Дәстүрді неге даңғазаға айналдырдық?
Жиған-тергенің тойда шашылсын дейтін қазақпыз. Барымызды баламыз үшін жинаймыз, жұмсаймыз. Алайда ысырапшылдыққа бой алдыруға етеміз үйреніп барады. Мәселен, бір ғана баланың тұсау кесер тойын мейрамханада өткізетіндер қатары артты. Кейбіреулер үйінің тарлығын алға тартса, енді бірі елден қалмайын деп қарызданып-қауғаланып, той жасауда.
Осындайда той біткеннен кейінгі шығынның орнын толтырам деп табаннан тозғанша, көрпеге қарай көсілуді көздеген жөн. Аста-төк ас дайындап, жүзден аса мейманды қонақ қылып жатады. Ата-ана баласының тәй-тәй басқанына қуанып, көпшілікпен қуанышын бөліскісі келетін шығар, бірақ кейбір келеңсіз көріністерді көргенде қарның ашады. Бір танысым әлеуметтік желідегі жеке парақшасына «Досымның, ұлының тұсау кесер тойындамыз» деп дастархан басындағы фотосын жүктеді. Мейлі, мейрамханада өткізсін делік, стол бетін толтыра қойылған тағамдардың арасында «менмұндалап» тұрған бөтелкеге не жорық? Баланың өмір жолы ақ, болашағы жарқын болсын деген ниетпен орындалатын дәстүрді алкогольдік ішімдікпен өткізуден асқан өрескелдік жоқ шығар.
– Ұлттық дәстүрді даңғазылыққа айналдырғанға қарсымын. Әрбір өмірге келген баланың отаны, яғни кіші отаны болады. Ол біздің үлкендеріміз. Қандай да бір балаға жасалатын дәстүрді сол үлкендерімізге неге ұсынбасқа. Мысалы менің Әлім, Әзиз атты екі немерем бар. Өзім әже болсам да, менің енем –біздің үйдің үлкені әжеміз бар. Ең бірінші тұз суға шомылдыру, бесікке салу рәсімдері сол кісінің қолынан өтеді. Бұл дегеніміз бесік той жасалмайды деген емес, ол да жасалады. Ал тұсау кесерге келсек, бірінші немереміздің тұсауын отбасында атасы кесті. Біздің де отасқанымызға 35 жыл болған, осы уақыт ішінде еңбек етіп келеміз. Немереміз де өмірде өз орнын тапқан еңбек адамы болсын, халқына адал қызмет етсін деп ниеттедік. Аспаннан айды іздемей, әр отанда да құрметке лайық, өзіндік орны бар азаматтар болады. Сондықтан, тұсау кесу рәсімін өз отбасында жасаса жақсы болар ма деп ойлаймын», – дейді Айнұр Кенжалиева.
Бұл пікірмен біреу келіссе, біреу келіспес. Әркімнің өз таңдауы бар десе де, тұсаукесер тойын шаңырақта өткізуді орынды санайтындар саны аз емес.
– Қазір тұсау кесер рәсімінің тізгінін көреген, ақылды, өмір жолы өнегеге толы жанға тапсырушылардан көрі, әншілерге, әртістерге беретіндер көбейді. Қалтасына, қарап, кәсіпкерлерге кестіретіндер де бар. Сырт көзге «берекелі, табысты болсын» дедік деп айтқанымен, тұсау кесушінің балаға әкелетін дүниесінің бағалылығын көздеп тұратындарды құлақ естіп, көз көрді. Тіпті бұл рәсімді дәстүрді дәріптейін деп емес, атақ үшін орындайтындар бар, – деген пікірде кент тұрғыны Анар Әміржан.
Қаражат өз қалтасынан шығады. Сондықтан ата-ана баласының тұсау кесер тойын қайда өткізсе де өз еркі деген пікірді ұстанатын жандардың бірі – Ержан есімді азамат былай дейді:
– Интернеттен тұсау кесер туралы мынадай мәлімет оқыдым. Қаншалықты расын білмеймін дегенмен, маған қызық көрінді. Баланың тұсауын кескенде алдына түрлі заттар қойып, солардың бірін таңдатып жатамызғой. Кітапты алса, оқымысты, домбыраны алса өнерлі, ақшаға қол созса, ауқатты боладыға санаймыз. Осы нәрестенің болашағын болжау қазаққа жат дүние деп жазылған. Оқуымша, бұл корей халқынан енген салт көрінеді. Оларда дәстүр бойынша бала бір жасқа толғанда торқалы той жасап, аталған таңдауды жасатады екен.
Тұсау кескен соң баланы алып қашады дегенді естіп те таң қалғаным бар. Баланы тәй-тәй басқызып келе жатқан екі адам оны ала қашады. Ата-анасы қашан кәдесый бермейінше, баланы әкелмейтін көрінеді. Бұның астарында да тәрбиелік мән-мағына жоқ. Тек арзан күлкі мен ақша табудың амалы жатқандай.
Бәрін айт та, бірін айт, салт-дәстүрдің жырын айт деген. Бүгінде тағы қандай әдет-ғұрыпты әсірелеп, дәстүрді даңғазаға айналдырып жүрміз? Ой қоса отырыңыз, оқырман?
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА