Күмбездегі көлеңке
– Сол оқиға есіме түссе, әлі күнге дейін біртүрлі күйде боламын, – деп бастады әңгімесін ішкі істер саласынан зейнетке шыққан Дәстен аға. Оқиға қызықты болатынын іштей топшылап, әңгімені одан әрі тыңдауға ықыластылығымды байқаттым.
– Ағаңның жасы біразға жетті. Ойлап отырсам, осынау уақытта түрлі қиындықтар мен оқыс оқиғаларға тап болыппын. Оған мамандығымның әсері де тисе керек.
– Сіз әлгінде айтқан оқиға қай кезде орын алған ба еді? – дедім үзілген ойды жалғап.
– Ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының алғашқы кезеңінде болған, – деп серігім менің тағатсызданып отырғанымды аңғарды ма, терең күрсініп алып, қайта сөзін сабақтай түсті.
– Нақты ай, күні есімде жоқ. Одақ ыдырап, халық абдырап, жан бағу қиынға соғып тұрған сәтте көпшілік оңай олжа табуды көздеді. Бірі алыпсатарлықпен айналысса, бірі заңсыз арақ-шараптар сатты. Жастар жағы келешектен күдерін үзіп, ұрлық-қарлық, тонау, адам өлтіруге кірісті. Замандағы ахуал адамдар санасына әсер етеді. Ол осылай біздің саламызға да салқынын тигізеді.
Сондай күндердің бірінде аудандағы мешіттер, мәдени орындар қараусыз қалып, басбұзарлар мен араққа құмартқандардың жиылатын жеріне айналды. Аудан орталығындағы бас имандылық үйіне баланатын Қожаназар ишан мешіті де сондай қиын жағдайда тұр еді. Сол мешіт күмбезінде кешкі уақытта жарық жанып, қорқынышты дауыстар шығатыны туралы әңгіме ел арасына кеңінен тарады. Жақын маңда тұратын тұрғындардың тынышы кетіп, мәселенің мән-жайына бойлауға қорыққан-ды. Бірі «аруақтардың ескертпесі» десе, бірі «елестер жайлаған» деген қауесет таратты. Тәртіп сақшыларының басты міндеті – ел арасындағы жағдайға қанығып, мәселенің мән-жайын анықтау. Бұл жағдайды естіп, нысанаға барып, екі-үш күн бақылау жүргіздік. Барғанымызда біз де жарықты көзімізбен көріп, жедел әркетке көштік. Мешіт артымен жоғарыға өрмелеп, күмбезге шықтық.
Жоғарыласақ, 17-20 жастағы бір топ жігіт ортаға шам жағып, ішімдік ішіп, өлеңдетіп отыр. Айналаларындағы қабырғаға кілем ұстатып, астарына да қалыңдап төсеген. Мұнан өзге жиылып тұрған жайылғылар бар екенін де көзіміз шалды. Топты құрықтап, істі жан-жақты жіті зерттеп-зерделеу барысында мұнан да қорқынышты жағдайға тап болдық, – деді ол.
– Мұнан қорқынышты ... Әлде адам өлімі ме?– дедім үрейімді жасыра алмай.
– Адам өлімінен де қорқынышты.
– ...?!
– Ол кезде кілем ұрлығы көбейген. Біз анықтаған әлгі топ үйлерден кілемдер ұрлап, оны жақын маңдағы қорымдардан адам мүрдесі жатқан бір қабірді босатып, жиған «олжаларын» сонда сақтайтыны анықталды. Мұнан өзге қорым айналасындағы құлпытастар, айшықтарды саудалаушыларды ұстадық.
Қылмыс пен құқық бұзушылық, тәртіпсіздік қай кезеңде де болады. Бірақ солбір өзіміз куә болған жайт елдің әлеуметтік жағдайының халық санасына кері әсерінен туындағанынан топшылау қиын емес. Қазір кілем ұрлау, зираттарды тонау оқиғалары кездеспейді. Есесіне ұрлықтың дамыған түрлері пайда болған. Алайда азан шақырылып, құран оқылып жатқан мешіттерге жастардың жұма намазға жиналғанын көргенде көңілімді қуаныш кернейді. Қазір, Аллаға шүкір, тұрмыс түзелген. Жұмыс істеймін, пайда табамын деген адамға жан-жақты жағдай, қолдау көрсетілген. Таңдау еркіндігі бар. Тәуелсіздік бізге осындай қиындықтарымен келген, балам. Оны қастерлеп, ел тұрмысының тұраламауына септігін әр адам тигізсе, қиын кезең туындамайды деген ойдамын, – деп сөзін аяқтады.
Көркем АЙБАС