Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалада қарқынды қадам бар

Қалада қарқынды қадам бар

Аудан аты аталғанда оның тарихи діңгегі болған Қазалы қаласы туралы айтпауға болмайды. Талайлы тарихи мекен бүгінде татулық, ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың үлкен ордасына айналып үлгерген. Бір кезде болашағын жоққа санаған қала бүгінде тірлігін тіктеп, қадамын нықтаған. Оған бүгінгі беталысы дәлел.

Қимылдаған құр қалмайды
Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын бағдар етіп алған мұнда жергілікті жердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, іс-шараларын жүзеге асыруға бағытталған жұмыс жүйесі түзілген.
Қазалы қаласында санаулы әлеуметтік нысандардан өзге ірі өндіріс, жұмыс орындары жоқ. Дегенмен, оған қарамай, өз қам-қарекетін жасап, уақыт талабына ілескен тұрғындар берекені көктен тілемей, еткен еңбектен тілеуді терең түсінген.
Бүгінгі күнге қалада тіркелген 652 жеке кәсіпкерлік субьектісінің 639-і жеке кәсіпкер болса, 11-і заңды тұлға және 2-еуі шаруа қожалығы.
Кәсіпкерлікті қолдау аясында жыл ішінде «Бастау бизнес» жобасымен 27 тұрғын кәсіпкерлік негізде оқуға жіберілген. 59 қазалылық 161,0 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау алып, армандарын іске асыруда. Олардың қатарындағы 17 адам «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен 103,2 миллион теңгеге қол жеткізсе, «Еңбек» бағдарламасы аясында Өңірлік инвестициялық орталықтан 4 адам 22,0 миллион теңге алған. «Ауылшаруашылығы қаржылай қолдау қорынан» 4 тұрғын 16,0 миллион теңге несиелі болса, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 34 адам 19,8 миллион теңге қайтарымсыз грант алған.
Карантиндік шектеу шараларын енгізуден экономикаға тиетін әсерді азайту және іскерлік белсенділікті қалпына келтіру мақсатында бірқатар шаруа қолға алынған.
2021 жылы Қазалы қаласы бойынша 90 азамат тұрақты маусымдық және уақытша жұмысқа тартылса, ­«Жастар тәжірибесі» бойынша 6 жас маман қызметке орналасқан. 89 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілген.
Қала әкімі Рахметулла Ізтілеудің айтуынша, Қазалы қаласын газдандыру жұмыстарына жұмыссыз жүрген 16 тұрғын жолдама арқылы орналасқан.

Баспана – басты мәселе
Баспана жайы қоғамдағы өткір де өзекті мәселенің бірі. Сандарды сөйлетсек, Қазалы қаласы аумағынан 2007-2021 жылдар аралығында тұрғын үй құрылысын салу үшін жер сұраған азаматтардың жалпы саны 1800-ге жуықтайды екен. Бұл орайда жылдан-жылға жүйелі жұмыстар жалғасын тапқанын байқатады.
Биылғы жылы аталмыш өтініштер негізінде Қазалы ауданы әкімдігі жанындағы жер комиссиясының шешімімен барлығы 476 азаматқа қала аумағындағы 180 және 81 гектар жер табысталған. Қазіргі таңда бұл жер учаскелеріне «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» департаментінің Қазалы аудандық бөлімшесі арқылы жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
200-ге жуық тұрғынға жер табыстау үшін тиісті құжаттар рәсімделу үстінде. Жыл басынан бері 10 отбасына 7 миллион 727 мың теңгеге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, 1 отбасы 7700 теңге көлемінде тұрғын үй көмегіне қол жеткізген.

