Бақташысыз жайлау – өсімге байлау
Бәрімізге таныс «Менің атым Қожа» фильміндегі Сұлтанның: «Ендігі ойым жылқы бақсам ба деймін... Жалаңаш жүріп батыр болғанша, мал бағып пақыр болғаным артық» дейтіні бар. Бұл иронияға айналған сөздің астарында ақиқат бар еді. Бүгінгі буын малдыны жандыға балайды. «Доп ойнаған тозар, Асық ойнаған азар. Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген тәмсілдің танымын терең түсінген. Алайда Жазылбектей жайлауға кетіп, жетістіктерге ұмтылуға құлықсыз. «Малды тапқанға бақтыр, Отынды шапқанға жақтыр» деп көбі өзі білмеген іске басқаны баулуға бейім. Осы орайда жайлауға барар жан таппай қиналатын мәселе туындайды.
Бүгінгі жайт малшы мерейіне бойламай, ертеңді ойлау мүмкін еместігін көрсетіп отыр. Аталған тақырып турасында ізденбекке бекіндік.
Малшының қадірін қашырған кім?
Біздің балалық шағымызда еңбекшілер мерейі үстем болатын. Солардың қатарындағы жылқышы, егінші, шопандар жайы алғашқы орында тұратын. Еңбекпен терлегендерге биік баға, жоғары марапат берілетін. Олардың ісін Одақ көлемінде насихаттап, идеологиялық құрал ретінде пайдаланғанын көзіміз көрді, көңіліміз сенді. Ақтаяқтың киесін ұғып, бабадан қалған дәстүрді дәуірлету жалғастығы бүгін неге үзіліп қалды. Оған түрлі себептер бар. Алғашқысы, бүгінде адамдар жеңіл табыс табу жолына жаппай ұмтылу болса, негізгісі, мал бағу ісінің қиындығынан туындап отыр.
«Құт – қойдың құлағында» деп даналық өрбітіп, ежелден жабайыны жуасытып, әлемдік өркениетке бұл кәсіптің қыры мен сырын ұғындырып, шексіз кеңістікті игеріп, өркениеттің өрелі өрісін танытқан малшылық молшылық жолы емес пе еді?..
Ірі қаралар іркілмейді
Әдетте сандарды сөйлетуге, олардың өрге қарай өрістеуіне әуеспіз. Ал үй жануарларын күтіп-баптау, санын ұлғайтуға күшіміз жете ме?
Аудан іргесінде орналасқан Ақтан батыр аулының ау-жайына бойладық.
Ауыл әкімдігіндегі ауылшаруашылығына жауапты Тамара Дәрмағамбетова біз айтып отырған жайттың окургтің сыздаған «бас ауруы» екенімен бөлісті.
Батыр атындағы елді мекеннің қылқұрйықты жануарларын үш жылқышы бақса, уақ малдарды кезекпен жаю жолға қойылған. Былтырғы жылдан бастап ауылдағы үш мыңнан астам мүйізді ірі қара іркіліссіз жайылып жүр. Себебі оларды бағуға құлықтылар қатары табылар емес.
– Ауылдағы атымтай азаматтар мен әкімдік өткен жылы сиыр бағушы адамға тұрақты жалақы, шөппен қамту туралы ұсыныс білдірген болатын. Алайда ешкім ықылас танытар емес. Бейберекет жайылған сиырлар егін мен басқа да көркейту-көгалдандыру жұмыстарына айтарлықтай кесірін тигізіп бағуда. Қысқы жайлым жоқта, адамдар малдарын өз қораларында қарайды. Сол кезде бақташыға маусымдық жылу жүйесін қосушы ретінде жұмыс тауып береміз деген ұсынысты жеткізіп, жұмыссыздарға қанша рет айтсақ та, ешқайсысынан келісім ала алмай отырған жайымыз бар, – дейді маман. Бұл тек ақтанбатырлықтардың проблемасы емес, көптеген ауылдарға тән маңызды мәселе. Бірлі-екілі мал иесіне ескерту жасап, айыппұл салу мән-жайды түбегейлі шешуге қауқарсыз.
Жұмыссыздардың біразын сөзге тартқанымызда, болмашы ақыға денсаулығын құртып, бала-шағасынан жырақтаудың қажеті аз деген толық түсінікті таныдық. Заңсыз еңбектің залалы көбін айтып, бір ғана малшыға берілетін жалақымен бір отбасының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайтынына да көңіліміз иланды. Малшымен бірге оның көмекшісі, ас-суын дайындайтын әйелі секілді айналасындағыларға көбіне мардымды ақы төленіп, еңбегі бағаланбайды. Мұндайлардың дені заңсыз, құжатсыз жандар болып келеді. Олармен еңбекті қорғау туралы келісімшарт жасалмайды, көбіне құқықтары мен денсаулықтары қорғалмай жатады. Осы орайда жергілікті билік пен полиция инспекторлары арагідік өз аумағында орналасқан жайылымдық орындарда өмір сүріп жатқан отбасылар мен жекелеген адамдардың хал-жайын білуді міндеттеріне алуын негіздейтін заңның шығатын уақыты жетті. Малдың өсімін өз өсімдеріне балайтын жергілікті атқамінерлер шопан, жылқышы, сиыршылардың жеке басының жайын кәсіпкерге телуден аса алмай келетіні жасырын емес.
