіндік орны айшықты төл мұралары бар. Қазақ жұртының осындай сан ғасырлардан бүгінге бұзылмай жеткен рухани қазынасына ертегілерді жатқызуға болады.
Бала тәрбиесінде атқарар рөлі зор халық ауыз әдебиетінің өлшеусіз құралын бүгінде қазақ халқы ғана емес, барлық ұлт қолдануда. Ертегі – еріккеннің ермегі емес, дәстүр жалғастығы, ата-баба жолы, халық рухы. Әйтсе де тәрбиеде олқылық жіберіп, кішкентайлардың боркемік, ез болмауына бірден-бір қарсы құралдың қадірін көбі ұғынбауда. Бұл орайда не істеу керек? Нені білген жөн?
Халықтық мол мұра
Ертегі – ауыз әдебиетінің ықылым заманынан жоғалмай жеткен жәдігері. «Бұрынғы өткен заманда», «ерте-ерте, ертеде» деп басталуынан да оның тарихы тым әріде екенін ажырату қиынға соқпайды. Ол жалаң өтірікке құралған әсерлі әңгіме емес, ата-бабалардың басынан кешкен ғасырлар көрінісі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, елдік мүддесі, сан қилы асулары, мұң-шері, арман-мұратының жиынтығы.
Тылсым саналған жаратылыс құбылыстарын, табиғат сырына қанығу, олардағы өзгерістерді өздерінше түсінуден туған ұмтылыстар адамзат баласын терең қиялдарға жетелеп, алғашқы ертегі нұсқаларының қалыптасуына әсер еткен.
Деректерге жүгінсек, ертегіге бай елдердің бірі қазақ халқы саналады. Сөзімізге жинақталған мұрағаттағы сан алуан рухани қазынамыз дәлел. Біздің қоржында аңыз-әпсанадан бастап, қиял-ғажайып, шыншыл, жан-жануарлар, тұрмыс-салтқа дейінгі мазмұнды қамтыған алуан ертегілердің көбі төл танымға негізделсе, одан бөлек, туыстас түркі, Шығыс халықтарына, әлем жұртына ортақ дүниелер де кездеседі.

Әсерлі әдіс әлеуметтік желіні алмастыра ала ма?
Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал бар. Жас ұрпақты үлкен өмірге дайындау, тұрмыстық мәселелерді өздігінен шешу, талқылау, құндылықтарды сақтауға дағдыландыруда бастапқы, негізгі тәрбие мекені – отбасының үлесі зор.
«Ертегілерді баланың тындауы, естіген мазмұнын қайталап айтуы, сөздік қорын молайтып, сөйлеу тілін дамытып, тілдің грамматикалық құрылымын меңгеруде ғана емес, адамгершілікке, отансүйгіштікке баулып, жаман-жақсыны ажыратып, эстетикалық талғамын қалыптастырады. Қазіргі оқушылардың сөздік қоры жұтаң. Бұған алдымен өзіміз, ата-аналар, кінәліміз. Үйінде ертегі айтылған оқушының ойлау қабілеті, ертегі айтылмайтын балаға қарағанда терең келеді. Сөз – ойдың айнасы десек, оған бейжай қарауға болмайды. Мәселен, сіз өсіріп отырған ұл-қыз жақсы маман болса да, тілдік қоры аздық етсе, белгілі мақсаттарға жетуде қиындықтарға тап болары сөзсіз», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәнімкүл Ізекенова.
«Ертегі – халықтың сан жылдар бойы екшіленген ескірмес байлығы. Оны ештеңе алмастыра алмайды. Ертегі айтудың да өзіндік әдіс-тәсілі бар. Осыны көбіміз ескере бермейміз. Мәселен, ата-ана мектеп жасына дейінгі балаларға олардың жасына, түсінігіне лайықты, қиял-ғажайып және хайуанаттар туралы ертегілер оқығандары жөн. Психикалық даму ерекшеліктерін ескеретін болсақ, бала үшін ұзақ уақыт оқылған ертегіні зейін қойып, тыңдай алмайды. Қорыту да қиынға түседі. Сондай-ақ қорқынышты кейіпкерлер ұйқысынан, күнделікті қалпынан айыруы мүмкін. Айтып не оқып отырған мәтіннің қызықты жерінен үзіп, қалғанын ертең айтатыныңды айту да орынды әдіс. Бұл екеуара қарым-қатынасты дамытып, бір-біріңізге деген сенім мен махаббатты нығайтады, жақындата түседі, ананың айтқанын тыңдатады, білмекке ұмтылдырады», – дейді тәжірибелі тәрбиеші Гүлімхан Диханбаева.
Қос маманнан оның әлеуметтік желіні алмастыра алатын қауқары бар-жоғын сұрадық.
