Жасөспірім және жауапкершілік

Жасөспірімдер психикасы сәбилер, ересектердікінен де өзгеше. Олар импульсивті, әсерленгіш, қызбалыққа тез түседі, көңіл-күйі тұрақсыз, өзіне сенімсіздік, әрекетінің дұрыстығына жиі күмәндану тән. Бұл сияқты құбылмалы психологиялық қасиеттер – жасөспірімдердің қылмыстық жолға оңай түсуіне себепші.
Әдетте баламен тәрбие жұмысын жүргізу барысында отбасы, мектеп, тіпті, қоғамдық ұйымдарда оларға өмірдің қандай күрделі екендігін, жақсылық пен жамандық араласып, қиындықтар да жиі кездесіп тұратындығы туралы айтыла бермейді. Балалар мен жасөспірімдерді жамандықтан үнемі қорғаштап отыру, өмірде кездесіп отыратын қиындықтар жөнінде сөз қозғамау, жекелеген адамдар тарапынан жасалатын бейморальдық және қоғамқа қарсы әрекеттерді, әділетсіздік пен жалғандықты жасыру оларды өмірден түңілтіп, армандары мен сенімдерінің күйреуіне әкеп соғады. Сондықтан да баланы жай оқытып және тәрбиелеу аздық етеді.
Дәл осы кезеңде жасөспірімдерге психологтың көмегі өте қажет. Сондай-ақ оны өзін-өзі тәрбиелеумен саналы түрде айналысуға үйрету қажет. Ал саналы, позитивті түрде өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз – өмірде алға қойған мақсатына қол жеткізу, моральдық және физикалық күшін, ақыл-ойын дамыту үшін ерікті, белсенді және ғылыми түрде әрекет ету. Жазушы-педагог Ж. Аймауытов: «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір ұстаздың өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын іспен көрсету керек», – дейді.
Н.ҚҰРМАНАЕВА,
«Жетес би» дәрігерлік амбулатория психологы