Жақсы болса жалақы, жұмыссыздар барады
Жақында әлеуметтік желіде «300 мың теңге айлыққа мал бағатын шопан жоқ» деген хабар тарады. Шығыстағы фермерлердің тығырыққа тірелгені сонша, шетелден бақташы әкелген деректер жария болды. Алайда карантин кесірінен олар Қазақстаннан туған жерлеріне қайтарылған.
Қазір қазақстандықтардың бәріне танылып үлгерген кәсіпкер Бауыржан Оспановтың бұл орайда жүзеге асырған тәжірибесі көпке үлге.
Иен далаға қонақүйге бергісіз баспана салып, малшының мәртебесін көтерген азамат атқарған игілікті көрсең, көзің қуанады. Еуроүлгідегі жатақта жаныңа керектінің бәрі бар. Тіпті бір қатарға берілген кітап толы сөре, кинотеатр, сауна, киім жуу орны, балалар алаңқайы, көлік тұрағы бар жерде малшаруашылығы жаңа белеске көтерілуге жан-жақты жағдай жасалған. Малшының мәртбесін көтеріп отырған азамат 125 үй салуды қолға алып, мал бағуда вахталық әдісті жолға қойған.
Шаруашылықты тығырыққа тіреген жағдайдан құтқарып, жол тапқандар ауданда да бар. Жерлесіміз Мейрамбек Құдабаев «Жақсы болса жалақы, жұмыссыздар барады» деген ұстанымдағы жан. Шилі учаскесінің Тереңқұдық жеріне орналасқан шаруа қожалығының толымды тірлігін халық қалаулысы Бақытбек Смағұл насихаттады.
Осыдан он екі жыл бұрын ісін бастаған «Абубәкір» шаруа қожалығында бақташыларға жан-жақты жағдай жасалған. Малшыға 200 мың белгіленсе, ай сайын ауысып еңбек ететін көмекшілерінің де күйі жеңілдетілген. Жоғары сапалы үй, монша, бау-бақша егетін орын, үй құстарын өсіріп-баптауға арналған алаң, бұлақ, жел генераторлары мен күн сәулесінен қуат алатын электр энергиясы, байланысқа арналған антеннаның орнатылуы жұмысшылардың тұрақтап, шаруашылықтың шарықтауына септігін тигізген. Көтерме сыйақы, азық-түлікпен қамту жолға қойылған. Бізбен әңгімесінде Мейрамбек Наурызханұлы: «Малды күтіп-баптауға табиғи апаттың әсері болмаса, қаржыны лайықты төлесе, бақташы табу қолбайлау емес», – дейді.
Кәсіпкер сөзінен бабалардан жеткен «Малды жақсы баққаның, өзіңе абырой тапқаның, Малды жаман баққаның, келген бақты қаққаның» деген жолдар ойымызға оралды.
Мемлекеттік мәртебе керек
Адам саулығын – мемлекет байлығына балайтын елде сапалы азық-түлік өнімдеріне қолжетімділік алғашқы орында тұруы тиіс. Ол қажеттілік екенін ескерсек, малшыларға ресми мәртебе керектігін ойға аласың. Бір кезде ауылдар тарап, ата кәсіппен айналысушылар азайса, Тәуелсіздіктің соңғы он жылында мемлекеттік бағдарламалар арқылы оларды ынталандыру, дамыту жолға қойылып, бастамалар оң нәтижесін берді. Алайда биыл жерімізде жайылымдардың тозып, Сыр суының азаюы салдарынан қуаңшылық туындады. «Жайылымы болмаса мал азаяды» дегендей, мал азығының тапшылығынан, қынадай қырылғанынан аман қалған жылқысын тоқтының ақысына құндаған мал иелерінің шарасыз тіршілігіне ерекше мән беріп, төтенше жағдай реттелмесе, мал бағу ісі қиындап, азық-түлік тапшылығы туындары анық. Бұл бағытта қолға алынған мониторинг ұйымдастыру, еркітілердің шабындыққа тартылуы, ұңғымалар бұрғылау, каналдардың қазылуы біршама қиындықтарға тосқауыл болғанымен, жағдайды түбегейлі шеше алмайды. Сарапшы маман Ғали Жетпісбайұлының пікірінше, мәселе осылай жалғаса берсе, күндердің күнінде қазақтың иен даласы иесіз қалуы мүмкін.
Малшыға мәртебе беру, оның ісін мемлекеттік дәрежеде қарау өсімге үлес қосып, болашақтағы тапшылықтың туындамауына жол ашады. Оны кештету салдары ештетуге соқтырмаса жарады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА