Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Талап – талмас қанат

Талап – талмас қанат

Ақтөбе мемлекеттік педа­гоги­калық институтын математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітіріп келген Жаннаның мұғалім болып жұмыс істегеніне сегіз жылдан асты. Қазіргі таңда ол 266 мектеп-лицейде бірінші санатты математика мұғалімі.
Теория мен тәжірбиенің бірізді болмайтынын түсінген ол жыл сайын біліктілік арттыру курстарына қатысып, білімін шыңдайды. Оқушыны үйрету, сабаққа деген зейінін ашу қиынның қиыны. Себебі бүлдіршіндер қолында шексіз интернет бар. Сол үшінде сабақ барысында әртүрлі әдістерді пайдалана отырып, Евклидтің ізін жалғаушыларды табу Жаннаның басты мақсаты.
Шәкірттің шыңға жетуі ұстаз қуанышы. Сонымен қатар жас маман болғаннан кейін жинақтаған тәжірбиең мен біліктілігіңді бір тексеріп отыруға мұғалімдер арасында ұйымдастырылатын жарыстар керек-ақ. Жанна Ақбаева да сегіз жыл бойына өзіне тапсырылған сенім үдесінен шығып, халықаралық, республикалық байқауларда бәйге алып жүр.
Ол 2014 жылы бүкілресейлік қашықтықтан оқыту интернет олимпиадасынан сертификат иемденді. Бұған дейін де облыстық, аудандық дәрежедегі алған асуы еленіп, 2015 жылы Халықаралық Ұстаздар Одағының мүшесі атанды. 2013 жылдан бастап барлық шарада белсенділік танытып, көзге түскен Жаннаға Қызылорда облысының жастары арасынан таңдаулыларға берілетін «Сыр үміті» сыйлығының иегері атану бұйырды.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру контексінде көрсетілген жаңартылған білім беру мазмұнына сай оқыту процесін ғылыми-педа­гогикалық, оқу-әдістемелік тұр­ғыда жетілдіру және оқу сапасын арттыру мәселесіне орай Алматы қаласында үздік баяндама қорғап шықты.
Оқушыларына білім нәрін сіңіре жүріп, кәсіби шеберлігін шыңдауды Жанна естен шығармайды. Нұр-Сұлтан қала­сына барып «Жылдың үздік ұстазы – 2018» төсбелгісін тағып қайтуы осы сөзімізге дәлел.
Орта Азия мемлекеттерінің ғылыми-педагогикалық қауымдастығы мен Intelligence.kz ақпараттық, ғылыми-прак­тикалық журналының ұйым­дастырумен өткен «Білім беруді дамытудың инновациялық ба­ғыттары» тақырыбындағы рес­публикалық конференция барысында үздік баяндама жасап, диплом иемденді.
Уақыт ағымына ілесе отырып, шәкірттерімен бірге өзін дамытуды тоқтатпаған Жаннаның облыс пен республикадан асып, құрлықтық білім бәйгесінде бой көрсетуі тынымсыз еңбек пен ізденістің жемісі екені анық. Қатардағы әрбір ұстаз кемел келешек үшін жұмыс істеп, өз қатарынан оқ бойы озық тұрса алдында отырған оқушылары да ұстаз жолын үлгі тұтып білімнің ізіне шырақ алып түседі.
Жасын СҮГІРӘЛІ
19 қаңтар 2020 ж. 888 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930