Әжетханадағы әлімжеттік
Көшедегі ағалар мектепте оқып жүргенде жасаған ерлігі, әлсіздерге өткен әлімжеттігі мен қалай «тиын істегені» туралы әңгімелегенде рақат сезімге бөленетінін талай көз көрді. Тыңдаушы да бұған асқан қызығушылық танытатыны бар. Есейген адамдар үшін бала кездегі қателіктер тәтті естелік сияқты көрінгенімен бүгінде салдары булингке дейін жетіп жатыр. Түркістан қаласында сыныптасы сұраған ақшасын әкеліп бермегені үшін соққыға жығылып, қаза табуы аталған мәселенің білім ордаларында өршіп келе жатқанын көрсетсе керек. Жақында ғана Жетісудағы Пенжім ауылында орын алған мектеп қабырғасындағы жанжалдың салдары әріге баратынын көрсетіп отыр.
Көшедегі түсінік
Кез келген есі кірген ер бала өзін «еркек» сезінетіні қалыпты құбылыс. Бала кезінен әке ұлына қайсарлық, жігітке тән мінез бен қылықты бойына сіңіреді. Ал жасөспірім алған тәрбиесін мектеп қабырғасынан бастап көрсететіні үйреншікті жағдай. Жаңа ғасыр балалары кішкентайынан біреуден таяқ жегенін айтуға арланады. Екінші тобы күш көрсетушіден қорыққанынан үнсіз қалғанды жөн көреді. Мұндайда әлімжеттік жасайтындардың ата-аналары қайда қарап отыр деген сауал пайда болу мүмкін. Психологтар біреуге күш көрсетуді баланың ересектікке ұмтылуымен байланыстырады.
– Әлімжеттіктің бастауы мектеп болып отыр. Мектеп жасындағы балалардың даму кезеңінде өзгерістер болады. Былай айтқанда, өтпелі кезең. Соның бірі – ұл баланың әлеуметтенуі. Ер-азамат, жігіт ретінде қалыптасуға ұмтылыс. Дәл осы кезеңде, 11-14 жастағы балалар физикалық тұрғыдан әлсіздерге күш көрсете бастайды. Әлімжеттік көрсеткен бала сол ортада өзінің мықтылығын көрсеткісі келеді. Яғни, кім ортадан жақсы оқып немесе басқалай алыстап жатса, соны қатардан әлімжеттік арқылы шеттетеді. Бұған баланың өзі бөлектенуінің әсері бар, – дейді психология ғылымдарының кандидаты Бақыт Дастанқызы.
Ғалымның сөзінен оқушыларға жан-жақты қолдау, психологиялық кеңес беру керегін түсінеміз. Осындайда мектептегі жан-дүние емшілері өз міндетін қаншалықты жақсы орындап отыр деген сауалға кезігеміз. Жауабын төмендегі көрсеткіштер айғақтайды.
Сақшылар сан артпаса...
Өзі туған ата-анасына басындағы жайтты айтуды сын көрген оқушы полицейге арнайы бармасы анық. Мектеп жанынан өтіп бара жатқан адам байқайтын балалар арасындағы ерегіс ресми органдарда тіркеле бермейтіні де қызық. Полицейлер мұны ата-ана тарапынан арыз-шағым түспейтінімен байланыстырып отыр.
– Полиция бөлімі жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықты болдырмау, топтық төбелес пен мектеп қабырғасында оқушылардың қауіпсіздігі үшін осы күнге дейін жүйелі жұмыс істеп келеді. Дегенмен аудандағы барлық оқиғаның алдын алу мүмкін емес. Мәселен, өткен жылы кәмелет жасқа толмаған балалар арасында екі бірдей қылмыстық жағдай тіркелді. Жыл басынан бері ауданда қос бірдей қылмыс жасалды. Оның бірі Шәкен ауылдық округінде ұрлық жасаса, екіншісі ауыр дене жарақатын салғаны үшін істі болды. Бұдан бөлек ақша бопсалау, әлімжеттік жасауға байланысты арыз-шағым тіркелген емес, – дейді аудандық ювеналдық полиция бөлімшесінің басшысы.
Осы тұста ауданға қарасты білім ошақтарында бұрынғыдай мектеп инспекторлары нақтыланбағандықтан, балалармен үздіксіз қарым-қатынас орнату ісі ақсап тұрғанын баса айту керек. Тәртіп сақшысы оқушылардың іс-әрекетіне, мінез-құлқына қарап, жекелей жұмыс істей бермейді. Оның өзіндік себебі де бар. Білім бөлімінің санағы бойынша биыл 16552 бала мектепе білім алуда. Ал олармен тікелей жұмыс істейтін ювеналдық полиция тобында 7 маман жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, инспекторлар аудан бойынша бөлінген жеті аймақтың балаларына жауапты. Сонда орташа есеппен бір полицей 2300-ден астам баланың тура жолдан таймауын бақылауға, алдын алуға тиіс. Цифр арасындағы алшақтық әлі талай қылмысқа себеп болып жүрмей ме деген сауал көңілді күп қылғанын несіне жасырайық.
Суицид себебі неге айтылмайды?
Соңғы кездері әлеуметтік желі кесірінен пайда болған кибербуллинг, яғни ар-намысқа тиіп, жеке бас мәліметтерді қарсы пайдалана отырып өлімге итермелеу ісі көбейіп келеді. Көбіне білім ұясының әжетханасында орын алатын әлімжеттік бұрыннан өз-өзіне қол жұмсауға себеп болып жүргені жасырын емес. Жыл басынан бері Қазалы ауданында 3 бірдей оқушы өз өмірін қия салғанын құлақ естіді. Алайда баланың не себепті өмірден баз кешкені, өлімге итермелеуге не түрткі болғаны беймәлім күйде қалды. Әйтпесе әке-шешесіне еркелеп, мектептегі достарымен емен-жарқын араласқан баланың аяқ астынан жанын ажалға қия салуы ақылға сыймайды емес пе? Түптеп келгенде мұндай қайғылы оқиға ауруды жасырғаннан, жасөспірімдер ісіне жауаптылардың айлық «есепке» ендірмеуінен орын алып жүргенін қашан мойындаймыз? Білім бөлімінің мамандары арнайы құрылыммен қойын-қолтық жоба жасалғанын айтып сендіреді. Солай бола тұра 7 жағымсыз жағдай орын алғанын жасырмайды.
– 2021 жылдың 10 айында кәмелетке толмаған жеткіншекке қарсы және жасөспірімдердің қатысуымен ұрлық орын алғаны рас. Бұдан бөлек кәмелетке толмаған екі жасөспірімге зорлық-зомбылық көрсетілген. Алайда оның біреуі дәлелденбеген.
Осыған байланысты білім беру ұйымдарында құқықбұзушылық профилактикасының жүргізілу тиімділігін арттыру мақсатында «Полицияның жас көмекшілері», «Жол қозғалысының жас инспекторлары» жасағы құрылып, жұмыс істелуде. Бұдан бөлек балалар мен жасөспірімдерді сыйластыққа тәрбиелейтін және отбасы институтын қадірлеуге үйрететін «Әкелер кеңесі», «Ардагерлер кеңесі», «Ата-аналар кеңесі», Жастар қоғамдық бірлестіктері, Үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен рухани-адамгершілік тәрбие бағытындағы іс-шаралар, құқықтық тәрбиелік мәні бар тақырыпта оқушылармен және олардың ата-аналарымен түрлі шара атқарылуда.
«Қауіпсіз мектеп» акциясы «Ортаның қауіпсіздік шаралары» жоспарын іске асырып келеді. Бопсалау, қатыгездікті анықтау сауалнамаларын жүргізу, бөгде адамдардың білім ошақтары маңында болуын шектеу де назардан тыс қалған емес, – дейді бөлімнің бас маманы Қуанышбек Ерімбетов.
Үзілістегі асығыс
Өзіміз мектептегі үзілісте әжетханаға асығатынбыз. Өйткені өтпелі кезеңде жүрген балаларға әжетханадағы «жиын қызық болатын. Мұндайда мектеп орналасқан «крайдың» кішкентай жігіттері басқа мөлтекауданнан қатынап оқитындарды «қинайтын». Бірде ақша бермеген үшін шапалақ алса, келесіде алыстан қол көтеріп сәлемдесе салғанына жазықты болады. Жалпы оқушылар үшін әлімжеттік жасауға, ақша бопсалауға әрқашан себеп табылады. Мұндай сарындағы қиындықтар кез келген мектептің әжетханасында орын алуда.
Учаскелік полицейлердің қырағылығы көрінетін жер осы. Үзіліс сайын мектеп ішіндегі, ғимараттың қуыс-қолтығындағы басқосуларды назардан тыс жібермеу маңызды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