Қызылордадағы мектепте 21 бірінші сынып ашылды
Қызылорда қаласындағы №2 «Мұрагер» мектеп-гимназиясында биылғы жаңа оқу жылында 624 бала бірінші сынып табалдырығын аттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл мектеп-гимназия Қызылорда қаласындағы халық ең тығыз орналасқан аумақта орын тепкен. Аталмыш аумақта Астана даңғылы бойындағы және «Саяхат» шағын ауданындағы тұрғындардың балалары білім алады. Сондай-ақ, мектеп-гимназияда облыс орталығында тұратын өзге де дарынды балалар оқиды. «Осының нәтижесінде мектепте биыл бірінші сынып бойынша 21 сынып жасақталып отыр. Былтыр бізде мұндай 18 сынып жиынтығы болған еді. Жалпы, мектепте 3 800-ге жуық оқушы білім алады», - деді мектеп директоры Динара Баймырзаева. 2018-2019 оқу жылында Қызылорда облысында 154 559 оқушы, оның ішінде 18 942-сі бірінші сыныпқа барды. Облыс бойынша оқушылар санының жыл сайын өсу динамикасы байқалады. Былтырғымен салыстырғанда ол 7 мыңға көбейген. «Қызылорда қаласында да бірінші сыныпқа қабылданған балалардың саны артып келеді. Биыл 7 955 өрен мектеп табалдырығын аттады», - деді Қызылорда қалалық білім бөлімінің баспасөз хатшысы Бақыт Бектібайқызы. Үстіміздегі жылы облыстық білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде №2 «Мұрагер» мектеп-гимназиясы аймақтың үздік мектебі ретінде анықталды.Осының нәтижесінде мектепке 17 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
inform.kz