Пікірлер бір арнада тоғысты. Айтуларынша, алмастыруға болады. Бірақ ол үшін арнайы уақыт бөлу, ұзақ еңбектену, сонымен бірге ата-ананың да қызығушылықты арттыруға жан-жақты дайындығы қажеттігін ұғындық. Сондай-ақ, психологтардың пайымынша, балалар өздерін ертегі кейіпкерлеріне теңеп, соларға еліктейді. Өзіне ұқсасын бейсаналы түрде таңдап, әрекеттерін қайталауға тырысады.
Осы орайда жақында орын алған бір оқиға туралы айтпауға болмайды. «Мақта қыз бен мысық» ертегісін тыңдаған 4 жасар қыз бала үлкен қайшыны қолына алып, үйіндегі мысығының құйрығын кеспек болған. Бұл нені көрсетеді. Бала барлығын шынайы қабылдайды. Сондықтан не айтып отырғаныңызды өзіңіз білуіңіз тиіс.
Егер балаңызда достарымен проблемалар туындаса, оның шешімі мазмұнында бар бір ертегі тауып алу маңызды.

«Бауырсақтан» басқасын білмейді
Өткен ғасырдың соңына дейін қазақ отбасылары балаларының денін ертегімен ұйықтады. Елдегі жаңа өзгеріс салдарынан тоқырау, жоқшылық, жұртшылықты сенімнен айыратын сындарлы сәт туғанда да, жас өскіннің ертеңіне үмітін жалғауына ертегінің әсері көп болғанын айтпауға болмайды.
Тарихқа үңілсек, ғұлама ғалым, заңғар жазушы М.Әуезовтің Ұлы Отан соғысы кезеңінде шалғайдағы ауылдан Мұрын жырауды алдырып, атақты «Қырымның қырық батырын» радиода таспалатып, майдандағы өршіл рухқа өшпес үлес қосқаны тектен-тек емес-ті.
Бүгінде кітап оқудың дәуірі кенжелеген. Қалаған тақырыпты табуда әлеуметтік желі қолжетімді. Заманауи озық жетістікті жоққа шығаруға болмайды. Десе де оның мазмұны мен сапасына көп жағдайда көңіл бөлінбейді. Қажеттіні смартфоннан табатынын білген баласына ана мен әке, ата мен әже де ықылассыз. Осылайша ертегі оқып беру үрдісін үзіп алдық. Тарқаған тінді қалай тамырлатуға болады?
Қазір ертегіні насихаттауға арналған шаралар жоқ деуге болмайды. Алайда жеткіліксіздігін жасырмау керек. Олардың қатарындағы мектептердегі санаулы сағат, апталық, кітапханалардағы құрал-жабдықтар, іс-шараларға балалар түгел қамтыла алмайды. Нәтижесінде ертегі деген ұғымнан алыс ұрпақтың өсіп келе жатқандығын көруге болады.
«Ертегі айтамын» деп айта алмаймын. Оған немерелерім де ықыласты емес. Бұрын теледидар, интернет болмады. Сол кезде айтылған дүние ғой. Қазір қажеті бар деп ойламаймын. Сонда да балаларым лицейде жақсы оқиды», – дейді атын атаудан бас тартқан алпысты алқымадаған әже. Бұл орайда балақандарды да сөзге тарттық.
«Ертегі білемін. Бірақ ұнамайды. Мультик жақсы. Ондағы кейіпкерлерді көресің, білесің. Маған апайлар айтып береді. Мамам да біледі. Бірақ оның көп уақыты жоқ», – дейді 5 жасар Аяна.
Бір қызығы, сауал қойған 11 балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп жасындағы баланың 9-ы «Бауырсақ» ертегісінен басқасын білмейтін болып шықты. Қалған екеуі де Мыстан, Алпамыс, Тайбурыл, Шалқан, ата мен әже сынды кейіпкерлерді атағанымен, мазмұнын сұрағанымызда, күмілжіп қоя берді. Ал Күн астындағы Күнекей қыз, Сырттандар, Аяз би туралы олармен сөз қозғаудың ауылы алыс екенін іштей топшылап, қамығып қалдық.
Ертегі – халықтың тұтас болмысы, ажырамас бөлшегі. Оны ұмыту – ұлтты ұмытумен тең екенін ескерсек, ертеңге елеңдемеу негізсіз.
Ресейде жыл сайын 6 сәуір – орыс халық ертегілері күні ретінде аталып өтеді екен. Біз де рухани жаңғыру шаралары қолға алынған тұста онсыз да бос тұрмайтын күнтізбеден бір күнді ертегілерге арнап белгілеуге мемлекеттік маңыз берсек, ұтарымыз көп болар еді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
22 наурыз 2022 ж. 403 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031