Сырдария сеңі қозғалды
Көңілдерді желпіндіріп, Наурыз мерекесі тойланғалы бері күн шуағы молайып, төңіректен көгілдір көктем лебі сезіле бастады. Күн мен түнді теңестіріп, «Самарқанның көк тасын жібіткен» шақ, қыс бойы сүңгі боп қатқан Сырдария өзенінің сіреу мұзын ерітіп, сең қозғалды.
Ежелгі замандардан бүкіл елдің тіршілік нәріне, құт-берекесіне айналған Сыр арнасы Қазалы ауданының 220 шақырымнан астам жерін кесіп өтеді. Оның екі жағалауындағы қорғаныс бөгеттерінің жалпы ұзындығы 166,9 шақырымды құрайды.
Сала мамандарының айтуынша, «Сақтансаң – сақтар» тәмсілін берік ұстанған аудан жұртшылығы қауырт мезгілге тастүйін әзірленуді естен шығарған емес. Биыл да жылдағы жақсы үрдіс үзілмеді. Өзен бойынан су тасқынын қауіпсіз жүргізуге байланысты аудан әкімінің өкімімен арнаулы штаб құрылды. Кезекшілік кестесі бекітіліп, тиісті жасақтар мен техникалар сапқа қойылды. Әсіресе Сарыкөл, Бірлік, Өркендеу, Арықбалық, Көларық, Майдакөл ауылдық округтерінде қауіпсіздік шаралары айрықша күшейтілді.
Осындай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ұйымшылдықтың нәтижесінде жоғарыдан жеткен сең көшінін жылжыту жұмыстары жұмыла атқарылды. Байқожа стансасы мен Ақсуат ауылы маңында дария деңгейі шіреп, қуатты техникалар күшінің арқасында қауіптің беті сейілді. Басықара ауылындағы Ә.Тыныбаев атындағы су торабы бойындағы мұз кептелісі де біршама қиындықтар келтірді.
Көшкін мұздың екпіні Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығының тұсындағы қорғаныс бөгетінен асуы салдарынан лагерь аумағының біраз бөлігіне су жайылды. Алайда жедел іске кіріскен арнаулы топ пен әртүрлі техникалардың арқасында бөгет нығайтылып, тосын жағдай қалыпқа келтірілді.
Өрекпіген өзен бойындағы тынымсыз тірліктің басында жүрген аудан әкімін аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ғалым Сматулаевпен телефон желісі арқылы байланысқанымызда:
– Биылғы сеңнің ағысы жылдағыдан бөлек. Бұл орайда бізге облыстық жұмылдыру басқармасы көп көмегін тигізуде. Солардың нұсқауына сәйкес, қауіпті нүктелердегі мұзға жарылғыш заттарды пайдалануға мүмкіндік жасалып отыр. Алла қаласа, осы аптаның ішінде Сырдарияның сеңі Қазалы өңірінен Арал ауданына қарай ығысады деп отырмыз, – деді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев пен облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов Қазалы ауданында болып, Сырдария өзеніндегі су тасқыны жағдайымен жан-жақты танысып, тиісті сала басшыларымен жүздесті.
Сахи ҚАПАР