Мемлекет басшысы өзінің биылғы жолдауында не деді?
Мемлекет басшысы өзінің биылғы жолдауында не деді? Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті жолдауын жасады. Расын айту керек бұл жолдау «Жаңа Қазақстан» деген атаумен болашаққа бет алған қазақ елінің бүгіні мен ертеңін айқындап беретін, мәні зор саяси реформалар жиынтығы болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел президенті ретіндегі төртінші жолдауы екен. 2019 жылғы алғашқы жолдауында Кемелұлы алдымен халық пен билік арасында алтын көпір болатынын атап өтті. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген атаумен жарияланған алғашқы жолдау көп дүниеге есік ашып берді.
Екінші жолдау «Жаңа жағдайдағы Қазақстан» деген атаумен жарияланды. Аты айтып тұрғандай бұл құжат та халық арасында жоғары бағасын алды. Сол секілді үшінші жолдауы халықтың табысы мен бюджеттің кірісін арттыруға бағытталды. Жол жолдауда да ел ішіндегі көп уақыттан бері шешілмей жүрген дүниелердің ыңғайы келіп, талай шаруаның басы қайырылды. Нақты айтар брлсақ, жер мәселесі, бос жатқан жерлерді қайтару, инфрақұрылымды жаңғырту, субсиядияны қайта қарау, сумен қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелер еді.
Көптеген сарапшылар бұл жолғы жолдаудың ерекше болғанын айтып жатыр. Президент өз жолдауында Қазақстан халқын алдағы уақытта елдің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгерістер әкелетін саяси реформалар күтіп тұрғанын, құқық, қаржы-экономика және қоғамдық бақылау секторларында мүлдем жаңа институттардың пайда болатынын айтты. Оны Мемлекет басшысының «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік», - деген сөзінен-ақ байқауға болады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзі ұсынып отырған бұл саяси реформалардың кезекті топтамасы бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейтінін мәлім етті.
«Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген. Осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы іспетті бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді.
Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді. Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді», деп атап өткен ол халыққа қағаз жүзінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кеткенін әрі халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек екенін атап өтті.
Айтпақшы, Президент халық күтіп отырған өзгерісті өзге емес өзінен бастайтын рай танытты. Нақты айтар болсақ, президент деген шексіз лауазымның құзыретін шектеп, бірқатар құзыреттерді парламентке тапсыру керек екенін атап өтті.
«Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет» деді Мемлекет басшысы.
Енді осы жолдауда көтерілген негізгі мәселелерге тоқталып өтелік:
«Мен Президенттің өкілеттік кезеңінде партияға мүшелігін тоқтату міндетін заңнамалық түрде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекелестікті арттырады, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әкімдердің партия филиалдарын басқаруды тоқтату керек екендігін қадап айтты:
Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполярлы партиялық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.
Өкілетті билік тармағын қайта құру
«Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн» деп атап өткен заң шығарушы органға үлкен міндеттеме жүктеді.
Конституциялық сот құрылады
«Мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін», - деді Президент.
Президент сонымен қатар Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет екенін айтып, осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды. Сол секілді төртінші билік саналатын БАҚ саласында да үлкен өзгерістер болатынын меңзеді.
«Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек», - деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық құрылтай құрылады
«Біз бірліктің бастауы болған дала демократиясының бастауын жалғастыруымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды ұлттық құрылтай құруды ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, жаңа құрылым ұлттық кеңестің қызметін орталық деңгейде жалғастыратын болады.
«Құрылтай - қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестің бәрін өз айналасына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құрамында барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясы, азаматтық альянс, қоғамдық кеңес пен ұйымдардың мүшелері, белгілі мемлекет қайраткерлері және тағы басқа кіреді», - дейді ол.
Елімізде жаңадан үш облыс құрылады
Семей облысы
«Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған», - деді Президент.
Ұлытау облысы
«Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім», - деді Тоқаев.
Жетісу облысы
«Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады», - деді Президент.
Сайлау жүйесін үлкен өзгерістер күтіп тұр
«Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», деп атап Президент. Яғни бұдан былай сайлау үлгісі пропорционалды-мажоритарлы түрде болады:
Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады.
Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды.
Төңкеріс жасамақ болғандардың арасында жоғары лауазымды тұлғалар болды Президент өз жолдауында Қасыретті қаңтар оқиғасына да тоқталып өтті.
«Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз. Қазақта «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген сөз бар. Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз», - деді Қ.Тоқаев.
Президенттің айтуынша, төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды.
«Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді.
Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді.
Заң барлығына ортақ. Қарапайым адамдар үшін де, билігі бар адамдар үшін де, қоғам белсенділері үшін де - бір ғана Заң бар.
Азаптаулармен байланысты қылмыстарды тергеп-тексеруге жүйелі тәсілдеме керек. Қазіргі уақытта бұл бағытқа жауап беретін нақты бір орган жоқ. Бұл тәжірибе белгілі бір сын-қатер тудыруы мүмкін. Сондықтан бұл функцияларды Бас прокуратураға міндеттеуді ұсынамын. Бұл тәсіл тергеудегі ашықтық пен бейтараптықты қамтамасыз етеді, құқық қорғау саласындағы бассыздық үшін жазаның бар екенін көрсетеді», - деді Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөз соңында бұл қадамдардың барлығы да елдің болашағы үшін жасалып жатқанын атап өтті. «Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен, халқымның болашағы қалай болатыны толғандырады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
#Тоқаев #жолдау #Президент