Сәбидің тұсауын неге үш жіппен кеседі?
Баланың тұсауын тек ала жіппен кеседі деп ойлап жүрсеңіз, қателесесіз! Ырымшыл қазақ баласының тұсауын үш түрлі нәрсемен кескен.
Немен кесетінінен бұрын, бұл дәстүр туралы толық ақпарат бере кетсек...
Тұсаукесер - сәби қаз-қаз қадам басатын уақытта тезірек жүріп кетсін деп орындалатын ғұрып. Халық арасында тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады деген түсінік бар. Сол себепті әр баланың тұсауын кесу қазақ отбасында ерекше дайындықпен көңілді өтетін қуаныш тойы. Байырғы уақытта ауқатты адамдар тұсау кесер тойында көкпар тартқызып, артынан жазық далада думан ұйымдастырған. Қазіргі тұсаукесу тойлары заманға сай мейрамханаларда жалғасын тауып жүр. Тойдың орыны өзгергенімен оның мән-мағынасы жойылған емес. Баланың тұсауын кесу мәртебесі де елдің ішіндегі сыйлы, ширақ, іске епті, қадірлі адамға табысталады. Тұсау кескен кісіге де жоралғысы бойынша сый-сияпаты табысталады.
Ал баланың тұсауы кесілгесін екі адам жетектеп жүгіруі керек. Сол уақытта «Алда бол», «Құлама», «Жүйрік бол» деген тілектермен қатар, елдің құлағына сіңіп кеткен «Тұсау кесер» жыры шырқалады. «Тұсау кесер» жыры:
«Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам.
Қаз-қаз, балам, қаз балам.
Тақымыңды жаз балам.
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін,
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық,
Қаз-қаз, балам, жүре ғой...
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой, қарағым».
Баланың тұсауын үш түрлі жіппен кеседі (Ала жіп, тоқ ішек, көк шөп). Бірақ баланың тұсауын бір-ақ рет кесетіндіктен осы ішеуінің біреуімен кесу керек. Ала жіп. Баланың тұсауын көбінде ала жіппен кеседі. Бұның мәні «Жаным-арымның садағы» деген сөзді сіңіріп өскен халық үшін түсінікті болса керек. Яғни, тіршіліктің ақ пен қарадан, қуаныш пен қайғыдан, жақсылық пен жамандықтан, адалдық пен арамдықтан тұратынын ескеріп осы екі араның аражігін ажырата алсын дегенді білдіреді. Оның астарында «біреудің ала жібін аттама» деген тоқтам да жатыр. Қазіргі таңда кейбір жерлерде түрлі түсті жіп қолдану да үрдіске айналып бара жатыр. Асылында бұл дұрыс емес. Қазақ тек тұсауды ғана емес, бесіктің бауын, киіз үй түндігінің бауын да осы ала жіптен ескен екен. Көк шөп. Жердегі көк шөпті өріп баланың тұсауын кесу қазір кең тарамаса да, аракідік кездесіп қалып жатады. Бұл ғұрыптың мәні – ұрпағым көбейсін, өніп-өссін, туған жерінде көгерсін деген ниетте жатыр. Тоқ ішек. Баланың тұсауын тоқ ішекпен кесу - сәбидің болашақ өмірі тоқшылықта, байлықта өтсін деген тілекке саяды. Кейбір тұсау кесер тойында жіпті кесу үшін қайшыны қолданып жатады. Бұл қарттардың айтуынша, дұрыс емес. Қайшымен кесілген баланың келешек тағдыры да қайшыланып өтуі мүмкін. Сондықтан өткір пышақпен кескен жөн.
ernur.kz