Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Талант пен талап

Талант пен талап

Жалпақ жұрт арасында естіген құлаққа жылы ұшырайтын "Өнерліге – өріс кең" деген есті сөз барын білеміз. Ал осы оймақтай ой түйінінің шындығын ілкімді ісімен дәлелдеген арда азаматтар арамызда аз емес. Солардың ортасынан Орақ Зейнуллаұлы Зейнуллиннің де ойып орып алатынына ешқандай күмәніміз жоқ. 
Бекарыстан би ауылында 1955 жылдың сарыала күзінде кіндік қаны тамған Орекең Ү. Түктібаев атындағы №24 орта мектебінде білім алды. Бізден екі сынып жоғары оқитын бозбала, шәкірт шағынан тынымсыз талапкерлігімен ерекшеленді. Қабырға газеті беттері мен сынып бөлмелерін сәндеуге арнап салған айшықты суреттері көрген көзді еріксіз жаулап, бас шайқататын. Бұдан бөлек отбасындағы ағасы Абайға еліктеп, сызылта баян тартатын. Сонысы арқылы мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі санатына ілікті.
Жүрек қалауымен Алматы музыка училищесін бітірген соң 1980 жылы Қазалы стансасындағы бұрынғы №70 кәсіптік-техникалық училищесінде өндірістік оқу шебері болып жұмысқа орналасты. Қосымша техникалық сызу пәнінен дәріс берді.
Көңіл сарайында жүрген сыр ұштығын ақтарған Орақ: «Менің теміржолшы мамандарының ұстаханасына айналған іргелі оқу орнынан еңбек жолымды бастағанымның көп пайдасы тиді. Осында суретшілігім ұшталып, көптеген зиялы адамдармен жолықтым. Училище директоры О. Бекпановтың ықпалымен Қазалы қаласымен шекараға Әйтеке би кентінің, күншығыс тұстағы мемлекеттік трассаға қойылатын Қазалы ауданының паспорты сызбасын әзірлеуге қатыстым. «Ақбай» каналы бойындағы жағажайды безендіруге араласып, пролетариат көсемі В.И.Лениннің портретін және «Жұмысшылар мен шаруалар достығы» атты көрнекі картинаны әспеттедім. «Жеңіс» саябағы ашыларда әріптес суретші Қ.Ршымбетов екеуміз 52 дана Ұлы Отан соғысы Батырларының портретін тең етіп бөліп алып, салып шықтық», – дейді өткен күндер естелігін еске түсіріп.
1989 жылы жөргек жуып, оң мен солын таныған ыстық ұясына оралған ол туған ауылындағы балалар музыка мектебінде жас өскіндерді әуез әуенін ұқтыратын – сольфеджио пәнінің беймәлім қырларына баулыды. Сонымен бірге №24 мектепке екінші санаттағы сызу пәнінің мұғалімі ретінде қабылданды. Кейін Бекарыстан би ауылдық Мәдениет үйінің директорлығын атқарды.
Уыздай ұйыған елді мекендегі өнерге құштар жандардың басын құрайтын қасиетті шаңырақтың басшысы тізгінін қолға алысымен көп оқып, толассыз ізденуіне тура келді. Білім, медицина, кәсіпкерлік нысандары және қоғамдық ұйымдармен бірлесе түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Ауыл маңындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-жағдайы зерттелді. Бегім ана, Асандар көтерлісі, Нұрбай би туралы сценарийлер жазып, өзі суретші әрі режиссердің міндетін мойнына алып, бейімі мол жастардың күшімен сахналануына қол жеткізді.
Орекең өскен ауылындағы әр жылдары жүзеге асырылған үлкенді-кішілі мәдени-рухани жұмыстардың ешбірінен шет қалмады. Атап өтсек, №24 мектептегі Бекарыстан биге арналған музейдің ашылуы үстінде тыным көрмеді. Сондай-ақ аталаған білім ордасы ауласындағы «Мәңгілік алау» монументінің эскизін сызып, тұрғызылуына бастан-аяқ араласты. Кеңес Одағының Батыры Ү.Түктібаевтың ескерткіш-бюстінің тұғырын дайындап, орнына қоюға тер төкті. Кіреберістегі ауыл паспортын жасап, Бекарыстан би бабаның портретін бедерледі. Әлсейіт көпірі аузындағы «Асандар көтерілісі» құрбандарына бағышталған еңселі ескерткіш-белгінің салынып, бітуіне де аянбай атсалысты. Жергілікті суретшілер арасындағы аудандық, облыстық байқауларда бақ сынап, бірнеше мәрте бас жүлдені жеңіп алды.
Егер жолыңыз түсіп, Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейіне бара қалсаңыз, сіздің назарыңызды Орта Азия мен шығыс жастарының жалынды жетекшісі атанған белгілі тұлғаның таныс бейнесі өзіне еріксіз аударады. Тұтастай қабырғаны алып тұрған жап-жас, сұңғақ бойлы, қою шашты, жанары жарқылдаған Ғанидың кескін-келбетін көргенде онымен тірілей жүздескендей күй кешесің. Біреу біліп, біреу білмес, бір сүйсінтері осындай бағалы портреттің авторы, бүгінгі тілге тиек етіліп отырған қылқалам шебері Орақ Зейнуллин екен.
Сапалы дүние ешқашан құндылығын жоймайды. Музей төрінде мұнан басқа суретшінің «Арал тағдыры», «Егіншілер қосы басында», «Көктеммен қауышу», «Шөпшілер» атты майлы бояумен салынған пейзаждық картиналары сақталған.
Бүгіндері зейнеткерлер қатарына қосылған Орекең алпыс жастың бел ортасынан асып барады. Алайда балалық күндерде қалыптасқан суретшілікке деген құштарлық сезімі бұрынғы қалпында. Оған айқын айғақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойы үстінде «Тәуелсіздік сериалы» атауымен «Керей мен Жәнібек», «Есім ханның Қара Ертістегі жоңғарларды талқандауы», «Орбұлақ шайқасы», «Ақтабан шұбырынды», «Абылай ханның Сарыбелдегі шешуші жеңісі», «Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлар», «Жанқожаның Арықбалықтағы көтерілісі», «1930-1931 жылдардағы Қазақстандағы аштық» атты баталдық жанрдағы акварельдік еңбектерін дүниеге әкелді. Оның бірқатары аудандық мәдениет орталығындағы мерейлі мерекеге арналған салтанат кезінде көрмеге қойылып, жұртшылық көзайымына айналды.
– Суретшілер арасында «Жапырақ салсаң, желін ұмытпа» деген даналық пайым бар. Бұл нендей нәрсені бейнелесең де, титтей құбылысқа да мән берілуі қажеттігін мегзейді. Күрделі мәселені мықтап ескергендіктен әрбір сызбама кіріспес бұрын он ойланып, мың толғанамын. Елдің, жердің тарихы жайлы жазылған кітаптарды жалықпай парақтап, хандар мен батырлардың өмірі мен болмысына терең бойлаймын,– дейді қылқалам иесі қастерлі кәсібінінің жауапкершілігін жоғары бағалап.
Еңбек – еңсені басушы емес, ер қабілетін ашушы. Суретшілігімен көпшілікке есімі белгілі Орақ ағамыз әңгіме барысында үздіксіз оқып, зерделеуінің нәтижесінде «Ғасырдың қойнауынан үн келеді», «Өмір көш, өтті-кетті бір елес», «Тарихи тұлғалар», «Сыр айтқысы келеді сезімдерім» дастандарын жазғанын айтты. Мұнымен қоса музыкалық сауаты болғасын «Тәуелсіз елім – нұрлы елім», «Майдангерлер мәңгі есте», «Анашым» сияқты төлтума әндерін нотаға түсіріп қойыпты.
Бойындағы талантын таудай талаппен ұштастырып, қалың қауымның көңілін селт еткізер шынайы да, шырайлы шығармаларымен баураған Орекеңнің әлі де озық туындыларымен қуанта береріне шүбәсіз сенеміз.

Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
22 ақпан 2022 ж. 674 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 56

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930