Ғасыр ғұмыр
Даңқты кавказ халқы жайлы аңыздар көп. Олардың ішіндегі ең әсерлісі – ұзақ өмір сүретіндігінде. Кавказда жүз және одан да жоғары жас жасаған адам көптеп кездеседі. Ұзақ жасаудың сырына қатысты әр кавказдықтың өзіндік құпиясы бар. Дегенмен, бұлардың барлығының пікірі бір ойға тоғысқан. Яғни, даналық пен өмірге қуана білу және оптимистік көзқарас ұзақ жасаудың кепілі екен.
Қазалы ауданында да сирек болса да бір ғасыр ғұмыр кешкен кейуана бар. Қ.Пірімов ауылының тұрғыны – Мәрия Қожағұл Қазан төңкерісінен кейін дүниеге келген. Осы жылы Мәрия әже 100 жасқа аяқ басты. Оның балалық шағы халықтың аш-жалаңаш, қиыншылығы мол кезіне тұспа-тұс келіп, Кеңес үкіметінің тіршілікке араласа бастаған шағында өткендіктен ерте есейді. Әркім қолда барымен тіршілік еткен тар заман еді. Әкесі Сыдық пен анасы Үрбибі азын-аулақ малын бағып-қағып, көктем шыға сол маңдағы көлдерді сағалап, жерді кетпендеп, тары, жүгері, асқабақ, тағы басқа бақша дақылдарын егіп, күзде жинап, қыстай азық етіп күнкөріс жасайды. Мәрия да әке-шешесіне көмекші болып заманның қиыншылығына шыңдалып өсті. Қазақта жақсы сөз бар «Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» деген. Мәрия әжей де тағдырдың жазуымен ауылдасы Соңғыбайға екінші әйелдікке тұрмысқа шығады. Кейуананың айтуынша, үй жұмысынан гөрі түзде жүріп қарекеттенуге бейімделгендіктен қысы-жазы аязды-ыстық ауа-райына қарамастан Құдай қосқан қосағының жанында отар-отар қой баққан. Басынан талай қиын сәттерді өткізгендігі бұл күні түс көргендей өте шықты.
«Қайсыбірін айтайын, аз жасамадым. Бірі есіме түссе, кейбірін ұмытып қалдым. 15 жыл қой бақтым. Ол кездің қысын қазіргі ауа-райымен салыстыруға келмейді. Көп бейнет көрдім. Қар қалың түседі. Одан омбығып, қойлар түгілі адам зорға жүретін. Сондай қиын кезде 550 бас ісек қойдың 50-ін өлтіріп алдым. Қалғанын аман сақтап қалғандығым үшін колхоз басшылары арнайы келіп, сый-сияпат жасап, алғысын білдірген. Жас болып күш-қайратымыз тасып тұрған шақ қой. Ештеңеден тайсалмай, жапан түзде жалғыз өзім түйенің үстіне өңгеріліп, малды баға беретінмін. Айдала болған соң қасқыр да кезігеді. Сондай аш қасқыр бір қойымның алқымын қырқып қарнын жарғанын көргенімде зәре құтым қалмады. Қайта жұбайым уақытылы келіп, түз жыртқышынан арашалап қалды. Азық болмай ашыққан кездерімізде өлген қойдың басын асып жейтінбіз. Етін де асқатыққа қолданатынбыз. Колхоздан көмекке берген 5 келі дәнді де талғажау етіп күн көрдік», – деп өткен күндерді еске алды.
Мәрия Сыдыққызы өмірі қиыншылықпен өтсе де, өкпе-назын айтпайды. Керісінше, барға қанағат етіп, шүкіршілігін аузынан тастамайды. Ұлы Отан соғысы басталғанда ауылдағы барлық ерлер майданға аттанды. Олармен қатар шаңырағының иесі Соңғыбай да қиян-кескі ұрысқа қатысып, екі жерден жарақаттанып, туған жерге оралды. Ал Мәрия ұрыс даласындағы майдангерлерге қолдау көрсетіп, елде қалған әйел, бала-шағалармен бірге тылда тер төккен. Канал қазды, күріш екті. Барлық ауыртпалықты жалаң қолмен атқарды. Еткен еңбектері ескеріліп, Жеңістің 60, 65, 70 жылдығы мерекелік медальдармен марапатталған.
Жүз жасаған әжей Ұлы Отан соғысынан кейін құрсақ көтереді. Колхоздың қойын бағып жүріп, далада күз мезгілінде ешкімнің көмегінсіз қыз босанады. Оны көйлек-көншікке орап, үйіне әкелгенмен әлсіз туылған нәресте шетінеп кетеді. Бұдан кейін бала көтермеген. Бағына орай бәйбішеден қалған Науқанбай, Қалқабай атты ер балаларды бауырына басып, бағып-қағады. Олар ер жетіп, әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтереді. Қалқабайы өмірден ерте озып, оның балаларына қарайлайды. Қалқабайдың екінші ұлы Әмірді меншіктеп алған кейуана кішкентайынан ешкінің сүтімен асырап, қатайтады. Бұл күні немересі Әмір мен келіні Жадыраның қолында.
–Бала тапқандікі емес баққандікі деп жатады үлкендер. Бұл тұжырымға толықтай
қосыламын. Себебі, мені бұл кісі өзімнің балам деп бауырына басты. Сондықтан оны әже деп атамаймын, апа деймін. Өз шешемнің жанына жуыта бермейтін. Жағдайым жақсы болсын деген ниетпен айран ұйытып, күбі пісетін. Бар тәттіні аузыма тосатын, – деп ұлы Әмір ағынан жарылды.
Қазір ерлі-зайыптылар төрт бала өсіріп, өнегелі отбасына айналып отыр. Әмір Қ.Пірімов ауылының мал дәрігері қызметін атқарса, Жадыра К.Күлетов атындағы №92 орта мектепте жұмыс істейді.
«Осы үйдің табалдырығын келін болып аттағаныма 17 жыл болды. Жастай түскендіктен енем аналық мейіріммен шаруашылықты жүргізуді үйретті. Соның арқасында келіндік парызымды адал атқарып, ағайын-туыстың алғысын алдым. Анамыз біз үшін асыл қазынамен тең. Әлі де ақыл-кеңесін беріп отырады. Бұдан бір-екі жыл бұрын қолмен сүйеп, далаға да шығаратынбыз. Қазір оған жарамайды, төсекте жатады. Бірақ тікейіп отырып, тамағын өзі іше алады. Қалаға шаруаларыммен шығатын болсам қыздарымды қарауға қасына қалдырамын», – дейді Жадыра.
Жүзді толтыратын Мәрия әже әлі тың тек құлағы ауыр естіп, көздері көруден қалған. Ұзақ әңгіме-дүкен құра алмайды, тез шаршап қалады. Кім келіп, қандай құрмет көрсеткенін ұмытпайды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен ауыл әкімі Болатбек Баймахановқа айтар алғысы шексіз. Олардың мейрам кезінде әдейілеп сәлем бере келгендерін ауыз толтыра мақтанышпен айтып отырады. Әркез алақанын жайып ақ батасын беруге әзір тұрады. Тілеуі – ел тыныштығы мен бақыттың базары.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.