Бала құқығы – басты құндылық
Әрбір сәби үшін ең қауіпсіз орын – оның үйі, отбасы. Өйткені бала көңілі осы жерде мені жақсы көретін, маған қамқор болатын, қорғайтын адамдар тұрады деп сенеді. Өкінішке орай, балалар өз үйінде қамқорлықты сезе алмай, керісінше, жәбір көріп, соққының құрбанына айналып жататын жайттар жиі кездеседі.
Жас буынды өзге сыртқы күштерден ғана емес, кейде отбасы ішіндегі жағымсыз «ауарайынан» да сақтауымыз керек. «Егер бала өзін үйінде бақытты сезінсе – барлық жерде бақытты» деген қанатты сөз еріксіз еске түседі.
ҚР ІІМ мәліметтеріне сәйкес, әрбір екінші қылмыс үй ішінде орын алады. Ал үйге полицияның баса-көктеп кіруіне шектеу қойылған. Сондай-ақ балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстың 70 процентіне жақын туыстары, әкесі, өгей әкесі, анасының нақсүйері, көршілері немесе таныстары кінәлі болып шығады.
БҰҰ-ның балалардың құқығын қорғау жөніндегі Балалар қорының үйлестірушісі Айсұлу Бекмұса: «ЮНИСЕФ және адам құқықтары жөніндегі өкілдіктің Қазақстандағы 2016 жылғы зерттеуіне сүйенсек, еліміздегі ересектердің 75 проценті баласын тәртіпке салуда күш қолданады екен.
2015 жылғы Комитет статистикасына сүйенсек, елімізде 14 жасқа дейінгі балалардың 53 проценті отбасында психологиялық агрессияның куәсі болып, ата-анасынан таяқ жеген. 2010 жылдары бұл көрсеткіш 49 процент болған», – дейді.
Психолог мамандар жәбірлеудің негізгі үш түрін айтып, баланы қорғауға шақырып-ақ жүр. Физикалық жәбірлеу – баланың тәніне, денсаулығына зиян тигізетін, дамуын тежейтін немесе өлімге душар ететін түрлі жарақаттар салу, зақым келтіру. Оған ұрып-соғу, азаптау, миын шайқау, шапалақпен ұру, шымшу, түртпектеу, соққы жасау жатады. Әдетте, онымен қоса психологиялық жәбірлеу де болады.
Психологиялық немесе эмоционалды жәбірлеуге үнемі немесе кей кездері балаға сөзбен немесе сөзсіз, яғни, басқа әдістер арқылы жәбір көрсету, ата-ананың қорқытып-үркітуі, кемсітуі, жақсы көрмейтінін не жақтырмайтынын білдіруі мысал бола алады. Мұның салдарынан бала ересек адамға немесе өзіне деген сенімінен айырылып, қарым-қатынасқа түсуді қиындықпен қабылдайы.
Баланың қажеттіліктеріне мән бермеу оның өсіп-жетілуіне, эмоционалдық және интеллектуалдық қабілетін шыңдауға кері әсерін тигізеді. Әрине бұл тек отбасы материалдық қиыншылықтарға тап болған кезде орын алмайды. Кейбір ата-аналар баланың өзіне тәуелді болғанын қалап, соған сәйкес өзінің ата-аналық құқығын асыра пайдаланады.
Негізінде мұндай тәрбие нормасының астарында белгілі бір себеп бар. Оның бірі – біздің үлкендерден алған тәрбиеміз. Зерттеулерге көз жүгіртсек, кезінде ата-анасынан таяқ жеген ересектердің 45,6 проценті бала күнінде ата-анасы қол жұмсамаған ересектерге қарағанда балаларын ұрып-соғу ықтималдығы да жоғары екен. Ал өзі физикалық жәбір көрмеген ересектер 29,2 процентті құрайды.
Физикалық және психологиялық жәбірлеу мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Өйткені таяқ жеп өскен бала ызаға булығып өседі, бойында сенімсіздік пайда болады, сондай-ақ ол баланың әлеуметтік және эмоционалдық дамуын тежейді, денсаулығына зиян келтіреді. Сондықтан жәбір көрген балаларды анықтап, оларға дер кезінде көмек көрсететін арнайы әлеуметтік қызметтерді дамыту керек.
Қазақстанның Заңнамалық жүйесі әзірге балаларға дене жарақатын салуға толықтай тыйым салған жоқ. Алайда әлемде жағдай күрт өзгерген.
2020 жылы 50-ден аса мемлекет балаларға дене жарақатын салуға заң аясында тыйым салды, тағы 50 ел осындай заң қабылдауды міндетті жоспарға енгізді. Күш көрсетуге тыйым салу арқылы оларды жәбірлеуге мүлде болмайтынын насихаттайды.
Қазақстанда халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді ескере отырып, 2020 жылдың наурыз айында ҚР Үкіметі «Балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін шешу» жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. Елдегі білім және денсаулық саласына қатысты жаңа бағдарламалар да буллинг, зорлық құрбаны болған балаларға қолдау көрсету және оңалту мәселелерін көтеріп жүр.
Облыс көлемінде жоғалып кеткен немесе зәбір көрген жасөспірімдер оқиғасын жиі естиміз. Шағын мемлекеттегі тәрбие процесінде әділетті болуды өзімізден бастайық.
Дина БӨКЕБАЙ