Көрікті мекен, көркем іс
Қазалы – жасыл қала. Ертеден негізі бар ағаш отырғызу, көгалдандыру ісімен көпке үлгі. Бұл орайда да ауыз толтырып айтар іс жеткілікті. Сөз басында айтып кеткендей, экологиялық қиындыққа қарамай мұнда ағаш отырғызу, бақша егу, көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүйесін тапқан. Жекелеген отбасы баспаналарының айналасына ағаштар отырғызып, ауласын түрлі өсімдіктермен әрлеу бұл жерде дәстүрге айналған.
Қазалы қаласының тұрғыны Алтынай Ысқаққызының айтуынша, бау-бақша кәсібінің сырын қалалықтар терең меңгерген. Бір кезде түрлі ұлт өкілдері тұрған қоныста грек жаңғағы сынды экзотикалық, тропикалық жемістер өсіріліпті. Қазір де Қазалы қаласында тұратындар өздері ішіп-жейтін бау-бақша өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидек егіп, сапалы азық-түлікпен қамтуда көпке үлгі болып отыр.
Тұрғындармен жүздескенде тағы бір естіген қызықты мәліметіміз, ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасыр басында Қазалы қаласында тұратын әрбір тұрғынның ауласынан шыққан жеке іріқара, ұсақ малдары қалдық шығарса, не көшедегі ағаштар мен гүлдерге залал келтірсе, ірі көлемде айыппұл белгіленген. Сол тұста қорасындағы малдары айналасын ластамау, отбасы бюджетіне салмақ түсірмеу үшін иелері қос дорба кигізуді қолға алған деседі. Бүгінде мұндай дорба киген мал қарасы жоқ. Алайда 2147 бас мүйізді ірі қара, 4431 бас уақ мал, 427 бас жылқы, жеке және шаруа қожалықтардағы құстардың саны – 878 басты құрайтын жерден бейберекет шашылған қалдық, жануарлар залал келтірген қоғамдық мүліктерді кездестірмедік. Орталықтағы ірі саябаққа отырғызылған талдар қатары да қалыңдаған. Бұл көріністер тарихи үрдістің тұрғындар санасына берік орныққанын ұқтыратындай.
Санитарлық тазалық жұмыстары бойынша Қазалы қаласының барлық көшелері мен мәдени-демалыс алаңдары және шет аймақтары тазаланып, жалпы көлемі 1760 м3 күл-қоқыс, тұрмыстық қатты қалдықтар арнаулы орынға шығарылып, көше жолдарына су шашу жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Жолдауына сәйкес, қоғамда экологиялық құндылықтарды нығайтуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Birge – Taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізу жолға қойылған. Мұндай көктемгі және күзгі санитарлық тазалық жұмыстарына іс-шара жоспары бекітіліп, тұрақты сенбілік пен тазалық акциялары нәтижесінде қаладағы мекеме аулалары, көшелер мен саябақтар және жалпы 32 шақырымды құрайтын көше бойында орналасқан аяқсу жүретін арықтардың іші тазартылған.
Осы жылы көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша көшелер мен саябақтарға 1150 түп тал көшеті отырғызылған. 1500-ге жуық тал түбі, 3600 метр болатын көше жолының жиегіндегі бордюрлер ақталып, алаңдар, саябақтардың түнгі жарықшам бағаналары сырланғандығын байқадық. Алаңдар мен саябақтар және мекеме аулаларына гүл көшеттері де егіліпті.
Биылғы жылы аудан жұртшылығы су тапшылығы қиындығымен бетпе-бет келді. Негізгі су келетін Сырдария өзенінің көлемі азайып, «тіршілік көзінің» жай-күйін көрген ел абдырап қалды. «Сыр суы тобықтан» келгенде қолға алған батыл жұмыстар туралы сұрақты қала әкіміне жолдадық.
«Бұл бағытта жедел жұмыстар қолға алынды. Қаланың батыс, оңтүстік шығыс бөлігі және шығыс беткейінде орналасқан СНП-500/10 маркалы су айдайтын насос арқылы көшедегі талдар, парктер мен саябақтар және үйіргелік жерлерге бекітілген кестеге сәйкес апта сайын 3 рет аяқсу беруге күш салдық. Экологияны жақсартып, тұрғындардың демалыста уақыт өткізуіне қолайлы орындар жасау үшін қаламызды көгалдандыруды жалғастыра бермекпіз», – дейді сөзінде.

Әкім жұмысы – халық тынысы
Жыл басынан бері 30 азамат әкімнің жеке қабылдауында болып, 22-сінің қойған мәселесі өз шешімін тапқан. 8 азаматтың көтерген жайына орай заңдылыққа сәйкес түсініктеме берілген. Жыл басынан бері түскен 48 өтінішке дер уақытында тиісті жауаптар жолданған.
Кездесулерде көп көтерілетін сұрақтар – әлеуметтік көмек түрлері, баспана, бизнес бастау және жеке өтініштер екен. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының басты алғышартына баланатын әр азаматтың жеке мұқтажын шешу арқылы қоғамдағы күрмеулі сұрақтардың алдын алып, шешімін табу басты назарда дейді әкімдіктегілер.
Сөз соңы. Біз бұл күні бой көтерген жаңа үйлер, көрікті көше, көркем нысандарды көрдік. Ұғынғанымыз, мұнда тұратындардың барлығы дерлік жергілікті халық. Олардан тарап, өсіп-өркендеп, жеке отау болып отырғандар жыл санап қалалықтардың қатарын көбейтуде. Әңгімеге тартқанымызда, ауданға жақын, ауызсу, көгілдір отын жайы шешілген орыннан жастардың да көшкісі жоқ. Өткен ғасырдың соңында тіршілік нышаны жоқ, өмір сүруге тиімсіз деп баға берген пікірді бүгінгі көрініс жоққа шығарғандай. Бір күндік сапар Қазалы қаласында ертеңге артқан сенім мен қарқынды қадам барын ұғындырды.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
01 желтоқсан 2021 ж. 393 0

Ел өзегі – мемлекеттік тіл

24 желтоқсан 2024 ж. 23

Өнегелі өмір өрнегі

24 желтоқсан 2024 ж. 25

Басты мақсат – халық игілігі

24 желтоқсан 2024 ж. 23

ЖАРҚЫРА, ШЫРША ШАМДАРЫ!

24 желтоқсан 2024 ж. 20

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031