Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланың тұсауын дұрыс кесіп жүрміз бе?

Баланың тұсауын дұрыс кесіп жүрміз бе?

Жақында ағайынның қуанышына ортақтасып, тұсаукесер тойына бардық. Көпшілікке жайылған ақ дастарханнан кейін қонақтар тұсаукесер салтын тамашалауға жиналды. Баланың табан жолына кестеленген «тәй-тәй» төселді. Ата-анасы баланы алып шығып аяғына ала жіп байлады. Көпшілік баланың тұсауын кім кесер екен деп тағатсыздана күтіп отырған сәтте ортаға 20 жастағы жігіт шықты.
Үлкендерден бата сұрамастан баланың тұсауын кесті. Тұсаукесер жыры да айтылған жоқ. Сәби болса, автокөліктің кілтін алып ата-анасын мәз етті. Үлкендер жағы күбір-күбір ете қалды: «Жас балаға кестіргені несі? Көпті көрген, өнегелі жолы бар неге үлкендерге кестірмеді? Бата беру керек емес пе? Қазір жастар өз білгендерін жасайды. Салт-дәстүрді бұрмалап, мағынасын жоғалтып бітті» деген сыбыр көбейе бастады. Үлкен кісілердің де пікірі орынды. Бірақ таңдау ата-ананың өз еркінде болған. Сөйтсе, әлгі бала үлкен ағаларының жалғыз түйір ұлы екен. Шетелде оқиды. Әсілі, бір жасар балақай да соған ұқсап, сырт ел асып, оқымысты болсын деген шығар? Кім білсін!
Той әйтеуір мәресіне жетті. Көпшілік тарқасты. Бірақ бәрінде бір ой кетті. Расында қазір салт-дәстүріміздің көбі бұрмаланып жүр. Мәселен, үйлену тойында ағылшынша ән айтылып, жастар «Love story» түсіруді сәнге айналдырды. Тіпті осы «Love story» үшін шетел асатын жастарымыз бар. Қыздарымыз да өзінің қара шаңырағынан емес, түннің бір жарымында мейрамханалардан ұзатылып жатыр.
Осы тұста Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова бүгінгі жас ата-аналардың баланың тұсауын кескен кезде көптеген қателік­терге бой алдырып жүргенін атаған еді. Бұл салт-дәстүрдегі ұстанымдардың мағынасын бұзатынын және кейінгі буынға өзгертіліп жететініне алаңдау­шылық білдірген. Зейнеп апамыз тұсаукесер дәс­түрінің мағынасын былай түсіндіреді. «Баланың аяғына ала жіпті байлаған. Мағынасы өмірдің ақ пен қарадан тұратынын білдіру. Күрмеуін кесу бала болашақта ақ пен қара қатар тұру заңдылығы кезінде құламасын, сүрінбесін дегені» дейді.
Ал, кесілген ала жіпті ырымдап бала көтере алмай жүрген келіншекке берген. Ол оны сақтап қойса, көп ұзамай балалы болады деп есептеген. Сондай-ақ, баланың ақ жолына қойылатын ақша, домбыра, кітап сынды заттарды қою рәсімі де бізге өзгелерден келген дүние екені айтылып жүр. Сондай-ақ, соңғы кездері осы бір салтты тамашалаған кезде үлкендердің өзі кездіктің жүзін қалай қаратып кесерін білмей, өзгелерден сұрап жатады. Тіпті, тұсаукесер жырын білмейтіндер де кездеседі.
Сонымен қатар қазіргі кезде баланың тұсауын әншілерге кестіру сәнге айналған. Тіпті осыны бизнеске айналдырғандар да бар. Келіскен сомасын берсеңіз, балаңыздың тұсауын әндетіп, әуелетіп, сән-салтанатымен кеседі. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс, бұрыстығына мән беріп, жатқан ешкім жоқ.
Осы ретте өткенге сәл шегінсек, ата-бабамыз тұсау кестірерде таршылық, тапшылық көрмесін, бай-бақуатты молшылық ғұмыр кешсін, көңілі дархан даладай бауырмал, қадірлі, қайырымды көпшіл азамат болсын деген ниетті ұстанған. Баланың тұсауын шешен шежірешілер, алып күштің иесі батыр-палуандар, елдің аузында жүрген даңқты тұлғаларға ырымдап кестірген. Мал сойылып, тоқ ішекті сәбидің аяғына байлаған. Баланы әкесі ортаға тұрғызып, дуалы ауыз ақсақалдардан бата сұраған. Тұсау кесетін адам арнайы дайындалған кездіктің жүзін өрге қаратып кескен. Егер пышақтың жүзін төмен қаратып кессе, бала ынжық, өңез болып өседі деген сенім болған. Сондықтан еңсесін тік ұстайтын, өршіл, ұлттың рухын жалғайтын, ер мінезді ұрпақ болсын деген тілекпен пышақ жүзін жоғары қаратқан. Осы кезде өнер адамы тұсаукесер жырын жырлаған. Ал, кейбір ата-аналар «баламыз көк шөптей көгеріп өссін, ұрпақты үрім-бұтақты болсын» деген тілекпен көк шөппен де кескен. Бірақ бұл түрі өте сирек қолданған.
Міне, нағыз тұсау кесер рәсімі. Мағынасы кең, әрбір салты мәнді.
29 қазан 2018 ж. 6 535 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 34

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930